Конституция жаңадан шаңырақ көтерген Тәуелсіз Қазақстан Республикасының жарқын болашағын анықтап берді. Ата заң аясында елдіктің ең алғашқы қазығы қағылып, қабырғасы қаланды. Шаңырағымыз биіктеп, босағамыз бекіді. Бүгінде заңы кемелденген, саясаты орнықты, қоғамы тұрақты, сыртқы және ішкі геосаяси ахуалы қалыптасқан іргелі елге айналдық.
Конституция күні – Қазақстан халқы үшін мерейлі мереке ретінде аталып өтіп келеді. 30 тамызда ғана емес, Конституцияның құдіретін, қажеттілігін Қазақстан жұртшылығы жан-тәнімен түсінеді деп ойлаймын. Ата Заңның елімізде азаматтық қоғамның орнығуы мен құқық үстемдігінің бекуіне барынша ықпал етіп, тиімді билік жүйесінің қалыптасуы мен ұлттық заңнаманың дамуын және басқа да қоғамдық институттардың сындарлы жұмыс атқаруын қамтамасыз ететін нормативтік негізі мықты, өміршең де маңызды құжат екендігі бүгінгі таңда мойындалған ақиқат. Әрбір мемлекет үшін құқықтық жүйенің жай-күйі – сол елдің жалпы жағдайы мен дамуының ең маңызды мәселелерінің бірі. Ал құқықтық жүйенің табан тірейтін негізі Конституция екені белгілі. Себебі бұл құжат – қоғам мен мемлекеттің Негізгі Заңы. Конституцияда мемлекеттік құрылыс нысаны, тіршілік етуші қоғамның саяси нысаны, мемлекеттік органдардың жүйесі, оларды құру тәртібі мен жұмыс істеу тәсілі, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары бекітілген. Тәуелсіз еліміздің мемлекеттік құрылысының құқықтық негізін қалап берген құжат егеменді Қазақстанның қалыптасуының, қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудың, барлық қоғамдық процесті реттеудің күрделі кезеңінде құқықтық және саяси акт ретінде өз міндетін толық атқарды. Оны елең-алаң жылдары, әсіресе, ел басқару ісінде болған азаматтар жақсы біледі.
Конституция – кез келген елдің тірегі. Заңы мықты ел мәңгілік ел саналады. Заңға сеніп, заңға арқа сүйеген ел ғана жаңа ғасырдың төрінен орын алып, жарқын болашаққа еркін жол тартады. Баршаларыңызды осынау мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Ата Заңымыздың алдында әрбір азаматтың бірдей екенін естен шығармайық! Конституциямыз кез келген Қазақстан азаматының арқа тірегі, сүйеніші.
Сән Жұмағазина,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің басшысы.