«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰТАР АУА ЖҰПАР БОЛСА…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірде заңсыз қоқыс алаңдары көбейіп барады

Өңірлік коммуникациялар қыз­метінде облыстың экологиялық мә­се­лелеріне арналған брифинг өтті. Облыстық экология департаментінің басшысы Азамат Бектасов өткен 8 айды қорытындылап, атқарылған жұмысты, алға қойылған міндет­терді саралады.

Өңірде шешімін таппай келе жат­қан өзекті мәселелердің бірі – рұқ­сатсыз пайда болған қоқыс алаңда­ры. Биыл қоқыс төгетін 242 орын анықталса, соның 172-сінің рұқсат құжаттары жоқ. Тағы 70 полигонның шекарасы бұзылып, қоқыс төгіліп жатыр.

“Бүгінгі таңда рұқсатсыз пайда болған 186 полигон жойылды. Ал шек­ара сызығынан асып кеткен 70 полигонның 59-ы ретке келтірілді. Қоқыс үйінділерін анықтауда “Қазақстан Ғарыш Сапары” Ұлттық ком­паниясы” акционерлік қоғамы түсірі­лімдерінің көмегі зор. Сонымен қа­тар мобильді жұмыс тобының мүше­лері Петропавлдан 33 қоқыс алаңын анықтады. Облыстың аудандарында да жағдай мәз емес, Қызылжар ауданы бойынша – 13, Жамбыл, Есіл аудандарында – 1, Мамлют ауданы бойынша 12 заңсыз қоқыс по­лигоны табылды”, – деді Азамат Бек­тасов.

Бүгінгі таңда мобильді жұмыс тобы анықтаған 61 үйіндінің 26-сы жойылған. Жалпы өңірде қазір қатты тұрмыстық қалдықтарды төгетін 453 полигон бар. Оның 103-інде жер актісі жоқ, тек 11 полигонның ғана бар­лық тиісті рұқсат құжаттары бар.

“Облыстың экологиялық жағ­дайын жақсарту мақсатында жол кар­тасы әзірленіп бекітілді, оған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі 17 іс-шара кіреді. Биыл осы құжат ая­сында “Севказэнерго” акционерлік қоғамы қазандық агрегаттарының қыздыру беттерін қалпына келтіріп, күл ұстағыш қондырғылардың, ауа өткізгіштердің, газ өткізгіштердің тозған бөлшектерін жөндеді. Бұдан басқа мемлекеттік орман қоры аумағына ағаштар отырғызылды. Жос­пар бойынша облыстың 9 ауданында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу көзделген. Шал ақын ауданының орталығы – Сергеев­ка қаласында кәріз желілері мен тазарту құрылыстары басталады”, – деді Азамат Бектасов.

Петропавлдағы тағы бір эколо­гия­лық мәселе – “Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі­нің иелігіндегі “Биотоған” сарқынды су жинағышы. Биологиялық тазарту жүйесінің болмауынан күкіртті сутек ауаға тарап, жаман иіс көктемде қала тұрғындарының мазасын ала­ды. Толық механикалық және биоло­гиялық тазарту кестесін іске қосқан­нан кейін қала аумағына күкіртсутек иісінің таралуы азаяды. Мәселе то­лық 2027 жылы ғана шешілмек.

“Атмосфералық ауаның күкіртті сутегімен ластануын азайту мақса­тында Жол картасына қосымша іс-шаралар енгізілді, бұл 2024 жылға дейін орындалады. Судың ласта­нуын азайту мақсатында биотоғанға табиғи сіңіргіштік қасиеті бар жасыл микробалдыр – хлорелла жіберілді. 2021 жылдың тамызында “Су ғылы­ми-технологиялық орталығы” жа­уап­кершілігі шектеулі серіктестігі хло­релла көмегімен сарқынды су­лардың жинақтағышын биологиялық оңалтуды жүргізе бастады. Жо­баның жалпы құны – 124606720 тең­ге. Бұл іс-шара қолданғаннан кейін оң нәтиже көрсетті. Мәселен, егер 2021 жылы Петропавл қаласында кү­кіртсутекпен атмосфералық ауаның жоғары ластануының 7 жағдайы тір­келсе, биыл мүлде тіркелмеген”, – дейді депар­тамент басшысы.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp