БАҚЫТТЫ БАЛА  – БАЙЛЫҒЫМЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазіргі таңда қоғамда  жақынның да, жаттың да балаларға зорлық-зомбылық көрсетуі жиіледі. Бала жарық дүниеге шыр етіп келгеннен бастап қамқорлыққа мұқтаж. Сондықтан қоғам баланы мейірімге, қамқорлыққа бөлеп,   қауіпсіз, жайлы ортада тәрбиелеп, өсіруі тиіс. Өкінішке қарай, соңғы уақытта балалардың  үйде де, түзде де  қысымға ұшырайтыны  жайлы ақпараттар көбейді.  Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Балалар қорының (ары қарай – ЮНИСЕФ) деректері бойынша елімізде 50 пайызға жуық ересектер балаларға күш көрсету тәрбиенің бір түрі деп санайды екен.

ЮНИСЕФ пен Қазақстан арасындағы біріккен зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес, елімізде 14 жасқа дейінгі балалардың әрбір екіншісі отбасыда не болмаса балабақшада зәбір көріп, мектеп оқушыларының үштен екісі қатарластарынан немесе мектеп мұғалімдерінен кемсітуге яки зорлық-зомбылыққа ұшырайтыны анықталған. Негізінен зорлық-зомбылықтың ең көп көрсеткіші балалар үйі мен арнайы интернат мекемелерінде кездесетіні байқалған.

Қазіргі таңда буллинг белең алды. Өскелең ұрпақ арасында қорлау, жаман сөздер айту, келемеждеу, шеттету сияқты  теріс қылықтар – ата-ананы ғана емес, қоғамды толғандырып отырған өзекті мәселе. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді тапсырған болатын.  «Біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз» деп, жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек екенін баса айтты. Сонымен қатар   «Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін», – деп нақты тапсырма берді.   Өскелең ұрпақтың психикалық саулығына тоқталып, білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет екенін  де атап өтті.

Балалар қауіпсіздігі аса маңызды болғанымен мемлекеттік органдар бұл  саладағы жұмыстар тиісті деңгейде  жүргізілмей отырғанын алға тартып отыр. Мәселен, өңірде былтырғы жылмен салыстырғанда кәмелетке толмағандарға қатысты азғындық әрекеттері екі есеге көбейіп, ал физикалық зорлық-зомбылық сипатындағы қылмыстар жеті фактіге  артқан. 

Облыстық про­куратура мемлекеттік органдардың кәмелетке толмағандар арасындағы құ­қықбұзушылықтардың алдын алуға ба­ғытталған жұмысының тиімділігіне са­раптама жасады. Оның  нәтижесі көңіл көншітпейді. Тексеріс барысында мемлекеттік органдардың бұл бағыттағы жұмысы жүйесіз екені,  жауапты тұлғалар балалар мен жасөспі­рімдердің өміріне бейжай қарағаны  анықталып,  21 лауазымды тұлға тәртіп­тік­ жауапкершілікке тартылып, про­ку­рорлық қадағалаудың 5 актісі енгізілген. 

Ал үстіміздегі жылы облыс орталығындағы №4 орта мектепте орын алған оқиға елді елең еткізгені белгілі.  Сыныптастарына балта ала жүгірген оқушының деструктивті іс-әрекетіне мұғалімдер көз жұма қарап, сынып жетекшісі ешқан­дай шара қолданбаған, дәрігерлерге уақытында хабарламаған. Ол баланың 2021 жылы суицид жаса­ғысы келгені  туралы деректе те назарға алынбаған. Оның үш ай бойы сабаққа келмегеніне де ешкім көңіл аудармаған. Ал бұл бала өзіне-өзі қол жұмсауға оқталғаны үшін үш ай бойы психоло­гиялық диспансерде ем алған екен. Алайда мектеп әкімшілігі оның өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің себеп-салдарын, ешбір мән-жайын анықтамаған, психо­лог оқушының психикалық және эмо­ционалдық жағдайын бақыламаған. Басқа оқушылар тарапынан оның бу­л­лингке ұшырағаны да назардан тыс қал­ған. Осындай салғырттықтың салдарынан жаға ұстатар жағдай орын алды.

Иә, балаларды физикалық және психологиялық жәбірлеудің зияны зор. Қорқу, ұят және тәуелділік салдарынан да, балаларға қарсы жасалған көптеген қылмыстар анықталмайды,   тіркелмейді.

Балалардың қауіпсіздігі білім мекемелерінің техникалық жарақ­тандырылуына да байланысты. Бүгінгі таңда облыс орталығындағы  37 мектеп мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етілме­ген. Бұл мектептерде 28 мыңға жуық кәмелет жасына тол­маған бала білім алып жүр. 

Былтырғы жылы 173 қолайсыз отбасының 168-і есепке алынған. Облыстық прокуратураның мәліметінше, «Әкім­шілік құ­қықбұзушылықтар туралы» ко­декстің 12-бабы бойынша, яғни кәме­летке тол­маған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі мін­деттерді орында­мағаны үшін жыл басынан бері осы бап бойынша 265 адам жазаланған.

Елімізде балалар мәселелері бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы ретте 2020-2023 жылдарға арналған жол картасы бекітілген. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Ішкі істер министрлігі балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған «Бала қорғау» кешенді жоспардың жобасын әзірледі. Еліміздегі білім және денсаулық сақтау саласына қатысты жаңа бағдарламалар да зорлық құрбаны болған балаларға қолдау және оңалту мәселелерін қамтиды. Аталған заңнамалық құжат­тарда кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің жан-жақты сақталуын қамтамасыз ету, оларды кемсітушілікке жол бермеу барлық құзырлы  органдардың  басым бағыты ретінде көрсетілген.

Кез-келген зорлық-зомбылықтан сақтануға болады. Ата-аналарға күш қолданбай тәрбиелеу жолдарын  айтып, жәбір көрсетуге болмайтынын, заңмен тыйым салынғанын  түсіндіру қажет. Сонымен қатар  бала зорлық-зомбылыққа қарсы тұра білуі үшін оған күнделікті қолданылатын әлеуметтік дағдыларды үйрету арқылы қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз.

Балалардың өмір сапасын жақсарту – жарқын болашақтың кепілі. Өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі  қашан да өзекті, басты назарда бола бермек. Сондықтан да аналар, әкелер кеңесі сияқты қо­ғам­дық институттардың өкілдерінен үй­лестіру кеңесін құру – «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» әрекет етуге қолайлы болар еді.

Сәуле СҰРАҒАНОВА,

облыстық бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp