ЕҢБЕКПЕН ЕЛІН СҮЙСІНТКЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жылжып өткен жылдар тізбегінде артына еңбекпен із қалдырған аналарымыз  аз емес. Бүгінгі уақыт ағысында қазіргі қазақ қыздарына үлгі қылар  өткен толқынның арасынан еңбек иесін насихаттау кемшін түсіп жатқан жайы бар. Қазіргі  кезде көйлек көмкеріп, кесте тікпек  түгілі ине  ұстайтын аруларымыз көп деп айта алмаймыз. Бұрындары қыздарымыз оттың басы, ошақ қасының қамы ғана емес ұлт тағдырының болашағын ойлаумен, рухты ұл, қылықты қыз тәрбиеледі. Ел шетіне жау тисе  атқа мініп  дұшпанның бетін қайтарған, күрмеуі шешілмеген дауда төрелігін айта алған, бүкіл әулетті ақылымен басқарған. Өмірден өтіп кеткенімен еңбегі ел есінде қалған қазақ қыздарын бүгінгі буынға үлгі етіп, насихаттауымыз артық болмас. Ерен еңбек иелерін үлгі етсек, қазақ қыздарының қайсарлығына, еңбекқорлығы мен шыдамдылығына  қарап  бүгінгі қызғалдақтарымыз бой түзеп өсері белгілі.

Сонау келмеске кеткен кеңес заманында қарапайым еңбек адамдарына деген құрмет пен ілтипаттың ерекше болғандығын ұмытпауымыз керек.  Малшылар мен сауыншылар, тігіншілер мен дихандар арасынан суырылып шығып басқаларға үлгі боларлық ерен еңбегімен елді сүйсінткен аруларымыз тарих толқынында атаусыз қалмаса дейсің.  Сондай еңбекқор жандардың бірі Социалистік Еңбек Ері, КПСС XXV съезінің делегаты, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланған Сәруар Мұхамедияқызы Байсарина еді.  Ол кездері қарапайым шаруаның  жетістігі мен жеңісі адал еңбекпен әділетті бағасын басшылықтан алып отырған.  Әрекетсіз  жатып ішерлерге орын жоқ кезде еңбекпен  басшылықтың назарында болып, марапатталу екінің бірінің қолынан келе бермеген. 1936 жылы дүние есігін ашқан Сәруар Байсаринаның өмірі, еңбек жолы сол уақыттағы абыройлы ұжым Петропавл қаласындағы “Комсомолка” тігін фабрикасымен тығыз байланысты болды.  Немере ағасының: “Қыз балаға тігінші болған жарасады. Бармағың майысқан шебер болсаң тамаша емес пе? Сонда бүкіл туысқандарыңа, жақындарыңа жылы киім тігіп, олардың ақ баталарын аласың”, – деген бір ауыз сөзі қанаттандырып, осы мамандықты таңдауына себепкер болыпты.

Сәруар Байсаринаның әкесі Мұхамедия, анасы Бәтима – қарапайым еңбек адамдары.  Оның  кішкентайынан зерек, еті тірі, көзі өткір,  сөзі ширақ, пысық қыз болғанын ағайын-туыстары, дос-құрбылары үнемі мақтанышпен айтып отырған.
Балалық шағын жат жұртта өткізіпті. Тағдырдың ауыр тауқыметі оны айналып өткен жоқ. Кәмелетке толмай жатып аяулы анасынан айырылды. Байсариндер отбасы  1954 жылы Солтүстік Қазақстан облысындағы Белое ауылына  көшіп келді. Сәруар Мұхамедияқызы аяулы анасынан ерте айырылып, қанаты қайырылған шақта «қайғының қара бұлтын сейілту үшін тынымсыз еңбек ету керек» – деп ұғынған болса керек, тігін фабрикасына жұмысқа орналасуға бел байлайды. Жастық жалыны алаулаған бойжеткен Петропавыл қаласындағы  “Комсомолка” тігін фабрикасына тігінші болып орналасады. Көзін көрген замандастарының айтуынша, “Сәруар Мұхамедияқызы еңбек адамы ғана емес, ақыл-парасатымен, көркем мінез-құлқымен көпшілікке үлгі бола білген жаны жайсаң, жүрегі кең, көңілі ақ, адамды абыройға бөлейтін мәртебелі еңбекті мақтан еткен қазақ әйелі”. Еңбекқор да шыдамды, алғыр да ізденімпаз,белсенді де жігерлі, намысты да өжет қыз кез келген тапсырманы тап-тұйнақтай орындаған. Алғашқы еңбек жолын әртүрлі жіптерді өңдеу, тазалау цехынан бастаса, кейін маталардан түрлі көйлектер пішетін, түйме қадайтын күрделі өндіріс орнына ауыстырылды. Қызмет барысында адамдармен жақын тіл табыса білетін және қажет кезінде шұғыл шешім қабылдай алатын мінезінің арқасында ұжымға тез сіңісіп кекен. Басқалар бірнеше жыл меңгеретін мамандықтың қыр-сырын үш айдың ішінде үйреніп шығып, суреті Құрмет тақтасына ілінеді. Мұндай жайттың фабрика тарихында бұрын-соңды болмағанын басшылық та мойындап, қою қара шашты, қоңыр көзді, талдырмаш, орта бойлы қазақ қызының еңбекқорлығына тәнті болып, еріксіз бас иеді. 1963 жылы КОПК қатарына қабылданып, “Коммунистік еңбек үздігі”, 1964 жылы ең жоғарғы разрядтағы  шебер атағын алады.  1966 жылы “Еңбек Қызыл Ту” орденін, 1970 жылы “Ерен еңбегі үшін” медалін кеудесіне қадады. 1974 жылы КСРО жоғарғы кеңесі президиумының жарлығымен 38 жастағы Сәруар Мұхамедияқызына Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Ленин орденімен қоса “Орақ пен балға” алтын медалі қоса тапсырылды. Ол мұндай ең жоғары марапатты бесжылдық жоспарды 2 жыл 10 айда орындап шыққаны үшін иеленді. 1976 жылы КОКП-ның ХХV съезіне делегат болып сайланды. Осы жылы республикалық жеңіл өнеркәсіп өндіріс озаттарының социалистік жарысында еңбектегі қол жеткізген аса үздік табыстары үшін мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. 1982 жылы осы кәсіпорында өндірістік оқудың нұсқаушысы болады. Отағасы Таласпай Омарұлы екеуі ұл мен қыз тәрбиелеп өсірді. Алайда, ұзақ өмір сүре алмады, 1986 жылы дүниеден өтті. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында адал еңбегімен елін сүйсінткен Сәруар апайымыз арамызда болмаса да, оның ұрпаққа қалдырған адамдық үлгісі:  ізгілігі мен парасаты, іскерлігі мен қайсарлығы, шыдамдылығы  мен еңбекқорлығы, табандылығы мен төзімділігі қазіргі буын өкілдеріне үлгі.

Сәруар Байсаринаның ғұмыр жолы туралы жазылған мақалалар аз емес.  Журналист Асан Байғожаұлы «Еңбекте ерен еді» мақаласында: «Мұндай биік шыңға жету жүзден озған жүйріктерге ғана бұйырады Алайда, жұлдызы жанған асыл жанның есімі туған жерінде көп аталмай, елеусіз қалғаны қабырғаға қатты батады. Адал еңбек пен төккен тердің төлеуі далаға кеткені ме деген өкініш жерлестерінің де еңсесін түсірері анық. Еңбектің қаhарманы, қара нары атанған асыл тұлғаны қалай ардақтасақ та, еш артықтық етпейді. Бұл ғибратты өнегені орталық көшелердің біріне есімін беруден бастасақ деген ұсыныс айтқым келеді», – деп азаматтық пікірін білдірген болатын.

Бүгінде Сәруар Байсаринаның өнегелі өмірін өзі тәрбиелеп өсірген қызы мен ұлы жалғастыруда. Екеуінің қызметте де, отбасында да орыны бөлек. Әйтсе де, анаға деген сағыныш уақыт өткен сайын еселенуде.. Әсіресе, олардың жанына бататыны аналарының өмірден ерте озуы. Сырқат меңдеп, төсек тартып жатқан анасының төзімді, сабырлы, қайратты болмысы  ұлы Еркін мен қызы Алманың әлі күнге көз алдында. Ол кезде бар болғаны мектепте  оқитын Алма ана мейрімінің шексіз, қамқорлығының ыстық, махаббатының өте тұнық әрі қайталанбайтынын бойжетіп, есейіп, ес жиғанда жандүниесімен сезініп, түсінген. «Мен спортқа құмар болдым. Анам үнемі саламатты өмір салтын насихаттауымызды, жаман әдеттерден аулақ, шыншыл болуымызды айтып отыратын. Көмекке мұқтаж адамның көңіліне кірбің түсірмеуімізді қадағалайтын. Оның қонақжайлылығы бір төбе. Тіпті, үйге келген кісілердің аты-жөндерін сұраспай, ас-суын беріп алғаннан кейін танысатын еді», – дейді Алма.  

Еркін мен Алма аналарының суреттерін, қолжазбалары мен тұрмыстық бұйымдарын аманатындай сақтап келеді. Әлдекімнің рұқсатынсыз қарауына жол бермейді. Әрбір естелікті қымбат құндылықтай қастерлейді. Өйткені, әр сурет, әр қолжазба еңбекпен өрілген өмірдің қандай болғаны жайлы сыр шертіп тұрғандай.

 Өмірден озғанына отыз жылдан асқан нағыз еңбек адамы туралы жайдан-жай сөз қозғап отырған жоқпыз. Мақаланы жазу барысында Сәруар Байсаринаның тірісінде көзінің ағы мен қарасындай болған ұлы Еркін, қызы Алманың Петропавлдың бір көшесіне өңірімізге еңбегі сіңген Сәруар Байсаринаның есімі берілсе екен деген тілектерінің бар екенін де білдік. Бұл енді тікелей жауапты мекемелердің құзырындағы шаруа. Қолдан жасалған жасанды тұлғалардың емес, ел ішінен шық­қан, көпшіліктің көз алдында жетіліп өскен шынайы тұлға­лар­дың есімі өшпесе, кейінгі буын сондай адамдардың болға­нын біліп ержетсе екен деген жақсы ниетімізді жеткізу – біздің міндетіміз.

Аманжол ЗАҒЫПАР,

«Солтүстік Қазақстан».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp