ШАЛ АҚЫННЫҢ НАҚЫЛ СӨЗДЕРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 Биыл халқымыздың төкпе ақыны, ұлтымыздың мақтанышы, Абылай ханның замандасы Тілеуке Құлекеұлының (Шал ақын) туғанына –  275 жыл. Өз заманының заңғар тұлғасы 1748 жылы  Азат темір жол бекетінде дүние есігін ашқан. Шал ақынның әкесi Құлеке  Тәңiрбердiұлы – қазақ-қалмақ соғысының атақты батырларының бiрi. Ол Абылай ханның ең жақын досы,  беделдi елшiсi  атанған. Анасы – үйсін тайпасынан шыққан атақты Төле бидiң қызы Сандық. Құлеке мен оның ағасы Тiлекенiң соғыстағы ерлiгi жайлы әңгiмелер ел iшiнде күнi бүгiнге дейiн айтылады. Құлеке жайында Алматы мұрағатында нақты деректер  сақталған.

Ауызша жеткен әңгiме бойынша Шал ақын қоян жылы, 71 жасында дүниеден өткен. Ақын өмiрiн зерттеушiлер  оны 1819 жылы қайтыс болды дейдi. Қариялардың айтуы бойынша,   Шал ақын  өзінің атымен аталатын аудандағы Аютас деген төбенiң жанында, Есiлдiң оң жағындағы үлкен бейiт iшiне жерленген, бiрақ қабiрiнің нақты қайда орналасқаны белгiсiз. Құлеке баласы Тiлеукенiң Шал ақын деп аталуы туралы ел iшiнде бiрнеше  нұсқалы әңгіме  бар. Ол бала кезінде тапқыр, зерек, ойға жүйрік, алғыр болған. Шал өлең шығарумен балауса жас кезiнен бастап айналысқан. Жасынан сөзге үйiр, шешен сөйлейтiн тiлге дiлмәр, ойлы болып көзге түседi. Оның кiшкентайынан үлкендерше сөйлеуiне, төрде отырып төрелiк айтқанына қарап жұрт Шал атап кетедi.

Ардақты тұлғаның оқыған адамды жақсылыққа, адамгершілікке баулитын насихат өлеңдері аз емес. Қанатты тәмсілге айналып кеткен даналық сөздері бір төбе. «Жастық өтер, кәрілік жетер», – деп айтқан ақын бабамыздың  фәлсапалы  сөздері  бір-бірімен сабақтасып тұрғандай.

Қырықта — қынаптағы қылыштаймын,

Елуде – әр қиынға жұмыстаймын,

Алпысымда — ашқарақ бөрідеймін,

Жетпісте — шала илеген терідеймін,

 Жетпістен асып, сексенге келгенімде — кері кеткен перідеймін,

Тоқсанға келгенімде — торғайдаймын:

атқа мініп, малымды зорға айдаймын,

 кемпір мен шалдан билік кеткеннен соң,

отырып от басында ойбайлаймын.

 Тоқсан бесте – мен өзім тор болғанмын,

 мүләйім отқа салған бор болғанмын,

кәрілік әбден езіп болғаннан соң баланың баласына қор болғанмын, – дейді бір туындысында. Адамның ғұмырын көз алдыңа әкелетін өлеңнен көп ой түюге болады. Қырық жасында қамал алуға ұмтылатын жігіт сексен, тоқсанында қарттықтың дегеніне көніп, сәби сияқты мейірім мен жылы сөзге мұқтаж болатыны шындық емес пе? Шал ақынның сөзі  – өмір мағынасы, өткен күннің тәжірибесі.

     Ақынның «Көңілі өсіп мейманасы асқан адам кәрілікті мойыңдамайды!» деген пікіріне үңілсек, бабамыздың  бұл дүниенің қайғысыз болатынын айтып тұрмағандығын  аңғарамыз. Адамның өмірін ұзартатын да, қысқартатын да – өзінің айналасы. Қуанышыңызды бөлісетін жақындарыңыз қайғыңызға ортақтаса алса, мұның өзі көңіліңізге медет.

     «Әйел алсаң қарап ал ақылдысын,

    Сол болар басқалардан жақын кісің.

    Ағайынға, туысқа қайырылса,

    Дүниеде нағыз сол ғой мақұл кісің.

    Ерге – аю, балаға – қасқыр болса,

    Ондай қатын алғанның күні құрсын», – деп  өрілген  өлең жолдарын оқып отырып осы тақырыпты қаузаған Ақан серінің  «Жақсы қатын», «Жаман қатын»  деп аталатын туындылары еске түседі. Ерді еліне дос та, қас та қылатын  – әйел. Әйелі жақсы азаматтың көшеде көріскенде сәлемі түзу танысының өзі туысындай болса, әйелі жаман азаматтың Құдайы көршісі түгіл, бір әке-шешеден туған бауырлары да жат болып кетеді. Жаман әйел ерінің басын босағадан шығармай, айналасына қор қылып, замандастарына табалатып қояды.

      Дүлдүлдің:

«Ағайын жат болады алыс болса,

      Жат та жақын болады — таныс болса.

      Дұшпан түгіл достарың табалайды,

      Аяғың бір нәрседен шалыс болса»  немесе:

«Қамқа тонның тозғанын көп жасаған қарт білер,

ағайынның озғанын жақын емес, жат білер»,

       «Білімің болса дағы ұшан-теңіз,

       Пайдасы жоқ халқыңа қызмет етпей» деген жыр жолдарын оқып отырып даналықтың тереңіне сүңги түсесің. Кез келген білімнің, кәсіптің астарында «еліме пайдам тисе екен» деген мақсат болмаса оның бәрі бекершілік, құр ақша табу, уақыт өткізу болмақ. Оны Абай атамыз да өз қара сөзінде дәттеген.  «Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, жұрт қатарына қосылудың қамына жейік деп ниеттеніп үйрену керек». Қай салада еңбек етсек те, білгенімізді, үйренгенімізді ұлт игілігіне жарата алсақ, адамгершілік парызымыздың орындалғаны», – дейді данышпан жиырма бесінше қара сөзінде.  

      Шал ақынның «Адамды жөн білетін дана деп біл,

      Істерін жалқау жанның шала деп біл», деген өлең жолдары қазіргі күні де өзектілігін жоймай келеді. Бір өкініштісі қоғамда білімді, парасатты, айтар ойы бар адамдар шетке ығыстырылып, «аузы қисық болса да бай баласы сөйлесін» дегендей, таныс-тамырдың арқасында жүргендердің  асығы алшысынан түсіп жатқан жайттар аз кездеспейді. Біз дана адамға дана екендігін айтуға жасқанамыз, шала іс қылып жүргендердің шалалығын айтуға жүрексінеміз. Бұл дұрыс емес. Мін, сын айтылғанда ғана қоғам алға басады.  

    «Өткен іске өкінген өмір зая». Өткенімізге өкінішпен қарап, өзімізді өзіміз іштен жеп, келешекке ұмтылмаймыз. Сөйтіп, өміріміз босқа өтіп жатқандай-ақ. «Өткен қайтып келмейді, алғанын құдай бермейді». Сіздің өкініп отырғаныңызға қарап, алға жылжыған уақыт кері бұрылмайды. Және де, «Құлым ата-анасының қадірін білмеген екен! Өксігін бассын! Кемшіліктерін түзесін!» деп дүниеден өткен не әкеңізді, не анаңызды қасыңызға қайтарып жібере алмайды. Сондықтан жоққа сабыр, барға шүкір қылуды үйренейік.  Қолда бар алтынымыздың қадіріне жетейік

     Түсінгенім, Шал ақынның нақыл сөздері  – өмір сүрудің әдістемелік құралы. Не іздесеңіз де, алдыңызда тұр. Тек қана оқыңыз, көңілге тоқыңыз!

Самал БАҚТЫБАЕВА,

СҚО олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp