ЖҮРГЕНОВ САЛҒАН САРА ЖОЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжарда драма театрлардың республикалық фестивалі өтеді

Үстіміздегі  жылдың 9-15 қазан аралығында облыс орталығында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығын мерекелеу аясында Қазақстан драма театрларының ХХІХ республикалық фестивалі өтеді.  Ауқымды рухани шараның өз деңгейінде ұйымдастырылуына   Мәдениет және ақпарат министрлігі мен облыстық әкімдік ұйытқы болмақ. Бұл жайында Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдіриисов  біздің өңірімізде  театрлар фестивалі соңғы рет осыдан 21 жыл бұрын өткізілгенін айтты.  

    – Жоспарланып отырған фестивальдің басты мақсаты Темірбек Жүргеновтің шығармашылық мұрасын насихаттау және оның есімін ел есінде мәңгі қалдыру.  Ардақты тұлғаның тарихта алар орны ерекше. Ол бар ғұмырын оқу-ағарту, мәдениет және әдебиет саласының өркендеуіне арнады. Мәдени шара аясында алаштың ардақты тұлғасының ғұмырдариясы жан-жақты сараланады, сахнада жүрген талантты әртістердің еңбектері еленеді, – деді Досбол Нұржанұлы.

Іс-шара аясында облысымызға есімдері елімізге белгілі  Асанәлі Әшімов, Досхан Жолжақсынов, Лидия Кәденова сынды өнер майталмандары келеді деп жоспарланып отыр. Бір аптаға созылатын фестивальда республикамыздың 10-нан астам үздік театры, 250-ге жуық актер өнер көрсетпек.

Баспасөз мәслихатында спикерлер айтулы тұлғаның өмір жолына жан-жақты тоқталды.  Темірбек Жүргенов 1898 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданының қазіргі Т.Жүргенов ауылында (бұрынғы Жаңаталап) дүниеге келген. Атақты Тұрмағамбет  Ізтілеуов ұстаздық еткен ауыл мектебінде сауат ашып, кейін Аламесектегі орыс-қазақ мектебінде, Перовскідегі (қазіргі Қызылорда) Суханский атындағы училищеде бастауыш білім алған. Ал 1917 жылы Уфа жер шаруашылығы училищесіне оқуға түседі. 1918 жылы «Қазақ мұңы» газеті редакциялық алқасының құрамына енеді.1923 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің құқық факультетіне оқуға жіберіледі. САГУ-де студент болып жүріп, қоғамдық өмірге белсене араласып, студент жастардың әлеуметтік қозғалыстарына қатысады. Ол Қазақ АССР-інің Түркістан Республикасындағы толық өкілетті өкілі, ал 1926 жылы Ташкенттің Қазақ педагогикалық институтының директоры болып тағайындалады. Институтқа академик В.Бартольд, профессор С.Малов секілді атақты ғалымдарды Мәскеуден арнайы  шақыртып, институт жұмысын жандандыруға күш салады. Темірбек Жүргенов – ұлттық мәдениет пен өнер саласы мамандарын даярлауға көп көңіл бөліп, қазақ жастарының КСРО-ның орталық қалаларындағы оқу орындарында білім алуына көмек көрсетіп отырды. Мұхтар Әуезов, Жұмат Шанин, Әбілхан Қастеев сынды өнер майталмандарының шығармашылық жұмыспен айналысуына жағдай жасады. Алаштың ардақтысы Қазақстанда алғашқы музыка театрын (қазіргі Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театры) ұйымдастыруға үлкен үлес қосты. Қазақ әндері туралы А.В.Затаевичке көптеген мәліметтер берді.

Фестиваль барысында қазақ халқына бүкіл бітім-болмысымен адал қызмет еткен тұлғаны дәріптеу ісіне ерекше маңыз беріледі. Темірбек Жүргеновтің өмірінен  сыр шертетін қойылымдар сахналанады деп күтілуде.

     – Бұл өнер додасына жергілікті театрлар қатыстырылмайды. Біз осылай деп шештік. Неге десеңіздер, шыны керек, елімізде фестиваль қай облыста өтеді сол өңірдің театрына бір жүлде беру дәстүрге айналған. Осы стеоратипті бұзғымыз келеді.  Қазақ өнеріне қиянат жасалмаса дейміз.  Фестивальдың шынайы, әділ өткенін қалаймыз. Қолға алынғалы отырған  ауқымды жобаның ерекшелігі де осында, – деді Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ-сазды драма театрының директоры Біржан Жалғасбаев.

Спектакльдер облыс орталығындағы театрларда сахналанатын болады. Фестивальдің шымылдығы Түркістан облыстық  музыкалық драма театрдың ұжымы әзірлеген  «Мағжан» қойылымымен түріледі.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp