МЕМЛЕКЕТ ПЕН БИЗНЕСТІҢ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ ЖАҢА ҮЛГІГЕ КӨШУГЕ ТИІС
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақорда» резиденциясында отандық бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында елімізді дамытуға арналған тың тәсілдер ұсынғанын еске салды.
– Біз экономиканың өсімін кемінде 6-7 пайызға жеткізуіміз керек. Ол үшін бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсету қажет. Осы бағытта біраз шаруа атқарылды. Дегенмен кəсіпкерліктің даму қарқыны əлі де болса бəсең, өз əлеуетіне сай емес деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мəнінде сапалы серпіліс қажет. Ең алдымен, мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасы мүлде жаңа үлгіге көшуге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мемлекет пен бизнесті жаңа «қоғамдық шарт» жасауға шақырды.
– Бұл шарттың мəнін былай сипаттауға болады: Мемлекет бизнестің дамуы үшін барынша қолайлы жағдай жасайды жəне жекеменшіктің толық қорғалуын қамтамасыз етеді. Өз кезегінде кəсіпкерлер өздеріне жүктелген міндетті, атап айтқанда салық төлеу, экономикаға инвестиция құю, жұмыс орындарын ашу, қызметкерлеріне қолайлы еңбек орта қалыптастыру секілді міндеттерді адал орындайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, мемлекет пен бизнес арасындағы қатынас өзара сенімге негізделуі қажет.
– Мемлекеттік аппарат əрбір бизнесменге заң бұзушы ретінде қарамауы керек. Мұндай ұстаным, түптеп келгенде, басқарудың репрессивті сипатына алып келеді. Мемлекет кəсіпкерлерге көмектесуге міндетті. Мұны ерекше атап өткім келеді: кəсіпкерлерге көмектесу керек. Ал кəсіпкерлер шағымданушы немесе қолдауға мұқтаж рөлінде көрінбей, мемлекеттік аппараттың теңқұқылы серіктесіне айналуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент жуық арада шешуді қажет ететін басым міндеттерге тоқталып, ең ал- дымен, заң үстемдігін жəне жекеменшіктің қорғалуын қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.
– Қылмысқа, оның ішінде экономикалық сипаттағы қылмысқа қарсы күрес тек қана заң аясында жүргізілуі керек. Мұндай асырасілтеушілік мемлекеттің мүддесіне ғана қайшы келмейді, сонымен қатар Қазақстанның абырой-беделіне нұқсан келтіріп, менің бастамаларыма халықтың сенімін азайтады. Біз қадағалаудың теңгерімді механизмін қалыптастыруымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы заңгерлер жəне кəсіпкерлер қоғамдастығымен өз алдына бөлек кассациялық инстанция құру мəселесі жөнінде кеңес өткізу қажеттігі пісіп жетілгеніне назар аударды.
– Судьялар корпусы бұл қадам азаматтардың құқықтарын сапалы қорғауға мүмкіндік береді деп санайды. Президент Əкімшілігі аталған мəселені қолға алады. Кассациялық сотты құру жөнінде ортақ пікірге келсек, сот жүйесінің бюджетін арттыруға жол бермейміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, сот шешімдерінің 60 пайыздан астамы азаматтар мен бизнестің пайдасына шешіледі. Бұған қоса мемлекеттік аппараттың бизнесті сотқа жүгінуге мəжбүр ететін кемшіліктерді түзету жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмейді. Осыған байланысты Үкіметке Жоғарғы сотпен жəне Ұлттық кəсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мемлекеттік органдар қызметіндегі теріс əрекеттерге мұқият талдау жасап, оларды жою үшін пəрменді шаралар қабылдауға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев активтерді қайтару кезінде мемлекет пен бизнестің мүдделері арасын дағы теңгерімді сақтауды келесі басымдық ретінде атап өтті.
– Таяуда активтерді қайтару жөнінде заң қабылданды. Бұл заң активтерді қайтару шараларын бір мақсатқа жұмылдыруға бағытталған. Яғни бұл – шын мəнінде, қоғамдық келісім актісі. Түптеп келгенде, бұл шара экономикамызды сауықтырып, əлеуметтік жікке бөлінушілік пен адамдар арасындағы алшақтықтың алдын алуға тиіс. Адал бизнеске, шетелдік жəне отандық инвесторларға бұдан қауіптенудің еш реті жоқ, – деді Президент.
Мемлекет басшысы еліміздің əлеуетті кəсіпкерлерін металлургия, химия, машина жасау жəне басқа да салаларда ірі жобаларды жүзеге асыруға атсалысуға шақырды.
– Сіздерде қаржы да, тəжірибе де жеткілікті, əлемдік нарықтарға шығатын байланыстар да бар. Сондықтан осындай жобаларды жүзеге асыру мəселесін қарастыруға шамаларыңыз жетеді. Елдің дамуына қаржы құюға дайын екендеріңізді көрсетіңіздер. Адал əрі өз еліне пайдамды тигізсем деген ниеттегі бизнес əрдайым құрметке лайық жəне олар мемлекеттің қорғауында болады. Ашығын айтайын, жоғарыда айтылған өндірістерге инвестиция салу активтердің түп төркінінің заңдылығын дəлелдеуге талпыныс ретінде қарастырылады. Егер сіз ие болған капитал тек меншік иесіне ғана емес, сондай-ақ ұлттық экономиканың игілігіне жəне Қазақстанның өркендеуіне қызмет етсе, онда бұл – ақшаның қайдан келгені жөніндегі сұрақты күн тəртібінен алып тастауға жақсы себеп. Алайда мұндай мəмілеге келу мүмкіндігі барған сайын азайып келеді. Оны да түсіну керек, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы ынталандыратын əділ салық саясатын жүргізу қажет екенін тағы бір маңызды міндет ретінде атап өтті.
– Салық органдары кəсіпкерлерді жаппай сотқа тартып жатыр. Атап айтқанда, келісімдерді жарамсыз деп тану жөнінде талап-арыз көп беріледі. Соттардың жүктемесі едəуір артты. Оларға салықтың дұрыс төленуін тексеру міндеті де жүктелді. Бұған жол беруге болмайды. Жағдайды түзеу үшін шаралар қажет. Жалпы, бізде салық қызметі мейлінше тиімді жұмыс істейді. Үкімет жаңа Салық кодексінде салықтан жалтаруға қарсы іс-қимылдың тиімді механизмін қарастыруы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент салық түсімдерінде елеулі сəйкессіздік бар екеніне тоқталып, салық саясатын жетілдіру қажеттігін айтты.
– Еліміздегі салықтың 80 пайызын 260-қа жуық компания төлейді. Бұл теңгерімсіздікті басқа салық төлеушілердің салықтық түсімін арттыру арқылы түзеу керек. Сарапшылардың бағалауына сəйкес елімізде жұмыспен қамтылған жалпы халықтың төрт миллионы табысынан салық төлемейді. Жеңілдетілген салық режімі енгізілгеніне қарамастан, микро жəне шағын бизнес субъектілері ақша айналымын жасырады жəне азайтып көрсетеді. Бизнес субъектілерінің 70 пайызға жуығы жеңілдетілген декларацияда бес миллионнан аз табыс көрсетіп, осы режім аясында түсімдердің 6 пайызын ғана төлейді. Сондықтан салық процедураларын жеңілдетіп, халықпен жəне бизнеспен тиімді қарым-қатынас жасау арқылы белсенді салық төлеушілерді көбейту жаңа салық саясатының негізгі мақсаттарының бірі болуға тиіс. Салық төлеуден жалтарудан, тексеруші органдармен тіл табысып, тəуекелге барудан гөрі салық төлеу тиімді əрі оңай болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы нақты индустрияландыруды қамтамасыз етуді келесі маңызды міндет ретінде айқындады.
– Күрделі жəне орнықты экономикаға өнімді орташа жəне жоғары деңгейде өңдеу сегменттерін белсенді игеретін өңдеу өнеркəсібі негіз болатыны белгілі. Сонымен қатар бұл бағытта кедергілердің көптігі кəсіпорындар «ғұмырының» ұзаққа созылмауынан байқалады. Елімізде екі жылдың ішінде ашылған компаниялардың төрттен бірі ғана нарықта қалады. Салыстырар болсақ, бұл көрсеткіш басқа елдерде 70-80 пайызға тең. Көп жағдайда бұл Қазақстандағы бизнес-ахуалдың əлі де жетілмегенін көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, мұнай сервисі саласы отандық экономиканы əртараптандырудың жəне өсімді қамтамасыз етудің негізгі тетігі болуы керек.
– Бүгінде Теңіз, Қашаған жəне Қарашығанақ кен орындарындағы жобаларды жобалаумен басқа мемлекеттер айналысып жатыр. Бұл Теңіз кен орнын келешек кеңейту жобасына да қатысты. Жобалық шешімдерде импорттық материалдар мен құрылғылар есепке алынатыны түсінікті. Бұл отандық өндірушілердің мұнай-газ саласындағы жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін шек тейді. Ірі жобалардағы (Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ) тауарлардың жергілікті үлесі 5 пайызға да жетпейді. Үкімет жергілікті инженерлер мен компанияларды міндетті түрде тарта отырып, жобалық дизайн-офистерді Қазақстанға көшіруге ықпал етуге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Орта кəсіпкерліктің дамуын жеделдету – келесі маңызды міндет. Президенттің айтуынша, Қазақстанда шағын жəне ірі бизнес үшін өте жақсы жағдай жасалған. Сонымен қатар шағын бизнес кəсіпкерліктің аса маңызды саналатын орта буынына көшу үшін ынталандыру жұмыстары жетіспейді.
– Орта кəсіпкер, біздің бақылауымыз бойынша, əлдеқайда ширақ, мобильді жəне құбылмалы нарықтық жағдайларға тез бейімделеді. Кейінгі 7 жылда ЖІӨ-дегі шағын жəне орта кəсіпкерлік үлесінің өскені байқалады. Бірақ бұл динамиканың негізгі қозғаушы күші – шағын кəсіпкерлік субъектілері. Олардың саны 46 пайызға көбейді. Осы орайда орта кəсіпкерлік тек 0,5 пайызға өсіп, экономикадағы үлесін 5 пайыздан 6,2 пайызға дейін арттырды. Бұл ретте ЭЫДҰ елдерінде оның үлесі орта есеппен 18 пайызға тең, ал жекелеген мемлекеттерде одан да жоғары, яғни 26 пайызға дейін. Дəл осы орта бизнесті, əсіресе өңдеу өнеркəсібіндегі кəсіпкерлікті қолдау үшін елімізде əлі күнге дейін ешқандай ерекше жағдай жасалмаған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Жолдауда кəсіпкерлік субъектілерін ынталандыруға бағытталған бірқатар тапсырма бергенін еске салды. Атап айтқанда, мемлекеттік қаржылық қолдаудың ерекше шараларын ұсыну, сондай-ақ стандартты салық режімінде жұмыс істейтін бизнес үшін мемлекеттік тендерлерге жеңілдікпен қол жеткізу мəселелерін пысықтау керек.
Бұдан бөлек, Президент Үкіметке қолдау шараларына қатысты тетіктерді сапалы түрде жаңғыртуды тапсырды.
Мемлекет басшысы «Атамекен» ұлттық кəсіпкерлер палатасының қызметіне қатысты мəселелерге арнайы тоқталып, Палата бизнес пен мемлекет арасындағы тиімді диалогтің негізгі өзегі болуға тиіс екенін атап өтті.
– Палатаны одан əрі трансформациялау, оны корпоративтік басқару сапасын айтарлықтай арттыру қажет. Палата кəсіпкерлердің ортақ пікірін толық жеткізіп, əлеуметтік-экономикалық реформаларды ілгерілететін ұйым болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар жиында Ұлттық экономика министрі Əлібек Қуантыров, Бас прокурор Берік Асылов, «Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы Райымбек Баталов, Кəсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уəкіл Рустам Жүрсінов, «Риддер тау-кен шахта жабдығы зауыты» ЖШС құрылтайшысы Андрей Печенин, «Қайып-Ата» ЖШС бас директоры Сырым Ертаев, «Kazdream» IT холдингінің негізін қалаушы əрі басшысы Дəурен Төлебаев, «Orient Finance Groupe» ЖШС акционері Руслан Шаекин, «Майлы дақылдардың тəжірибелік шаруашылығы» ЖШС директоры Фарид Əбітаев, «Конкурент-Б» ЖШС теміржолдарды жобалау жəне салу жөніндегі ком панияның директоры Бақытбек Қадыров, Абай облысының кəсіпкері Елена Асылбекова сөз сөйледі.
(«Егемен Қазақстан» 13 қыркүйек 2023 жыл).