Шахмат – ойлылар ойыны

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Адамның ақыл-ойын дамытып, шешім қабылдауға үйретіп, зейінін ашатын  спорттың  түрі – шахмат. Адамзаттың ақ, қарасы аралас алпыс төрт торлы тақтаның бетіндегі айқастың жанкүйері болып келе жатқанына екі жарым мың жылдан асты. Шахматтың әлі талай буынның миын шынықтырар алаң бола берері де ақиқат. Бүгінде шахмат танымал спорт қана емес сұлу өнер, іргелі ғылымға айналып отыр.

Кей адамдар шахматтағы ойын ережесін шынайы өмірмен байланыстырып жатады. Мұнда да алдағы жүрісіңді аңдамай, шолақ ойлап, асығыс шешім шығарсаң, айлалы қарсыласыңның тұзағына түсіп, тығырыққа тірелуің әп-сәтте. Ойын соңындағы екі мықтының «шах» пен «маттың» арасындағы арбасуы гүрзі жұдырықтылардың төбелесінен я қашықтыққа жүгірушілердің тартысынан кем емес. Бірнеше ай залда дайындалып, бұлшық етін шынықтырып, қара күштің иесіне айналу бәріміздің қолымыздан келеді. Ал ақылын тізгіндеп, ойын жүйелеп, интелектуалдық майданға түсуге екінің бірінің ерік-жігері жете бермейді. Бүгінде бала кезінде небір мықтыларға «мат» қойған, бір уақытта бірнеше партияны қатар ұтқан шахмат шеберлерінің есімі әлемге танымал. Қазақ жастарының арасында да еліміздің туын биіктен желбіретіп, әлемдік ақыл-ой алыптарын мойындатып жүргендері аз емес. Мұның бәрі ұл-қыздарымыздың бойындағы дарын мен мемлекеттік қолдаудың арқасында мүмкін болып отыр.

Халықаралық додаларға үкілеп қосқан жүйріктерімізге ел болып қолдау білдіріп, қуанып жатамыз. Еліміздің ұйытқы болуымен өтетін әлемдік додаларға да төрткүл дүниенің небір тісқаққандары жиналады. Бүгінде елімізде аталған спорт түрімен айналысатындар саны 200 мың адамға жеткен екен. Алайда алдағы уақытта ел арасындағы шахматтың танымалдылығы одан сайын арта түсері анық. Халықаралық шахмат ұйымдарымен кездесулер өткізіп, елдегі интеллектуалдық спорттың қолдаудан қалыс қалмайтынын айтқан Мемлекет басшысы келешекте шахматпен шұғылданатындардың санын  еселеу жөнінде міндет қойды. Қазақстанда шахматтың ел жаппай айналысатын спортқа айналатынына Халықаралық шахмат федерациясының өкілдері де сенім білдіріп отыр.

Елдегі интелектуалдық спортты өрістету мақсатында биыл елдегі шахмат федерациясы өз жұмысына өзгерістер енгізіп, ребрендинг жасады. Осының арқасында «Мектептегі шахмат» сияқты қанатқақты жобалар бастау алды. Қыркүйекте тұсауы кесілген «Шахмат керуені» жобасы да өңірлердегі аталған спорт түрін кеңінен насихаттауға арналып отыр. Көршілес Көкшетаудан шыққан «шахмат керуенінің» алғашқы аялдамасы Қызылжар жері болды. Талай қайырымдылық, өнер керуендері жүріп өткен өңірімізге шахмат шеберлерінің тоқтауы алғаш рет. Өңірдегі шахмат мықтыларын анықтап, олардың бағын жағуға келген жолаушыларды жергілікті жұртшылық  қаланың орталық алаңында қарсы алды. Өңірдің 20 өңірінде кезекпен өтетін жарыстарды ақыл ойдың керуеніне айналдыру тамырлы тарихымыздан бастау алыпты. Ұйымдастырушылар бұл бастамаға кешегі жарты әлемге өркениет дәнін таратқан, өнер мен білімнің тасымалдаушысы болған Ұлы Жібек жолы себеп болғанын айтады.

Облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрмановтың сөзінше халықтың шахмат үйірмелеріне деген сұранысы жоғары.

-Шахмат- өңіріміздегі танымал спорт түрлерінің бірі. Аталған спорт түрімен бүгінде 5 мыңдай адам айналысса, оның 3,5 мыңы ауылда тұратындар. Біз бүгінгі эстафетаны қолдау арқылы шахматтың одан әрі дамуына серпін бергіміз келеді. Қазіргі таңда облыста осы салаға маманданған арнайы балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бар. Шахмат үйірмелерінің  көптеп ашылуы да сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Елімізде осы жолда жастарға үлгі болатын мықты майталмандарымыз аз емес, – деді Рүстем Құрманов.

Шара барысында облыстағы шахмат федерациясы филиалының тұсауы кесілді. Одан әрі жергілікті өнерпаздар би билеп, әннен шашу шашты. Республикалық федерацияның вице президенті Алексанр Бабенконың сөзінше, керуен Қызылжардан кейін Қостанай, Қарағандыға тоқтап 14 мың шақырым жол жүрмек. Осылайша еліміздің барлық өңірінен анықталған мықтылар қарашада Түркістан қаласында бас қосып, бас бәйге 5 млн. теңге үшін сайысқа түспек. Үлкен доданың өңірде өткен іріктеуіне 20 адам қатысты. Бұл іріктеудің бір ерекшелігі – онда халықаралық шеберлер қатыстырылмайды. Осылайша әуесқой спортшылар да жүлдегерлер қатарынан көрінуге мүмкіндік алмақ. Аталған игі бастама «Freedom Broker» компаниясының демеушілігімен жүзеге асып отыр.

Турнир қорытындысы бойынша үшінші орынды Диас Данияров, екінші орынды Олек Убыкин, бірінші орынды Александр Вьюниченко жеңіп алды. Жүлдегерлер Түркістан қаласында өтетін сайыста өңір намысын қорғайды.

-Өңірімізде осындай шараның өтуі үлкен жаңалық болды. Бұл шахмат спортын дамытудағы жаңа қадам. Мемлекет пен демеушілердің үлкен қолдау көрсетіп жатқаны сезіледі. Бүгін үздік атанғаныма қуанып тұрмын. Енді алдағы сайыста өңір намысын қорғап, топ жаруға тырысамын,-дейді Александр Вьюниченко.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp