Облыстық прокуратура мамандары Мағжан Жұмабаев ауданындағы Полудино балалар үйіне заңнаманың сақталуына қатысты талдау жүргізу барысында қамқоршының өз құқығын асыра пайдалану арқылы кәмелетке толмаған жасөспірімнің құқығын дөрекі бұзу фактісін анықтады.
Петропавл қаласының әкімдігі бекіткен қамқоршы С. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің талаптарын бұза отыра, қамқоршылық органының рұқсатынсыз, ұзақ уақыт бойы жетім баланың пәтерін заңсыз жалға беріп келген. Ол өзінің заңсыз әрекетін баланы балалар үйіне қайтарғаннан және қамқоршылық алынғаннан кейін де жалғастырыпты.
«Анықталған заң бұзушылық бойынша қадағалау органы кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту және сәйкес шараларды қабылдау арқылы заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізді. Сондай-ақ осы фактіге қатысты 12 қыркүйекте прокуратура органдарының материалдары бойынша Петропавл қаласының полициясы Қылмыстық кодекстің 142-бабы «Қорғаншы немесе қамқоршы құқықтарын терiс пайдалану» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады», – деді аға прокурор Алмас Қасқырбайұлы.
Қазіргі уақытта балаға келтірілген шығынды анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Іс облыстық прокуратура мамандарының бақылауында болады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».