СУРЕТШІНІҢ СҰЛУ ӘЛЕМІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

      Әр шығармашыл жан өз үнін, өз ой-пікірін, өз ұстанымын, қарсылығы мен бұлқынысын өнері арқылы жеткізеді. Тың идеясын талантымен шебер ұштастырып жүрген  жандардың бірі – Серікбай Әлжан.  Жуырда өңірімізде ұйымдастырылған «Ботай – Ұ лы дала мәдениеті» ІІ Халықаралық симпозиумына қатысқан КСРО Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан  Суретшілер одағының басқарма мүшесі, республикалық және халықаралық көрмелердің қатысушысымен болған әңгімемізді назарларыңызға ұсынып отырмыз.

      – Серікбай Мүбәракұлы, суретші сезімнің тіл жетпейтін құпиясын, әлемнің ішіне жасырған жұмбағын бояу арқылы жеткізеді ғой. Олардың көкейінде сан алуан  реңктер жүреді. «Шамам жеткен шексіздікке дейін барсам» деп армандайтын өнер иелері де – суретшілер.  Сіздің де мақсатыңыз осы шығар?

      – Әрбір өнер адамының өз әлемі болады. Олардың барлығы көрерменді өзгеше сыршылдығымен, не мұңға, не шаттыққа шүпілдеп толып тұруымен тәнті етері анық. «Шамам жеткен шексіздікке қол жеткізсем» деген арман әрбір суретшінің көкейіне ұялаған. Бұлай болмаған жағдайда олар суретші атанбас еді. Менің де мақсатым сол. Ол шексіздік атақ-даңқпен, қандай да бір марапатпен өлшенбейді.  Ол шексіздік жан дүниеңнің қалауынан ғана тұрады, қиялыңдағы бейнеге қол жеткізгің келеді.

Өз басым тарихи тұлғаларды, оқиғаларды  суретке айналдырғанды ұнатамын. Өнерімнің ертеңін қазақ халқының өткен тарихынсыз, тарихи дастандарсыз, фольклорсыз елестете алмаймын. Сондықтан салған  суреттерімнің басым бөлігі  Қазақстан тарихына арналған.  Мен алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаевты ерекше жақсы көремін. «Мағжан Жұмабаев» атты туындым облыстық тарихи-өлкетану музейінің  сөресінде  тұр.  Сол еңбегім үшін маған 2019 жылы «Алтын медаль»  берілді. 2021 жылы «Абайдың қара сөздері» атты монументалды туындым жарыққа шықты.  «90-шы жылдардағы Қазақстан» деп аталатын суретім  Астанадағы ұлттық музейде көрермендер назарына ұсынылуда. Ұлттық бейнелеу өнерін жаңғыртуға  үлес қосқан кескіндеме жұмыстарым еліміздегі мұражайлардан бөлек, Лондондағы Қазақстан музейінің және шетелдік жеке көркемдік топтамаларға  енген.

Жалпы суретшілер әртүрлі жанрда жұмыс істейді. Бірі пейзажист, бірі жансыз натюрморт салса, енді бірі портретист, анималист, баталист дегендей жалғаса береді. Суретшілік ішкі интуиция, яғни сезімталдықпен ғана шектелмейді ғой.  Суретші өз ісінің хас шебері болу үшін Алла Тағаланың берген талантымен қоса бірқатар біліммен қарулануы керек. Перспектива, пластикалық анатомия, композиция, түстану сынды салаларды меңгеру де маңызды.  Бұлар суретшінің жұмыс істеу ауқымын шектейді немесе кеңіте түседі. Мысалы, пластикалық анатомияны білмейтін суретші соғыс жанрындағы дүниелерге немесе көп фигуралы тақырыптарға бара алмайды. Өйткені ол жерде адамның пластикасын, анатомиясын білу керек, әйтпесе, сауатсыз, қисынсыз, әлсіз пропорциясы табылмаған, ұсқынсыз фигуралар орын алады. Бұл деген жұмыстың эстетикалық көркемдік құндылығын жоғалтады деген сөз. Сондықтан қылқалам шебері болу үшін теориялық және практикалық білім болу керек. Суретшілікте бір пайыз талант болса, қалған тоқсан тоғыз пайызы білім мен еңбек болуға тиіс, онсыз қылқалам шебері  атану  мүмкін емес.

     – Сіздің небір дарынды тұлғаларға алтын бесік болған Қызылжарда дүниеге келгеніңізді білеміз. Өмір жолыңыз туралы оқырмандарымызға  кеңірек баяндап берсеңіз?

            – Иә, мен  теріскейдің төл  перзентімін. 1967 жылы Петропавл қаласындағы В.И.Ленин атындағы орта мектеп-интернатты аяқтағанмын.  1970 жылы Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесіне оқуға түстім.  Бұл білім ордасын 1975 жылы тамамдаған соң, арнайы пән оқытушысы болып  қызметке орналастым.  Бүгінгі таңда аталмыш оқу ошағы Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі деп аталады.  Ғұмырымның 48 жылын  шәкірт тәрбиелеуге арнағанмын.    

Туған жерім – Аққайың ауданына қарасты Ақкөл ауылы. 1951 жылы 15 мамырда қарапайым отбасында дүниеге келгенмін.  Ол ауыл қазір жоқ. Хрущевтің кезінде 1965 жылы құрып кетті. Ақкөлдің табиғаты  әдемі еді. Көрген адамның жанын тебірентпей қоймайтын. Шынын айтсам, симпозиумге келгендегі  негізгі мақсатым – туған елім Ақкөлді көріп қайту болды.   Ауылдың орнына барып, таза ауасын жұтып, ну-орманы мен  төмпешікке айналған үйлерді аралап, балдай тәтті балалық шағымды еске  алғым келді.  Тау-тасқа «ана жерде ойнағанмын, мына жерде аунағанмын», «бұл жер – менің үйімнің орны» деген сөз тіркестерін бірнеше мәрте қайталап айтқаныма жұртшылық сене қоймас. Сағымдай жоғалған өткен күндерімнің куәсі болған ауылдың  орнындағы егінге қарап, сәби көңілім құлазып,  көзіме жас үйірілді. Үш күннің ішінде  «Ақкөлдің қысы» деген туындымның қалай  дүниеге келгенін сезбей қалдым. «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары!», – деп дана халқымыз тектен текке айтпаған болар.

            Қолым қалт еткенде  Қызылжарға қарай бет аламын.  Себебі, ауыл маңындағы зиратта әке-шешем жерленген. Екі жыл қатарынан туған-туысқандарым мен ауылдастарымды жинап, өмірден өткендерге Құран бағыштап, ас бергенмін. Әрине, перзенттік парызым мұнымен өтелмейді.

             Өмір өткелдерінен есіме түсіп тұрғаны, әкем кішкентайымнан сурет салуға баулыды.  Бірнеше жыл бойы  төсекке  таңылып жатқан кезімде, әкемнің бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Балықшы» шипажайына жылына екі рет келіп, қуантып кететіні жадымнан өшкен емес.  Маған сыйлық ретінде доп, садақ ойыншықтары мен «Искусство» маркасының түрлі-түсті қарындашын әкеліп беретін. Жаз мезгілі. Доп өзенге ағып кетті. Садақ пен оның жебесін де жоғалтып алдым. Ал қарындаштар ұзақ жылдар бойы қажетіме жарамақ түгіл, өмірімнің мәніне айналды.

            Сөз орайы келгенде айта кеткенім жөн болар,  аяқтай алмай жүрген екі туындым бар. Бірі – Сәкен Сейфуллинге, екіншісі – 30-шы жылдардағы ашаршылыққа арналған. Соларды болашақта Қызылжар жұртшылығына ұсынғым келеді.

          – «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» шарасы көңіліңізден шықты ма?

             – Көрсе көз тоймайтын Имантау, Шалқар, Сырымбет сияқты табиғи аймақ қойнауларында тарихи, археологиялық жәдігерлер мен ескерткіштер жетіп артылады. Солардың бірі де, бірегейі де Иман Борлық өзені жағасында орналасқан Ботай қонысы дер едік. Энеолит дәуіріне жататын Ботай – мемлекетіміздегі бірден-бір ескерткіш.  Оны әлемге танытуда археолог, тарих ғылымдарының докторы Виктор Зайберттің еңбегі орасан зор екенін айтпай кетпегеніміз жөн болмас.  Симпозиумде «Ботай жылқылары» деген туындым біраз адамдардың қызығушылығын тудырды.   

Іс-шараны ұйымдастырған Болат Әсербеков мені қонақ ретінде шақырған. Бірақ, онысына көнбедім. Басқа суретшілер сияқты қатысушылардың бірі болып,  Ботайды суретке айналдырғым келді. Симпозиумда бес сурет салдым. Талап бойынша ұйымдастырушылар алқасы әр суретшінің екі-үш туындысын алуға тиіс. Қайсібір жылы Қазақстан Конституциясы көшесінің бойындағы зергерлер отыратын  ғимараттан көрмелер залын ашамыз деген жоспарымыз болып еді.  Зал ашылған жағдайда 100 туындымды тегін беремін деп ойлағанмын.  Жоспарымыз жүзеге аспай келеді.

            -Сіз Қазақстан Суретшілер одағының мүшесісіз. Бұл ұйым туралы көп айтыла бермейді. Оның бір себебін суретшілердің аздығымен байланыстыруға болатындай.

    –  Мен одақ мүшесі ғана емес, 2015 жылдан  бастап одақ жанындағы «Кескіндеме» секциясының төрағасымын.      2016 жылы  «Азия Арнасы» баспасынан қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде «Суретшінің толғауы» атты кітабым  жарық көрді. Алдағы уақытта да жанкүйерлерімді сиясы кеппеген жаңа  туындыларыммен қуантпақ ниетім  бар.     Осынау игі істерді атқаруыма маған одақ көп көмектесті. Тоқсан жылдық тарихы бар Қазақстандағы суретшілер мен өнертанушылардың басын біріктіретін одақтың қазіргі уақытта 1100 мүшесі бар және облыстарда 17 бөлімшесі жұмыс істейді.

     –  Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

 Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp