Жастар – еліміздің ертеңі. Олардың отаншыл, елжанды болып өсулері үшін ұстаздарға артылатын жауапкершілік орасан. Кейінгі толқын өкілдерінің бойына туған елге, жерге, ата мен анаға деген сүйіспеншіліктің дәні мектепте егіледі. Жастайынан ұлттық тәрбиемен сусындаған өрендер болашақта ел қамын ойлар азаматқа айналары анық.
Өзім жетекшілік етіп отырғанмектепте оқушыларды киелі орындарға апару, қазақтың Тәуелсіздігі жолында жандарын пида еткен тұлғалардың мәңгілік тыныстап жатқан жерлерін көрсету бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді.Жуырда білім ордасы жанынан құрылған еңбек және экология фракциясының көшбасшылары мен география пәнін сүйіп оқитын оқушылар Айыртау ауданының киелі жерлерін аралап қайтты. Саяхатымыз алты ғасырлық тарихы бар Ботай мәдениетімен танысудан басталды.
Ботай мәдениеті – еліміз аумағында энеолит (энео – мыс, литос – тас), яғни мыстас дәуіріне жататын бірден-бір ескерткіш. Орналасқан аумағы – Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы Қазан ауылдық округіне қарасты Никольское елді мекенінен оңтүстік-шығысқа қарай біржарым шақырым жерде. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, сонау жетпісінші жылдары осы қонысқа жақын жерде ағып жатқан Иман-Борлық өзенінің жағасында ойнап жүрген балалар сүйектен, тастан және балшықтан жасалған бұйымдарды тауып алады. Ежелгі дәуірге жататын бұл дүниелерді жергілікті мектептің директоры, тарих пәнінің мұғалімі Есләмбек Зәкәрияұлы Көкшетау қаласындағы тарихи-өлкетану мұражайына тапсырады. Арада біраз жыл өткен соң Көкшетау мұражайынан аталған жәдігерлерді көрген Қызылжар педагогика институтының жас ғалымы В.Зайберт дереу ат басын Ботайға бұрып, арнайы экспедиция ұйымдастырады. Нәтижесінде, дүниежүзілік археология тарихына жаңа бетбұрыс жасалған.
Оқушыларды ботайлықтардың еңбекке етене араласқаны, жылқы малын қолға үйретіп, еті мен сүтін пайдаланғаны қызықтырды. Олар ежелгі ботайлықтардың қонысы, тұрмыс-тіршіліктері жайлы мәліметтерге қанықты. Саумалкөл ауылындағы «Ботай мәдениеті» мұражайында болып, қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлерді тамашалады.
Біз қазақтан шыққан тұңғыш зерттеуші Шоқан Уәлихановтың мұражайына, Айғаным ханшаның қонысына да ат басын бұрдық. Жас саяхатшылар Шоқан Уәлиханов туралы көптеген мәліметтермен танысты. Ғалымның салған суреттері балаларды таңдай қақтырды. Шыны керек, оқушылардың дені Айғаным Сарғалдаққызы Шоқанның әжесі деген мәліметпен ғана шектеледі. Олардың өңірімізден шыққан тұлғалар туралы білім көкжиегін кеңейту үшін мұндай танымдық сапарлардың берер мол. Мұражай қызметкерлері тарихи тұлғалардың өмір жолдары туралы айтып берді.
Айғаным – Абылай ханның тұңғыш ұлы Уәлидің кіші әйелі. Яғни, ол – атақ-даңқы әлемге тараған, алты Алаштың басын қосып ел еткен, ақыл-парасатына тең келер жан жаратылмаған ұлы Абылайдың келіні. Жаратылысынан айрықша дарынға, ерекше бітімге ие болған, артына өлмес-өшпес мұра қалдырған. Ел арасында өзінің айрықша ақылымен, көріктілігімен, білімділігімен, парасаттылығымен ханша атанған. Жалпақ жұрттың қошеметі мен құрметіне ие болған. Тегі – Құдайберлі Бәйімбет, руы – Атығай. Өз әкесі Сарғалдақтың арғы жағы әйгілі Мәлім Қожа. Шынтуайтын айтқанда, Айғаным төре тұқымына жатпайды. Әйтсе де, “қарадан шығып хан болған” демекші, дарқан табиғат сыйлаған, Жаратқан ием маңдайына тарту еткен тағдыр-талайы ханшаны шырқау биікке көтерген. Сөйтіп, сол тұстағы қазақ әйелдері арасында ірі қоғам қайраткері дәрежесіне көтеріліп, жалпақ елді басқару тізгініне ие болған. Және бір ерекше сипаты – ұлағатты ұл-қыздар тәрбиелеп өсірген ана. Өз ұлы Шыңғыстан бастап, балаларына орыс тілінде білім алуға ықпал етіп, тәлімді тәрбие берген. Білім мен өнерді қасиет тұтқан ханшаның өзі де қазақ және орыс тілдерін өте жетік білген көрінеді. Оған қызмет бабындағы әртүрлі жазбаша құжаттар дәлел бола алады. Ал Шоқанның құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, небары 30 жыл ғана ғұмыр сүргенін оқушылар әдебиет және тарих пәндері арқылы біледі. Бірнеше күнге созылған саяхатымыздың соңында ұстаздар мен оқушылар емен-жарқын әңгімелесіп, алған әсерлері туралы баяндады. Шараны ұйымдастыруға көмектескен Шоқан Уәлиханов мұражайының директоры Уәлихан Құлбаев пен «Ботай» мұражайының басшысы Қуаныш Ғибадатұлына алғыс білдіреміз.
Ербол ЖЕКЕНОВ
Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектептің директоры.
Мағжан Жұмабаев ауданы.