АЛҚАП БАСЫНДАҒЫ «АРПАЛЫС»

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биылғы егін орағының жоспардағыдай жүргізілуіне  үздіксіз жауған  жаңбыр кедергі келтірді. Бұл уақытта жиым-терім жұмыстарын аяқтауға жақындап қалатын диқандар әзірге бидайдың 53 пайызын ғана қамбаға құйған. Астықты өңірлердегі жағдай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  бақылауында. Президенттің тапсырмасына сәйкес аграрийлерге барлық қолдау шаралары көрсетілуде. Жуырда  облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов аудандарды аралап, диқандармен кездесті.

Марат Иманбайұлы ең алдымен «Якорь Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алқабына ат басын бұрды. Шаруа егін орағына тамыз айында кіріскен. Алайда, жауын-шашын басталып, жұмысты тоқтатуға тура келіпті. Қазір кәсіпкер астықтың 60 пайызын жинап алған. Бидай алқабының әр гектары  шамамен 25 центнерден айналуда.  Шаруашылықтың өз бидай кептіргіші бар. Алайда  жанар-жағармай тапшылығы мәселесі туындап отыр.

«Біз 10 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай алу үшін өтінім бердік. Ол астық кептіруге қажет. Бидайдың ылғалдылығы  16 пайызды құрауда. Жауын-шашын салдарынан дестеде жатқан бидай дымқыл. Қазір элеваторлар тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Басты мақсатымыз өңір аграрийлеріне орақ науқанын сәтті аяқтап, егінді ысырапсыз жинап алуға қолдау көрсету», – дейді Марат Тасмағанбетов.  

Жоспар бойынша қосымша жанар-жағармай өңірге 25 қыркүйек күні жетпек. Жалпы биыл облыс диқандары 4,5 млн. гектардың 3,4 млн. гектарына  дәнді және дәнді-бұршақты дақыл екті. Бүгінгі күні соның 1,9 млн. гектары бастырылды.

«СК Вагулинское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  бүгінге дейін бидайдың 60 пайызын жинап үлгерген. Ауа-райы қолайлы болса қалған дақылды да қысқа мерзімде қамбаға құюды жоспарлап отыр.

«Биылғы өнімнің сапасы жаман емес, дәннің клейковинасы жақсы. Дестеге түсірген бидайымыз жаңбыр астында қалды, сол жағы қиындық тудыруда», – дейді шаруашылық директоры Виктор Редин.

Қазіргі уақытта облыс бойынша орташа шығымдылық әр гектарынан 10,5 центнерден алынып жатыр. Президенттің тапсырмасына орай өңірде жедел штаб құрылып, ол ораққа байланысты жағдайды бақылауда ұстап отыр. Жалпы диқандар бидайды келесі аптада толық жинап алып, майлы дақылды оруға кіріспек.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp