Сербияның астанасы Белград қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында жерлесіміз Ризабек Айтмұхан ел тарихында тұңғыш рет еркін күрестен ел қоржынына алтын жүлде салды. Балуанды тарихи жеңісімен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.
«Еркін күрес шебері Ризабек Айтмұқанды Белградта өткен күрес түрлерінен әлем чемпионатында алтын медаль иеленуімен құттықтаймын! Ол қазақ балуандары арасында тұңғыш рет әлем чемпионы атанды. Бұл – тарихи жетістік. Ризабек Айтмұқанның жарқын жеңісі жас буынның спортқа құлшынысын арттырады деп сенемін», – делінген Президенттің құттықтауында.
Ризабек Қазақстан чемпионатының үш дүркін жеңімпазы, жастар арасындағы Әлем чемпионатының және ересектер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Белградта отандасымыз алғашқы айналымдарда мажарстандық Балхаш Юхасты, кейін Еуропаның екі дүркін чемпионы, түркиялық Фейзоллах Актюркті қапы қалдырды. Жартылай финалда өткен жылғы әлем және құрлық чемпионаттарының қола жүлдегері грузиялық Мириан Майсурадзені ұтты. Финалда әлем чемпионатының екі және Еуропа чемпионатының үш дүркін жүлдегері әзірбайжандық Осман Нурмагомедовпен белдесті. Ақтықты сында азулы қарсыласын 5:2 есебімен жеңді. Осылайша Қазақстанның еркін күрес тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы атанды.
– Жаттығу залында төккен тер зая кетпеді. Әкем Қанат Жолдасбайға, бапкерлеріме алғыс айтқым келеді. Олар маған сенім артты. Үміттерін ақтағаныма қуаныштымын. Чемпион атанғаныма әлі де сенер емеспін. Бұл 92 келі салмақтағы соңғы жарыстарымның бірі екенін айтқым келеді. Келесі жарыстан бастап мен олимпиадалық бағдарламаға кіретін 97 келіге ауысамын. Ендігі мақсатым – Олимпиадаға бару, – дейді Ризабек Айтмұхан.
Ел спортының тарихына шолу жасасақ, еркін күрестен отандық балуандар дүниежүзілік біріншіліктің финалына алғаш рет 1995 жылы шыққан екен. АҚШ-та өткен әлем чемпионатының ақтық сынында 82 килограмда күрескен Эльмади Жабраилов америкалық Кевин Джонсонға 0:1 есебімен есе жіберген. 2016 жылы Венгрияда өткен жарыста 70 килограмда белдескен Нұрлан Бекжанов финалдық айқаста ресейлік Магомед Курбаналиевтен ұтылып қалған. 2018 жылы Мажарстанның Будапешт қаласында ұйымдастырылған әлем чемпионатында 57 килограмда сынға түскен Нұрислам Санаев алтын медаль үшін белдесуде ресейлік Заур Угуевке жол берді. Елордамыз Астанада 2019 жылы өткен байрақты додада екі бірдей балуанымыз финалға шықты. 65 килограмда Дәулет Ниязбеков Ресей балуаны Гаджимурад Рашидовтан жеңілсе, 70 килограмда күрескен солтүстікқазақстандық Нұрқожа Қайпанов ресейлік Давид Баевқа жол берді. Сол кеткен есені Ризабек Айтмұхан қайтарып отыр. Ризабекке елі риза!
Аманжол НҰРТАЗИН,
«Soltüstık Qazaqstan».