Кенеп бетіндегі көркем әлем

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңіріміздің мәдени өмірінің дамуына үлес қосып отырған руханият ордасының бірі – облыстық бейнелеу өнері музейі.  Мамандардың айтуынша, бейнелеу өнерінің ерекшелігі, аты аңғартып тұрғандай, жанды бейнені көз алдыңа әкелу деген мағынаны білдіреді екен.  Қылқаламның құдіретімен салынған тамаша туындыларды өнерсүйер қауымға тарту етуді мақсат тұтқан музейдің ғылыми қызметкері Гүлнұр Зейнелғабиденовамен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

      – Гүлнұр Келісқызы, әңгімеміздің әлқиссасын  мұражайдың тарихынан бастағанымыз жөн болар. Бейнелеу өнері музейі қашан ашылды?

     – “Мәдениет ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты”, – деп дана халқымыз бекер айтпаған. Кезінде қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов ғылым мен мәдениетті барлық дүниенің алтын алқасына теңеген болатын. Ол рас, мәдениет – әлеуметтік фактор әрі қоғамның қозғаушы күші. Бұл өте күрделі және көпдеңгейлі жүйе. Өз басым мәдениеттің негізі музейде деп білемін. Облыстық бейнелеу өнері мұражайы 1989 жылы ашылды. Мұражай ғимараты – көпес Юзефовичтің үйінде орналасқан. Ол республикалық маңызы бар ХХ ғасырдың басындағы сәулет ескерткіші болып табылады. Музей қорын әр жылдары Ә.Қастеев, Н.Хлудов, Қ. Телжанов, Ж.Шәрденов пен тағы басқа қазақстандық белгілі суретшілердің жұмыстары толықтырды. Шыны керек, кей адамдар бұл музейді 1982 жылы ашылды деп ойлайды. Бұл – қате.

1982 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің үкімімен көпес Юзифовичтің үйіне республикалық маңызы бар сәулет өнерінің ескерткіші деген мәртебе берілген.  Ғимарат 1908-1909 жылдары ірі ағаш өндіруші Алексей Юзефовичтің тапсырысы бойынша Петропавл қаласындағы Сібір  көшесінің (қазіргі 314 атқыштар дивизиясы даңғылы) бойында салынған.   Жобаның авторы – Ресейдің ағаш, сәулет өнерінің атақты шебері А. П. Зенков болды деген пікірлер айтылады. Үй дәстүрлі халық мәнерінде құрылған – ағаштан оюланып жасалған терезе жақтаулар, қашалған ернеулер, шатырындағы темірден соғылған торлар сол заманнан осы күнге дейін сақталып отыр. Қаламыздың көркіне айналған бұл ғимараттың ерекшелігі – тұтас ағаштан салынғандығы, өйткені ол кезде бой көтерген көптеген ғимараттар тастан, кірпіштен қаланатын болған.  1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін ғимарат мемлекет меншігіне айналды. Бұл жерде 1927-1928 жылдары панасыз қалған балалар интернат-үйі, 30-шы жылдары – емдеу мекемесі, кейін жас жұмысшылар мектебі орналасқан. Нысанның жалпы аумағы 439,2 шаршы метрді құрайды.

       – Музейде қазіргі уақытта қанша жәдігер бар?

        – Мұражай қорындағы жәдігерлердің саны алты мыңға жуықтайды. Олардың қатарында Қазақстан, Ресей, Армения, Прибалтиканың, тағы басқа елдердің танымал шеберлерінің кескіндемелері, графикасы, мүсіндері, қолданбалы өнер туындылары, иконалар, театрлық костюмдер мен қойылымдардың нұсқалары бар. Кескіндеме мен графика топтамасының негізі – көркемдік көрмелер дирекциясынан, Қазақстан мен Ресейдің Суретшілер одақтарынан келіп түскен. Қазақ бейнелеу өнерінің  негізін қалаған   Ә. Қастеев, Н. Хлудов, Н. Крутильников, А. Черкасский, солардың іздерін басқан Ә. Исмаилов, Г. Ысмаилова, С. Мамбеев, Ж. Шарденов, қазақ әйелдерінен шыққан тұңғыш кәсіби суретші Айша Ғалымбаева, басқа да өнер майталмандарының туындылары негізгі «Атамекен» атты топтамаға біріктірілген.  Музейдің экспозициялық орны шектеулі болғандықтан қорындағы көптеген атақты шеберлердің жұмыстарын тұрақты экспозицияға енгізу мүмкін емес.

      – Коллекцияның негізгі бөлігіне не жатады?

     –  Бейнелеу өнері музейінде коллекцияға негізінен суретшілердің туындылары жатады. Коллекияның берер  мағынасы – ғылыми, тарихи, көркемдік жағынан құнды біртекті заттарды арнайы мақсатпен жинау ғой. Бағдарымыз бен жоспарымыз тауып алуды, жинауды, зерттеуді, бір жүйеге келтіруді, материалды дайындап, сақтауды, оларды мәдени-ағарту және оқу-тәрбие мақсаттарына пайдалануды көздейді. Мүсін бөлімінде  О. Комов, Н. Никогосян, Ю. Сегаль, С. Балдано, М. Рапопорт, А. Эллерлердің еңбектері орналастырылған.  Қазақ, орыс, украин халқының кестелері, Орал табақшалары, самаурындар, белгілер, керамика, этнография заттары сәндік-қолданбалы өнер қорына кірді. Культтар бөліміндегі негізгі дүниелер: ағаш, мыс иконалар,  киім-кешек. Балалар шығармашылығы коллекциясы да бар.

      – Әңгімеміздің басында музей қорында атақты Әбілхан Қастеевтің туындылары сақталғанын айтып өттіңіз. Сол құнды картиналарға  жан-жақты тоқталсаңыз?

            -Қазақ ұлттық бейнелеу өнерінің негізін қалаған Әбілхан Қастеевтің есімі күллі әлемге танымал. Кескіндемеші, график-суретшінің туындылары қазақ халқының бір ғасырлық тарихын суреттейді десем, артық айтқаным емес. Оның әрбір картинасынан халықтың тұрмыс-тіршілігін көруге болады. Ол – ел тарихында есімі алтын әріптермен жазылатын көптеген тұлғалардың портреттерін салып, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырған суретші. Қазақстан Республикасының Халық суретшісі, Шоқан Уәлиханов атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреатының баға жетпес туындыларын Петропавл қаласында орналасқан облыстық бейнелеу өнері мұражайында да кездестіруге болатынын өңір тұрғындарының бірі білсе, бірі бұдан мүлде бейхабар болуы ғажап емес. Әбілхан Қастеевтің танымал суреттерінің бірі – арқалы ақын Сүйінбай Аронұлының портреті.  Бұл суретті ардақты тұлға 1972 жылы салған екен. Тәуелсіздік жылдары кескіндемешінің осы суреті ұлттық валюта – теңгенің номиналды банкнотында бейнеленді. Жасыл түстес 3 теңге көбіміздің есімізде болар. Міне, дәл осы теңгеде бейнеленген Сүйінбай Аронұлының портретінің түпнұсқасы Петропавлдағы бейнелеу өнер мұражайының қорында сақталған. Қоңыр түстес шапан киген ақынды киіз үй жиһазының көрінісінде бейнелеген суретші ақынның домбырасын да ұмытпаған. Көк аспанмен астасып жатқан Алатау тауларының бөктерінен сарқырап аққан Алматы өзені бейнеленген “Алматы өзенінің көрінісі” картинасы мен пейзаж жанрына қалам тербеген “Жоңғар таулары” (1965ж.), “Сүдігер жырту” (1961ж.) атты картиналары да мұражайдың жауһарына айналған. Тау бөктерінің көрінісінде қолына таяғын ұстаған бақташы, артқы көріністе жайылып жүрген төрт түлік мал мен тігілген киіз үйлерді майлы бояумен салған “Жайлауда” атты суреті мен атақты “Колхоз қырманы” туындысы да солтүстікқазақстандықтардың мақтанышы боларлық. Сондай-ақ “Натюр-морт” (1961ж.), “А.Айтиленовтың портреті” (1951ж.) суреттері де мұражайдың қорында сақтаулы. Аталмыш суреттер өңірімізге 1962 жылы Алматы қаласынан әкелінген. Алдымен облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақталған картиналар кейіннен облыстық бейнелеу өнері мұражайына берілген.

-Менің білуімше, 1992 жылы   музей жанынан  әдеби бөлім  ашылып, жұмыс істей бастады. Әдебиеттің бейнелеу өнерінде  атқаратын рөлі қандай?

       – Бұл бөлім  2020 жылдан бастап облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырылды. 28 жылдың ішінде талай қызықты көрмелер ұйымдастырылды. Бөлім мамандары жерлестерлеріміз, ақын-жазушылар Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Петр Ершов, Иван Шуховтардың  шығармашылығын зерттеумен айналысты.  Маман ретінде әдебиет пен бейнелеу өнерін бір-бірінен бөле-жара қарай алмаймын.  Әдебиет – өмірдің көркем бейнеге  көшірілген нұсқасы болса, бейнелеу өнері – ол жанды картина.  Сіз онымен емен-жарқын ақтарылып әңгіме-дүкен құрып отырған адамдай сезінесіз, яғни динамикаға өте жақын. Бейнелеу өнеріндегі портретті жазу дегеніміз, шоқтығы биік, күрделі жұмыс. Порт­рет әдебиеттің күрделі жанрына ұқсайды, ұстыны романмен бара­бар дүние деп есептеймін. 

        –  Биыл Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталдыңыз. Музейде қызмет еткеніңізге қанша жыл болды?

        – Мен 2002 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейіне экскурссия жүргізушісі болып қызметке орналастым.  2010-2013 жылдары музейде архивист болдым,  2019 жылдан бастап Бейнелеу өнері музейінде қордың ғылыми зерттеумен қамтамасыз ету бөлімінің ғылыми қызметкерімін. Өңір басшысының 20 жылға жуық еңбегімді бағалағаны – қызмет жолымдағы  жетістіктердің бірі.  

Есіл ауданындағы Бұлақ ауылының тумасымын.  1995 жылы Бұлақ негізгі мектебін бітіріп, Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжіне (қазіргі жоғары колледж) «Бастауыш сыныпты оқыту» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 2000 жылы аяқтадым. 2000-2002 жылдары Қызылжар ауданының Кондратовка орта мектебінде мұғалім болдым. 2005 жылы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқыдым. Биыл Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің «Гуманитарлық педагогика» факультетінде магистратураны бітірдім. Жұбайым Нұртаймен бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз.

            Музей – халық шежіресі. Мен Ташкенттегі Әмір Темір, 1917 жылы саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарға арналған мемлекеттік музейлерде, Төле бидің кесенесінде, Шымкенттегі бейнелеу өнері мұражайында, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан баб, Гауһар ана, Үкәш ата кесенелерінде болдым. Мәдени нысандарды аралау арқылы таным көкжиегің кеңейеді, өмірге деген көзқарасың өзгереді, өнерді сүйе бастайсың, талантты адамдардың еңбегіне бас иесің.

      – Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

 Самрат ҚҰСКЕНОВ,

«Солтүстік Қазақстан».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp