Әрбір қазақстандық жұмыс істеп, жарнасын уақтылы аударып отырса, ертеңгі қария шаққа жеткен кезде жылдар бойғы еңбегінің зейнетін көрері ақиқат. Осы ретте «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы еліміздің барлық өңірлеріндегі филиалдары арқылы жұртшылыққа болашаққа қазірден бастап қамдану керектігі жайындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізіп келеді. Бұған «БЖЗҚ» АҚ-ның Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының бір күнгі жұмысымен танысу барысында көз жеткізіп қайттық…
Халықтың әлеуеті үшін қызмет ететін орталыққа күн сайын әртүрлі жастағы адамдар бас сұғады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары болып табылатын азаматтардан түскен түрлі сауал, қажетті көмек керектігі жайында түскен өтініштердің әрқайсысына филиал қызметкерлері ыждағатпен қарап, мәселенің оң шешімі табылуына себепкер болып жатады. Айта кетсек, зейнетақымен қамсыздандыру механизмі туралы ақпарат беру және зейнетақы жүйесіндегі инновациялар мен өзгерістер жайында түсініктеме беру, әрбір салымшының жеке мәселесі бойынша кәсіби кеңес беру міндеттерін сала мамандары абыроймен атқарып келеді.
Филиал қызметкерлері таңғы сағат тоғыздан бастап жұмыстарына кіріседі. Әр маман күні бойы үлкен жауапкершілікпен атқаратын жұмыстарының белгілі бір жоспарын құрып, бағытын алдын-ала анықтап алады. Мамандардың сыртқы имиджі де – басты талаптардың бірі. Өйткені қызметкердің көтеріңкі көңіл-күйі, сөйлеу мәдениеті, ой өрісінің кеңдігі филиал кеңсесіне бас сұққан әрбір адамға жақсы әсер қалдыруы керек.
Түрлі операцияларды жүргізетін бөлім мамандары өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқаруда. Филиалдың бұл бөлімінде күн сайын бөлім бастығын қоса алғанда сегіз адам жұмыс істейді. Олар салымшыларға түрлі кеңестер береді, түсініксіздеу көрінген жағдаяттарды түсіндіріп, тарқатып беруге тырысады. Осылайша күніне орта есеппен алпысқа жуық адам мекеме есігін ашады. Мамандардың жұмыс істеу мәдениеті мен біліктілігін тексеру үшін әр қызметкер жылына бір рет «Құпия клиент» кейпіндегі тұтынушының назарына ілігеді. Мұндай тексеруші міндетін кез-келген салымшы атқара алады. Ал осындай жағдайдың кез-келген уақытта болатынын білетін мамандар да өздеріне жүктелген міндетті жоғары деңгейде атқаруға тырысады. «Құпия клиент» рөлін атқарған адам филиал қызметкерімен арада болған қарым-қатынасты кейін өз есебінде бүкпесіз баяндап, қызметкердің амандық-саулық сұраудан бастап, біліктілік деңгейіне дейінгі қабілеттеріне жан-жақты сипаттама береді. Бұл ретте тіпті маманның сыртқы келбеті де назарға ілігеді. Сондықтан филиал қызметкерлері әрқашан «жауынгерлік дайындықпен» жұмыс істейді. Салымшылар да сапаны бағалау жүйесінің монитор түймелерін қолдана отырып, өздерінің қызмет көрсету сапасына қатысты дәрежесін де көрсете алады.
Қорда жүзеге асырылатын сапа менеджменті жүйесінің көмегімен қызмет көрсету үдерісінің ашықтығы қамтамасыз етілген. Егер маманға нашар баға берілсе немесе ол туралы сайтқа теріс пікір жазылса, көңіл толмаушылықтың себебі анықталып, тиісті шешім қабылданады.
Филиалдың жұмысын үйлестіру кезінде күн сайын қолға алынатын қызмет көрсету түрлері бар, олар – әрбір салымшының жинақ қорының көшірмесін беру және зейнетақы калькуляторы бойынша болашақ зейнеткердің ықтимал зейнетақысын есептеу.
2023 жылғы 1 шілдеден бастап қазақстандықтардың базалық әлеуметтік құқықтарын туғаннан бастап, кәрілік кезеңіне дейін белгілеген Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексі күшіне енді.
Әлеуметтік кодекстің жаңашылдығының бірі – еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлерге міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарының 100 пайызына дейін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге пайдалану құқығы. Мұндай зейнеткерлерге әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік, құқық қорғау органдарының және мемлекеттік фельдъегерлік қызметтердің мамандары және басқа да санаттағы адамдар жатады. Қалған зейнеткерлер, егер олардың зейнетақы төлемдерінің мөлшері 40 пайыздан төмен емес деңгейде табысты алмастыру коэффициентін қамтамасыз етсе, жоғарыда аталған мақсаттарға міндетті зейнетақы жарналары есебінен өздерінің зейнетақы жинақтарының 50 пайызына дейін пайдалану құқығын сақтайды.
Зейнеткерлердің еңбек сіңірген жылдары бойынша өтініш білдіруі жоғары деңгейде. Салымшылар осы мәселе бойынша кеңес алуға және жинақ сомасы туралы ақпарат алуға жүгінеді. Филиал мамандары толық ақпарат пен бағыт беріп, уәкілетті операторларға жүгінуге кеңес береді. Олар – «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ және бірнеше екінші деңгейдегі банктер.
Аға буын арасында жинақтарды тексеру үшін ұялы қосымшаны орнату бойынша көмекке жүгіну де жиі кездеседі. «БЖЗҚ» АҚ-ның тиімді де кең тараған қызметі – қор жүзеге асыратын зейнетақы жинақтарын төлеуге құжаттарды пошта арқылы қабылдау. Мысалы, басқа елге қоныс аударып кеткен кезде ол өте ыңғайлы тетік.
www.enpf.kz сайтындағы «Электрондық қызметтер» бөлімінде алдын ала қызмет көрсету мүмкіндігімен төлем құжаттарын тексеруге болады, яғни алушы басқа елде болған кезде төлем жасауға өтініш бермес бұрын құжаттарды осы қызметтің көмегімен тексере алады. Филиал мамандары тексеріп, жауап береді, содан кейін салымшы пошта арқылы немесе сенім білдірілген өкілі арқылы құжаттарды жібере алады. Ал мамандар өз кезегінде төлемдерді жүзеге асырады. Осылайша, салымшыға Қазақстанға келіп, уақыты мен жол шығынын кетірудің қажеті жоқ.
Айта кетерлік жәйт, БЖЗҚ барлық операцияларды цифрлық форматта жүзеге асырады. Ұялы қосымша немесе сайттағы Жеке кабинеттің көмегімен жеке зейнетақы шотының болуы туралы анықтаманы, ЖЗШ-дан үзінді көшірмені алуға, қызықтыратын сұрақпен өтініш жолдауға, «Мобильді кеңсе» сапарына, кері қоңырауға тапсырыс беруге, өз деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге, зейнетақы калькуляторының көмегімен болашақ зейнетақының болжамды мөлшерін есептеуге болады. Сондай-ақ шоттың жай-күйін бақылауға, зейнетақы жүйесіндегі барлық өзгерістер туралы білуге, БЖЗҚ-ның жақын жердегі кеңсесінің орналасқан жерін көруге, тіпті байланыс орталығына қоңырау шалуға да болады. Бұл сервис салымшыға өзінің зейнетақы жинақтарын 24/7 режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
БЖЗҚ сайты немесе пошта арқылы салымшылардан түскен жазбаша өтініштерді өңдеумен айналысатын «Бақылау бөлімі» жұмыс істейді. Мысалы, қазір ол күн сайын еңбек өтілін растауға 50-ден астам өтінімді назарда ұстап отыр. Олардың көпшілігі Ресей Федерациясының азаматтарынан түскен өтініштер.
– Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер қатарына кіретін елдердің азаматтары зейнетке шыққан кезде Қазақстанға келмей-ақ еңбек өтілін растай алады. 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі туралы өтініштерді Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, 1998 жылдан кейінгіні БЖЗҚ растайды. 1998 жылдан бастап еңбек өтілін растау 15 күнтізбелік күнге, 1998 жылға дейін 60 күнге дейін созылады, – дейді облыстық филиал директорының орынбасары Самал Қазкенова
«БЖЗҚ» АҚ-ның көптеген салымшылары Солтүстік Қазақстан облысының шалғай елді мекендерінде тұрады. Сондықтан өңірде стационарлықаке қатар мобильді кеңсе де белсенді жұмыс істейді. Ол ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен қызмет көрсету мақсатында халықпен жұмыс істеу үшін облыстың шалғай аудандары мен ауылдарына әдейілеп барады. Тұрақты негізде мобильді кеңсеге қосылатын елді мекендер қатарына Булаево, Пресновка, Саумалкөл, Тайынша, Талшық және Сергеевка ауылдары жатады. Филиал қызметкерлері толғандырған сұрақтарға жауап беру, кеңес айту мақсатында мобильді топты кәсіпорын-мекемелерге де жіберіп отырады. Кәсіпорын, ұйымдарға бару үшін мамандар олардың әкімшілігімен алдын-ала келісіп, жұмысты бірлесіп атқарады.
Халықтың осал топтарына жататын салымшылар мен алушыларды зейнетақы қоры назардан тыс қалдырмайды. Мысалы, 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар «Мобильді агент» техникасымен жұмыс істейтін маманды үйлеріне шақырып, төлемдерді алу үшін барлық қажетті құжаттарды тапсыра алады. Егер азаматқа шұғыл кеңес немесе қызмет қажет болса, бірақ өзі филиалға келе алмаса, оған өтінішін қалдыруына болады, сол бойынша мамандар өтініш иесіне бес жұмыс күні ішінде қызмет көрсетеді.
Жұртшылыққа кеңес берудің тағы бір әдісі – байланыс орталығы. Тағы 9.00-ден 18.00-ге дейін орталық мамандары азаматтардан түскен қоңырауларды қабылдайды және толғандыратын мәселелер бойынша түсініктеме береді. Байланыс орталығы күн сайын телефон арқылы шамамен 70-ке жуық өтінішті өңдейді. Салымшылар байланыс орталығына әсіресе зейнетақы жинақтарының жай-күйі және үзінді көшірмені онлайн алу мәселелері бойынша қоңырау шалады. Операторлық жүйенің жұмысы да бір сәтке тыным таппайды. Аптаның басында қоңыраулар көп тіркелетін, ал Әлеуметтік кодекс күшіне енгеннен бері салымшылардың сұрақтары екі еселеніп, күніне 100-130 аралығында қоңырау келіп түседі. Оператор телефон арқылы салымшы мәселесінің шешімін табуға көмектеседі, ал егер орындауға мүмкіндік болмаса БЖЗҚ-ның жақын жердегі бөлімшесіне келуге кеңес береді.
Петропавл қаласының Бөкетов көшесіндегі 31 «А» мекенжайда орналасқан «БЖЗҚ» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының кеңсесінде болған бір күн ішінде мұндағы жұмыс ағынының қарбаласпен жылдам өте шығатынына, әрі мамандарға ризашылықтарын білдірген адамдар көп екеніне куә болдық. Атап кететін тағы бір жәйт, халықпен тікелей байланысты операциялық бөлім мен байланыс орталығы ғана емес, филиалдың әкімшілік штабы да атқарады. Филиал директоры мен орынбасары азаматтарды әртүрлі мәселелер бойынша күн сайын қабылдайды екен. Демек, филиал әкімшілігі де күнделікті қызметтерінде ашықтық қағидасын ұстанып, тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Ал бұл бүгінгі күннің талабы және өзгелерге үлгі боларлық көрініс.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».