МІРЖАҚЫП ТУРАЛЫ ФИЛЬМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар кинотеатрларында неге көрсетілмейді?

Өткен жылы «Қазақстан» телерадиокорпорациясы Алаш арысы Міржақып Дулатұлының өмірінен сыр шертетін «Міржақып. Оян, қазақ!» сериалын түсіріп, аталған туынды көрерменнің жоғары бағасына ие болды. Соңғы кездері сынға жиі ұшырайтын қазақ киноларының арасында аталған сериалдың бәсі биік тұр.

Туындыдағы заман келбетінің шынайылығын, актерлардың шеберлігін кино сыншылары мен белгілі қаламгерлер жиі айтады. Алайда «Міржақып. Оян, қазақ!» – тың руханиятымызға әкелген жаңалығы бұл ғана емес. Күні кеше сериал негізіндегі толықметражды фильм кинотеатрлар арқылы көрерменге жол тартты. Бұл да болсын кенже қалған қазақ киноиндустриясы үшін үлкен жаңалық. Сүйінші хабарды естіп, ішімізде кинотеатрлардағы арзан күлкі мен арсыз әзілге құрылған дүниелерді отандық ойлы туындылар алмастырудың басы осы болар деген сенім оянды.

Ұлттық арна таратқан «еліміздің барлық кинотеатрларында» деген ақпаратты оқып, Қызылжардағы кинотеатрлардың кестесін қарай бастадық. Алайда сеанстардың уақытын бір апта бұрын жариялайтын кинотеатрлардың тізімінде «Міржақып. Оян, қазақ!» болмай шықты. Прокатқа 21 қыркүйек шыққан фильм біздегі кино көрсететін орындардың 27 қыркүйекке дейінгі жоспарында жоқ. Өйткені кино залдары өзге тілдегі фильмдер мен «Жүгірмек», «Байдың қызын аламын», «Жол», «Түпсана және жасыл нәски» сияқты арзанқол комедияларды көрсетуден босамайды екен. Ұлтымызды оятар туынды жұртшылықтың жоғары бағасын алып, енді үлкен экранға жол тартқанда қызылжарлық киногерлердің қалғып отырғаны қайткені?

Мұның себебін білмек болып «Қазақстан» кинотеатрына хабарласқанымызда ондағылар 15 қыркүйектен бастап кино көрсетуді тоқтатқандарын айтты. Қала орталығындағы «Новый свет» өкілі көрсетілім кестесінің алдағы бейсенбі жаңаратынын, біз сұраған фильмнің сол кезде көрсетіле бастауы мүмкін екенін айтып, көңілге үміт сыйлағандай болды. Ал өзге екі кинотеатрдың әкімшілері редакциядан барған тілшімізден қашқақтап, сұрақтарын жауапсыз қалдырған. Облыстағы мәдениетке жауапты басқарма өкілі де мұндай орындардың өз тізгіні өзінде екенін жеткізді. Әдетте әлдебір шетелдік туынды жарыққа шығып я комедия түсірілсе жарнамасын жасап, жұртшылыққа жар салатын кинотеатрларымыздың ұлттық рухқа суарылған осындай дүниелеріміздің көрсетуге келгенде бұғып қалатыны қызық. Мұндайда ойға ақынның:

Найзаменен түртсе де,

Жатырмын, қазақ, оянбай.

Мұнша қалың ұйқыны

Бердің бізге, ой, Алла-ай!-деген жыры оралады.

Ал фильмнің басты кейіпкері Міржақып Дулатов болса Қызылжар жері үшін бөтен тұлға емес еді. Алаш арысы өзінің «Оян, қазақ!» кітабы жарыққа шығып, қатал сынға ұшырағаннан кейін Қызылжарға келіп еңбек еткен. Осында жүрген жылдары Мағжан Жұмабаевқа сабақ береді. Өзінің «Бақытсыз Жамал» романынан да Қызылжар атауын кездестіреміз. 1918 жылы өңірімізге бір топ алашордалықтарды бастап келіп, Аққұсақ жиынына қатысқаны мәлім. Бұдан да өзге талай еңбектерімен, қайраткерлік қызметімен халқының жүрегінен орын алған арысымызға кинозалдардан орын табылмай жатқаны өкінішті.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp