СУ ҚҰБЫРЛАРЫН ТАРТУҒА ҚАРЖЫ ҚАЖЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы «Әділетті  Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Электр қуаты, жылу және су – тұрмысқа аса қажетті игіліктер. Оны үнемдеп пайдалану керек. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы» деген болатын. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – мемлекеттің стратегиялық міндеттерінің бірі. Сондықтан  Парламент Сенатының депутаттары, жерлесіміз  Әсем Рахметова мен Ольга Перепечина  Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында  өңір тұрғындарын толғандырып отырған ауыз сумен қамтамасыз ету, оның ішінде құрылысы ұзақ жылдарға созылып кеткен су тораптары мәселесін  көтерді.

–Солтүстік Қазақстан облысының топтық су құбырларының желісі еліміздегі ең ұзыны, 3 мың шақырымнан асады. Оның 2 мың шақырымнан астамы, яғни, 63 пайызының әбден тозығы жеткен.  Өңірдегі 635 ауылдың (278,2 мың тұрғыны бар) 253-і ғана орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген.  Осылайша облыстағы 382 ауылдық елді мекеннің (60.2 пайызы) 119 мың тұрғыны орталықтандырылған су желісіне қол жеткізе алмай отыр, – деді сенатор Әсем Рахметова.

Мәселені оң шешуге кедергі келтіріп  отырған бірнеше фактор бар. Соның негізгісі бірқатар топтық су желілерінің құрылысының ұзаққа созылуы. Мәселен,  14 елді мекен мен бір қалаға су жеткізуді көздеген Преснов топтық су желісін қайта құру жобасы осыдан  9 жыл бұрын қолға алынған. Осы уақыт ішінде жұмыстың 56  пайызы  атқарылды. Келесі жылы жұмысты жалғастыру үшін 1 млрд. теңге қаржы керек, әзірге қарастырылмаған.

Ал 14 ауылға су жеткізетін Соколов топтық су желісін қайта салу жобасының екінші кезеңі жүзеге асыру   2018 жылы басталған.  Жалпы құны 5 млрд 969 млн теңге. Бес жылдың ішінде жұмыстың 31  пайызы  орындалды. 2021 жылдан бері ұзаққа созылған сот процестері жүрді. Келесі жылға қосымша 1 млрд. теңге керек.

Осындай жағдай Булаев топтық су құбырын қайта жаңарту жобасы бойынша да қайталанып отыр.    Тайынша ауданының 14 ауылы мен Ақжар ауданының 5 ауылын сумен қамтамасыз ететін  бұл жобаға да келесі жылға 1 млрд. теңге қажет.  Алайда  қаржы  қарастырылмаған. Жалпы бұл жоба бойынша жұмыс аяқталғанда 39 елді мекенді ауызсумен жабдықтау жақсарады деп жоспарланған еді.

17 ауылды Есіл топтық су құбырына қосатын жүйені қайта қалпына келтіру  жобасының сараптамасы өткен жылы аяқталды. Бұл жобаға да қажетті 1 млрд. теңге қаржы қарастырылмаған.

Депутаттық сауалда атап көрсетілгендей,   бұл жобалардың жобалық-сметалық құжаттарының бірнеше рет мерзімі аяқталып, жарамсыз болып қалған.  Бұрынғы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті, “Қазсушар” РМК, “Нұра топтық су құбыры” РМК жобаларды уақтылы қайта қарау, түзету, оларды сараптамаға жіберу және одан әрі іске асыру жөнінде уақтылы шаралар қолданбаған. Жауапсыз мердігерлер, бірнеше жылдарға созылған сот процестері аса маңызды жобалардың жүзеге асырылу уақытын созып жіберді.

Осы ретте  халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жолындағы келелі мәселелерді шешуге жаңадан жасақталған Су ресурстары мен ирригация министрлігі, оның ішінен қайта құрылған Ұлттық гидрогеологиялық қызметіне  үміт артқан  Сенат депутаттары Үкімет басшысынан министрлік тарапынан Солтүстік Қазақстан облысының Преснов, Соколов, Булаев және Есіл топтық су құбырларын қайта құру жобалары бойынша шұғыл шешім қабылдау мәселесін қарастыруды  сұрады.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp