Биыл «Қазақстан халқына» қорының білім гранттары» қайырымдылық бағдарламасы аясында 850 грант бөлініп, оның тоғызы Солтүстік Қазақстан облысының балаларына бұйырды. Қайырымдылық қорының қолдауымен облысымыздың тоғыз түлегі студент атанып, тегін білім алуда.
Студенттер «Қазақстан халқына» қоры есебінен білім алып қана қоймай, ай сайын шәкіртақы алу мүмкіндігіне де ие. Грант иегерлерінің тізімі қордың сайтында жарияланды.
Естеріңізге сала кетейік, грантқа өтініш қабылдау 2023 жылдың 1 тамызынан 30 тамызына дейін қабылданды және қор серіктестері – «Taiburyl» ҚБ және «Эндаумент КАЗГЮУ» КҚ платформасы арқылы жүзеге асырылды. Конкурсқа мүмкіндігі шектеулі, кәмелетке толғанға дейін жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, тұрмысы төмен ауыл отбасыларынан, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған толық емес отбасылардан шыққан 29 жасқа дейінгі студенттер мен түлектер қатысқан. Бұл гранттың бір артықшылығы – оқу бітірген соң грант ақысын өтеу талабы жоқ. Жалпы құрылғанына бір жылдан асқан «Қазақстан халқына қолдау» қорының осынау уақыт ішінде мұнан да басқа жүзеге асырған жобалары өте көп. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған қор биылғы жарты жылдықтың өзінде сомасы 55 млрд. теңге болатын 12 қайырымдылық бағдарламасы мен жобасын бекітіп, үлкен жұмыстарды атқарды.
Тарқатып айтар болсақ, «Қазақстан халқына қолдау» қайырымдылық қоры денсаулық сақтау саласында 43,6 млрд. теңге сомасына қайырымдылық бағдарламаларын бекітті. Шалғай өңірлерде жылжымалы медициналық кешендерді құру жөніндегі «QH денсаулық жолы», онкологиялық медициналық орталықтарды жабдықтармен жарақтандыру жөніндегі «QH жабдықпен жарақтандыру бөлігінде онкологиялық қызметті дамыту», «QH балалар нейрохирургиялық қызметін дамыту» бағдарламаларын, онкологиялық аурулары бар азаматтарды дәрілік заттармен қамтамасыз етуді қаржыландыру сияқты жұмыстарды жүзеге асырды. Осы денсаулық сақтау бағыты бойынша өмірге қауіп төндіретін және орфандық сырқатқа шалдыққан Солтүстік Қазақстан облысындағы 18 науқасқа 734,95 млн. теңгеге дәрі-дәрмек сатып алынса, сондай диагноздағы 20 кісі шетелде ем алуға жіберілді. Сонымен қатар облысымызда қан тамырлары дертіне шалдыққан 2 балаға арнайы дәрі-дәрмек терапиясын тағайындау үшін қор тарапынан қолдау жасалды.
Бұдан басқа, өңірлік медициналық мекемені офтальмологиялық жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында көп бейінді облыстық ауруханаға 4 млн. теңгеге диагностикалық линзалар мен офтальмоскоп қойылды.
Қордың қолдауымен денсаулық сақтау ұйымдарында қызмет атқаратын генетиктер, ультрадыбыстық диагностика мамандары, онкологтар, гематологтар шетелдік мамандардың қатысуымен өткен шеберлік сыныптарға қатысты. Сонымен қатар онкологиялық қызметті дамыту жөніндегі жоба аясында өңіріміздегі көпбейінді облыстық ауруханаға 3 млрд. теңгеге желілік үдеткіш пен компьютерлік томограф орнату жоспарланып отыр. Дәл осындай жоспар бойынша көпбейінді облыстық балалар ауруханасына да 66,2 млн. теңге сомасына арнайы жабдықтар жеткізу қарастырылған.
Соңғы уақытта қатерлі дертке шалдыққандар саны күн санап көбеюде. Осы мәселеге байланысты да «Қазақстан халқына» қоры шет қалмай, барынша көмек қолын созуда. «Қатерлі дертпен күрес – уақыт күттірмейтін маңызды мәселе. Адам өмірін сақтап қалуда, дертіне дәрмен табуына жәрдем етуде қор шет қалмақ емес. Сол себепті біз еліміздегі онкология қызметтерін дамыту жұмысына қатысуға өтініш білдіріп, Үкіметтің келісімін алдық. Бұл жоба бойынша қазіргі кезде Абай, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан, Алматы мен Астана қалаларында 19,8 млрд.теңгенің ауқымды жұмыстары жүргізіліп бастады», – деп мәлімдеді “Қазақстан халқына” қоғамдық әлеуметтік қорының төрағасы Болат Жәмішев.
Еліміздегі денсаулық саласында өзекті проблеманың бірі аутизм дертіне шалдыққан балаларға қатысты екенін тілге тиек еткен қор басшысы алдағы уақытта аудан орталықтарында егер ғимараттары дайын болса, оларды құрал-жабдықпен қамтамсыз етуге, мамандарды оқытуға қордың дайын екенін айтып өтті.
Сегіз өңір бойынша «QH Аудандық оңалту орталықтары» қайырымдылық жобасын іске асырудың екінші кезеңінде шалғай аудандарда оңалту орталықтарының қолжетімді желісі жүзеге асырылуда. Орталықтар заманауи жабдықтармен жабдықталып, мамандар оңалту жұмыстарын жүргізудің тиімді әдістері бойынша қосымша білім алуда.
Бірінші кезең аясында жергілікті атқарушы органдар Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Жетісу және Ұлытау облыстарындағы 8 аудандық оңалту орталығына арналған ғимаратты белгілеуі қажет еді. Бірінші кезең жұмысының аяқталуына байланысты Қамқоршылық кеңес қайырымдылық жобасын іске асырудың екінші кезеңіне көшуді бекітті. Ендігі жерде қор алдағы уақытта жалпы сомасы 1 929 694 480 теңгеге 8 оңалту орталығын жарақтандырады. Осыған орай Солтүстік Қазақстан облысындағы көпбейінді облыстық балалар ауруханасында 241,2 млн. теңгеге және Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасында 241,2 млн. теңгеге екі оңалту орталығын ашу жоспарланып отыр.
Әлеуметтік қолдау және оңалту саласында 6,03 млрд. теңге сомасына оңалту орталықтарын жарақтандыру жөніндегі «QH оңалту орталықтары» бағдарламасы аясында «QH аудандық оңалту орталықтары» жобасы бекітіліп, іске асырылуда. Соның ішінде облысымыздың екі тұрғынына жалпы сомасы 18,3 млн. теңгеге инновациялық протез алынды. Ал тірек-қимыл аппараты бұзылған бір бала 9 млн. теңгелік экзоскелетпен қамтамасыз етілді.
Қордың «Ауылдық жерлерде 63 тірек мектептің әлеуетін дамыту» бағдарламасы бойынша облысымыздағы №2 Кішкенекөл орта мектебі мектепалды интернатының материалдық- техникалық базасы 249,8 млн.теңгеге жаңартылды. Екінші кезең бойынша Кинорежиссер Аяған Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебінде, №1 Мамлют мектеп-гимназиясында, Қожаберген жырау атындағы жалпы білім беретін мектепте, Батыр Баян атындағы мектеп-гимназияда 1 млрд.теңге сомасына тірек мектеп құру жоспарланған.
Өңірдегі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы мектепті жабдықтау жұмысы 94,25 млн. теңгеге 4 мектепте жүзеге асырылып, тағы да бірнеше білім ошақтарында жұмыс жүріп жатыр. Олар – Ломоносовка ауылындағы «Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Ломоносов арнайы (түзету) мектеп-интернаты, Петропавл қаласындағы есту қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернаты, Соколовка ауылындағы Соколов арнайы мектеп-интернаты, Чкалов ауылындағы даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Чкалов арнайы (түзету) мектеп-интернаты. «Қазақстан халқына қолдау» қорының арнайы мектептерді жабдықтау жоспарында Петропавл қаласындағы даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №1 арнайы (түзету) мектеп-интернаты, Шөптікөл ауылындағы Шөптікөл арнайы мектеп-интернаты мен Петропавл қаласындағы даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №2 (түзету) мектеп-интернаты бар. Бұл білім ошақтары үшін қордың бюджетінен 68,8 млн. теңге бөлу қарастырылып отыр.
Солтүстік Қазақстан облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған жеті мектепке «Қазақстан халқына» қоры арқылы заманауи оқу және дамыту жабдықтары сатып алынбақ.
Облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібековтің айтуынша, биыл «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен Соколов, Ломоносов, Чкалов түзету мектеп-интернаттарына және есту қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатқа заманауи жабдықтар алынады. Оның ішінде ағаш ұстасы, слесарь, тігін шеберханаларын, психологтар мен логопедтер кабинеттерін, спорт залдарын жарақтандыру міндеті тұр.
Сондай-ақ Петропавлдың 3 мектебінде – №5, 9, 42 орта мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттерін ашу жоспарланған. Қордың басты мақсаттарының бірі де – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар, оларға жағдай жасау. Жыл соңына дейін қордың жоспарында өңірімізде аутизм орталығын ашу бар. Сондай-ақ биыл ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша білім беру үшін де жағдай жасалмақ.
Қазірдің өзінде фортепиано, көркем өнер, хореография және сәндік-қолданбалы шығармашылық бағыттары бойынша «Жас Дарын» өнер мектебіне қабылдау жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта балалар мен жастарға арналған облыстық мәдени орталықта ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған үйірмелер ашылады.
Инженерлік қабілетті дамыту мақсатында Қазақстанның 187 мектебі, соның ішінде облысымыздағы 13 мектеп жалпы сомасы 46,8 млн. теңгеге робототехниканы зерделеуге арналған бағдарламалық-аппараттық кешенмен жабдықталды. «Болашақ инженерлер» атты бұл жоба бойынша білім алатын 1-6 сынып оқушылары компьютерде бағдарлама жасауды, электротехника, мехатроника және түрлі құрастыру бағыттарында білімін шыңдайды. «Бір қарағанда RED құралдарымен, электроникалармен жабдықталған шағын ғана кабинет. Алайда осы жерде білім алатын әрбір баламыз болашақтың мамандығы саналатын робототехниканы бағдарлауды оқып үйренеді. Негізінен бұл мамандық болашақтың емес, дәл қазір сұранысқа ие мамандық дер едім», – дейді қордың басқарма басшысы Болат Жәмішев.
Спорт саласында қордың 14 млрд. теңгеге «Ауылдық жерлерде, моно және шағын қалаларда жылдам салынатын модульдік спорт залдарын орнату арқылы спорттық инфрақұрылымды дамыту» бағдарламасы бекітілді. Осыған дейін қабылданған бағдарлама шеңберінде қор спортшыларды пара-жеңіл атлетикаға дайындау және қатысу үшін 11 спорттық-жүгіру протездерін дайындауды қаржыландырды. Сонымен қатар бірнеше аймақта қордың есебінен спорт залдар ашылды. Оның ішінде Есіл ауданының Покровка кентінде ашылған спорт зал бар. Алдағы уақытта да параспортшыларға арнайы протездер әперу және өңірлерде спорттық инфрақұрылымдарды дамытуда қор тарапынан үлкен іс-шаралар атқарылады деп жоспарлануда.
Жалпы алдағы уақытта өңірімізде атқарылуға тиіс жоспарлар бойынша «Қазақстан халқына» қорының бюджетінен 4,5 млрд.теңге бөлу қарастырылып отыр.
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».