ТАУАҒАШТА ТУҒАН ТАУ ТҰЛҒА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби философ, Қазақстандағы жоғары мектептің алғашқы педагог-ұйымдастырушыларының бірі – Үмітбай Меңдекеұлы Балқашовтың туғанына биыл  125 жыл толды.

Үмітбай Меңдекеұлының өз қолымен жазған ғұмырнамасында: «1898 жылдың желтоқсан айында Ақмола губерниясы, Петропавл уезі, Еменалы болысында тудым!» делінген.  Бұл – қазіргі Есіл ауданындағы Тауағаш ауылы. Алғаш рет молдадан сауат ашқан Үмітбай 13 жасында, яғни 1911-1915 жылдары Тілеп (қазіргі Мәдениет ауылы – С. Қ.) мектебінде жәдидше оқытатын Нұғыман Оралкиннен сабақ алады.  Ал Мәдениеттің тумасы, ұзақ жылдар бойы Қызылжардың педагогикалық институтын басқарған Қанаш Шәкенов бір еңбегінде: «…в этом мектебе я проучился четыре года у одного молодого мугалимма, с прогрессивными идеями» деп еске алыпты. Оның мәліметінше, Үмітбай оқыған Тілеп мектебінде Шәкен Жолтаев, Бірәлі Қазкин, Сұраған Жанахметов, Ғабдолла Шоқаев сынды көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар сабақ берген.

Үмітбай Тілеп мектебін тамамдаған соң өзінің ұстазы Нұғыманның  ауылына барып бір-екі жыл мұғалім болып, тәжірибе жинаған соң Троицк қаласындағы «Уазифа» медресесіне оқуға түседі.  Ол революционер ақын Баймағамбет Ізтөлинмен бірге оқиды. 1919 жылы  астан-кестен төңкеріс болып жатқанда медресе жабылып, кейіпкеріміз Колчак өкіметінің астанасы саналған Омбы қаласына оқу іздеп келеді. Осы қалада «Алаш» автономиясы ашқан мұғалімдер курсында оқып жатқан Сәбит Мұқановпен алғаш рет жолығады. Бұл жайында академик-жазушы Қызылжардың әдеби энциклопедиясы іспеттес «Өмір мектебінің» ІІ кітабында былай деп жазады:

       – Әлі есімде, ескі шұғадан тігілген шалбардың әлденеше сөгіліп, тігілген ауын құрастыра алмай, оңаша бір бөлмеде азаптанып отыр едім, Қаныш кеп есік қақты да:

       – Сәбит ағай, сізді бір туысқаныңыз іздеп келді, тыста шақырып тұр, – деді.

… Ол қазіргі философия ғылымының мұғалімі, Үміт Балхашов екен. Мен оны бұрын естіген де, білген де жоқпын. Сұрастыра келсем, руы Керейдің ішінде Шағалақ екен. Соңғы екі жылда Троицк қаласындағы «Уазифа» атты татар медресесінде оқиды екен. Жуырда оқулары жабылып, Омбыға оқу ниетімен келіпті.

Алайда, Үмітбай Балқашов  оқуға орналаса алмай, туған ауылына қайтады. Біраз жыл, заман тынышталғанға елде қашып-тиіп бала оқытып, басқа да шаруалармен айналысып жүреді. НЭП кезінде Тауағашта кооператив ашқан аталасы Қазыбек Мұратбекұлының хатшысы болады. Дегенмен де, ғылым үшін жаралған талапкер бұл өміріне қанағаттанбай,  1922-1926 жылдары Қазақ АССР-ының астанасы Орынбордағы рабфакты үздік деген бағамен бітіріп шығады.  Оның  қазақ зиялы қауымы өкілдерімен достасқаны да осы жылдарға сәйкес келеді.  Ғабит Мүсірепов: «Не забвенному другу У. Балхашову на долгую память. Не забудь студенческие годы. Г. Мусрепов. 10.06.1926 год. Оренбург, рабфак», – деп орыс тілінде  жазылған қолтаңбасы бар суретін Үмітбай Меңдекеұлына сыйға тартқан. Сәбит  Мұқанов «Өсу жолдарымыз» еңбегінде Үмітбайдың жеке мұрағатында Ғабиттің 38 хаты сақталғанын  жазған.

Ізденуден ерінбеген жігерлі азамат Мәскеуге арман қуып аттанып, екінші Мәскеу мемлекеттік университетінің әлеуметтік-экономикалық факультетін (кейін Ленин атындағы педагогикалық институт деп аталған) 1930 жылы бітіреді. Тауағаш ауылынан  шыққан тұңғыш жоғары білімді маман атана салысымен, Алматы қаласындағы Қазақстанда алғаш рет ашылған жоғары оқу орны – Абай атындағы педагогикалық институттың қоғамдық-экономикалық бөліміне меңгеруші болып қызметке орналасады. Арада көп уақыт өтпей институт директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалады.

1967 жылдың 2 қарашасында «Социалистік Қазақстан» газетіне басылған Сәбит Мұқанов пен Мәлік Ғабдуллиннің «Азамат. Ғалым. Ұстаз» атты көлемді мақаласында:

– Шынын айту керек, ол кезде институтқа сабақ беру жас мұғалім Ү. Балхашовқа оңай іс болған жоқ. Оған екі түрлі  үлкен қиыншылық кездесті. Біріншіден, 30-шы жылдардың басында студенттер орыс тіліне шорқақ еді, екіншіден қазақша жазылған оқулық түгіл, оқу құралдары да болмайтын.

…Осы бір шақта жас оқытушының қолға алған және нәтижелі жүргізген жұмысының бірі философия пәнінің қазақша сөздігін жасау еді. Ол кезге дейін қазақ тілінде сөздік түгіл, философияның атаулары да болмағанын еске алсақ, мұндай игілікті істі Қазақстанда тұңғыш рет бастаушы және алғашқы авторы деп Ү. Балхашовты атауға тиістіміз.

Сол жылдары жас оқытушы филоософия төңірегінде ғана қалмай қазақ әдебиеті және қазақ тілі туралы біраз зерттеулер жазды. Бұған оның сол кезде одақтық және республикалық баспасөз бетінде шыққан еңбектері дәлел, – деп жазады.

1934 жылы қазақтың журналистика институты ашылды (кейін жартылай ҚазМУ-ге, жартылай жоғары партия мектебіне қосылып кеткен.  Бір кездегі дербес оқу орны болыпты – С. Қ.). Үмекеңді жоғарыдағылар  сол институтқа ректор қылып жібереді, ол бұл қызметті  1939 жылға дейін атқарады. 1937-1938 жылдардың қасіреті Үмітбай Балқашовты да айналып өткен жоқ.  Ешкіммен жауықпайтын, артық сөйлемейтін кішіпейіл, жалаңтөс «қызыл» белсенділіктен аулақ болса да, полковник атағын алған Ахмет Малдыбаев ұсталып кеткенде оның отбасына, інісі Қабдолла мен баласы Ақжолға жатақханадан орын алып бергені үшін  ауыр сөздер естіп, сөгіс алады.  1939-1941 жылдар аралығында Қазақстан КП Орталық Комитетінің «Большевиктік агитатор» атты баспасөз органына жауапты редактор болады. Ал, 1941-1942 жылдары Қазақ ССР-ының республикалық радиосы төрағасының орынбасары қызметін атқарып, 1942 жылы майдан алаңында жүріп, Қызыл Армияның Бас Саяси Басқармасының үгіт бөлімінде қызмет етеді. Бірінші Беларус майданының «Красная Армия» деген газетінің қазақ тіліндегі нұсқасына  жетекшілік етеді. Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталып, 1946 жылы Алматыға оралғанда КСРО Ғылым Академиясының Қазақстандық филиалының алғашқы президенті Қаныш Сәтпаев Академияның философия секторын басқаруға шақырады. Осынау жауапты қызметті атқара  жүріп ҚазМУ мен ҚазПИ-де философиядан сабақ береді.

1950 жылы ұстаздыққа біржола ауысып, ҚазПИ-дің доценті болады. С. Мұқановтың «Өсу жолдарымыздағы» 50 беттік «Досыма хат» бөліміндегі хат түгелімен ғылыми атаққа құнықпаған Ү. Балқашовқа арналғанын біріміз білсек, біріміз білмейміз.

Үмітбай Меңдекеұлы философия ғылымы бойынша «Диалектикалық материализм туралы», «Қазақтың ХІХ ғасырдағы қоғамдық-саяси пікірі» атты зерттеу кітаптарын, «Орысша-қазақша философиялық терминдердің сөздігін, осы тақырыпта 100-ден астам мақала жазған. 1968-1977 жылдары Қазақ совет энцеклопедиясының жұмысына белсенді араласқан. Оған энцеклопедияның бас редакторы, академик Мұхамеджан Қаратаевтың «Қадірлі, Үмеке!» деп басталатын жазған хаты сақталыпты. Мазмұнына назар аударсақ, хатта Үмітбай Балқашов 45 мыңнан артық терминге түсінік беретін 12 томдық энцеклопедия шығарғалы жатқанын айта келе «дәл осы тұста әрбір пән маманының, көп білетін шежіреші кісілердің кеңесі мен көмегіне зәруміз. Сол үшін сіз өз мамандығыңыз бойынша немесе өзіңізге көбірек таныс ғылым, білім беру саласынан энцеклопедия сөздігіне енуге тиіс деп тапқан ұғымдарыңызды жазып жіберсеңіз халықтық іске қосқан үлесіңіз болар еді» дейді.

1945 жылы «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен,  бірнеше медаль,  Жоғарғы Кеңес Президиумының «Құрмет грамотасымен» марапатталып, бірнеше рет депутат болып сайланған. 1998 жылы ҚазПИ-дің 70 жылдық мерейтойында атақты адамдар мен алғашқы ұстаздарға арнап қойылған құлпытаста есімі жазылған.

Үмітбай Меңдекеұлы көзі тірісінде ұрпақ қызығына бөленіп, жары Рабиға екеуі екі қыз бен бір ұл сүйеді. Өкінішке қарай, ұлы Болат өмірден ерте өтті. Ал, Ләйлі, Римма қыздары екі әулеттің отанасы атанды.

1979 жылы 2 шілдеде 81 жасында дүние салған ардақты азамат Алматы қаласындағы Кеңсай зиратында жерленген.

Тауағашта туып, ғылым жолында талай белестерді бағындырып, Алматыда көз жұмған тау тұлғаның есімі күн өткен сайын тарихтың тасасында  еленбей қалуда. Ғұмырдариясы жерлестеріне беймәлімдеу қазақтан шыққан философтың  артына қалдырған мұрасын  әдістемелік құралға айналдыратын уақыт жеткендей.  

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp