ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімдігінде ел тарихында тұңғыш рет еркін күрестен әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұханға құрмет көрсетілді. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов жеңімпазды құттықтап, сый-сияпат табыстады.

Салтанатты жиынға спорт саласының қызметкерлері мен ардагерлері жиналды. Бірінші болып сөз алған облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов әлем чемпионы Ризабек Айтмұханның жеткен жетістігіне тоқталып, оған алдағы жарыстарда сәттілік тіледі.

– Сербияның Белград қаласында өткен әлем біріншілігінде ұлттық құрамамыз жақсы нәтиже көрсетті. Уәлиханов ауданының тумасы Ризабек Айтмұхан ел мерейін үстем етті. Ол еліміздің спорт тарихында еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионы атанды. Біз оның жеткен жетістігін мақтан тұтамыз. Бұл жеңіс соңынан ерген жас балуандарды қанаттандырады деп ойлаймын, – деді өңір басшысы.

Грек-рим күресінен КСРО-ның құрметті спорт шебері, облыстың құрметті азаматы Жамбыл Тасеменов спорт ардагерлері атынан әлем чемпионына жылы лебізін білдірді. Оның сөзінше, теріскей балуандардың ұстаханасы іспеттес. Нәтижесі – дүниежүзілік жарыстарда ел үмітін үкілеген спортшыларымыздың жеңісі.

Ғауез Нұрмұхамбетов чемпионға 3 млн. теңгенің сертификатын табыстады. Өз кезегінде әлем чемпионы құрмет көрсеткен өңір басшылығына алғысын білдіріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

– Әлем чемпионы атанған соң еліміздің үш өңірінде болдым. Алдымен Алматы қаласы мені құшақ жая қарсы алса, кейін Көкшетау жұртшылығы мен туған жерім Уәлиханов ауданында болдым. Енді сәті түсіп Қызылжарда қоштеметке бөленіп отырмын. Әлі талай жарыста алтын медаль үшін күресетін боламын, – деді Ризабек Айтмұхан. Шарада жерлесіміздің алғашқы бапкері әрі әкесі Қанат Жолдасбайға естелік қолсағат табысталды. Ризабек Айтмұханды өмірге әкелген анасына да құрмет көрсетілді.

Әлем чемпионы облыс орталығындағы Спорт сарайында жастармен кездесті. Жиналғандар Ризабек Айтмұханмен бірге фотоға түсіп, қолтаңбасын алып қалуға асықты.

Ризабек Айтмұқан Париж Олимпиадасы қарсаңында екі үлкен жарысқа қатысуды жоспарлап отырғанын айтты. Олар – ел біріншілігі мен Азия чемпионаты. Бұл сайыстарда отандасымыз 97 килограмм салмақта өнер көрсететін болады.

Аманжол НҰРТАЗИН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp