АҒА БУЫНҒА ҚҰРМЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бір ғасырдан астам тарихы бар, шаңырағын қазақтың азаттығы жолында құрбан болған Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов сынды  Алаштың жарық жұлдыздары қалаған абыз басылым – облыстық “Soltústіk Qazaqstan” газетінде ежелден қалыптасқан әдемі бір дәстүр бар. Газетіміздің бүгінгі биігіне жетуі үшін  бар өмірі мен қажыр-қайратын, қарым-қабілеттерін  арнаған ардагерлерге құрмет көрсету – біз үшін бұлжымас заң.

 Газет ұжымы биыл да осы әдетінен жаңылмай, 1 қазан – Халықаралық Қарттар күні қарсаңында басылымның  сарғайған әр бетінде  еселі еңбектері сайрап жатқан ардагерлеріне сый көрсетіп, оларды қонақ етті. Аға буын өкілдерінің  кең жайылған дастархан басында бір-бірлерімен қауқылдасып,  шүйіркелесіп, амандық-саулықтарын сұрасып,  газетіміздің өткен мен бүгіні жайлы әсерлі сөз сабақтаулары неткен әдемі көрініс десеңізші! 

Төл басылымымыздың оқырман қолына сапалы, әсем безендірілген деңгейде жетуіне бар білім-біліктерімен сүбелі үлес қосқан ардагерлерді  «Қызылжар-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры  Ербақыт Амантайұлы құттықтап, ізгі тілегін жолдады. Қаламгер  тарихы терең басылымның дамуына аға буынның қосқан еңбегі өлшеусіз екенін тағы бір мәрте айтып өтіп, оларды басылымның биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталғанынан,  газеттің қазіргі тыныс-тіршілігінен, жаңарған ұжым мүшелерінен, ел мүддесі жолында қолға алынған шаруалар легінен, басылымның биыл қол жеткізген жетісті  хабардар етті.

Содан кейін сөз сөйлеген есімі елге танымал журналист, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры  Жарасбай Сүлейменов, өңір жұртшылығына белгілі қаламгерлер: Нұрсайын Шәріп, Қошан Қали, Өмір Есқали  өңір баспасөзінің қарашаңырағына баланатын газетіміздің алаш ардақтыларының аманатына адалдық танытып, алған бағытынан жаңылмай келе жатқанын тілге тиек етті.   

Уақыт  – керуен. Бір өкініштісі, оқтай зулаған, аттай тулаған сол керуеннен өзінің көшін тоқтатқан аға буын өкілдері біздің ардагерлеріміздің қатарында да бар.  Біз бір-бірлеріне жылы жүзбен жымиысқан алдыңғы толқынның арасынан есімдері өңір жұртшылығына белгілі қаламгерлер  Амандық Жантеміров,  Жоламан Шаханов, Тоқтар Зікірин, Зейнолла Әкімжанов, Әскер Әбілқайыров сынды ағаларымызды кездестіре алмадық. Олардың атқарған еңбектері, қалдырған мұралары  ұмыт қалмады.

Осынау жарқын кездесуде есімі өңірімізге белгілі ақын  Жұмабек Рахимов  пен Жұмабек Тәшенов атындағы №20 мектептің мұғалімі Айдос Адақ әннен шашу шашып, кештің ажарын аша түсті.

Аманжол ЗАҒЫПАР,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp