«AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы жанындағы «Miras» аймақтық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиында алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында айтылған міндеттер мен оларды жүзеге асыру жайы талқыланды. Кеңес мүшелері мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, Қазақстан халқының тілдерін дамыту туралы Айыртау, Аққайың, Қызылжар, Тайынша, Шал ақын, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар мен Петропавл қаласында атқарылып жатқан шаралар туралы есепті тыңдады.
Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында: «Өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек», – деген болатын. «Miras» аймақтық кеңесінің мүшесі, «Қазақ тілі» қоғамы және «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Жанат Мұхаметжанов бағдармалалық құжатта көтерілген ұрпақ тәрбиесі, балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жайына кеңірек тоқталды.
– 2023 жылдың жартыжылдығында облыс аумағында 9 суицидке бару әрекеті мен 2 өлім тіркелді. Өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерінің себептері: ата-аналармен жанжал – 5, жалғыздық – 1, психиканың ауыр жағдайға байланысты – 2, құрбысымен жанжал – 1. Кәмелетке толмағандар арасында ерте жүктілік те – басты проблемалардың бірі. 2023 жылдың басынан Солтүстік Қазақстанда 30 жасөспірім қыз жүкті болып қалған, ал 2022 жылы 45 жасөспірім қыз екіқабат болған. Тоғызы түсік жасатқан, – деді баяндамашы.Бұл мәселелерді шешу үшін кәмелетке толмағандарға қатысты жасалатын зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейту қажет. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек.
Тілдік негізде кемсітушілікке жол бермей, мемлекеттік тілді одан әрі дамыту мен қолдануды ынталандыру «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасына енгізілген. Нақтырақ 65-ші тармақта жазылған тапсырмалардың қалай жүзеге асырылып жатқаны кеңесте талқыланды. Кіріс және шығыс құжаттарын мемлекеттік тілге көшіруде бәрі ойдағыдай, алайда қазақ сыныптарын ашу, идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды ауыстыру ісі сылбыр. Мәселен, Қызылжар ауданында 40 ауыл бар болса, соның 26-да қазақ мектебі түгіл, қазақ сыныптары жоқ. Басқа аудандардағы жағдай да аса мәз емес. Әсіресе, оңтүстік өңірлерден көшіп келген отбасылардың балаларына орысша оқу қиын тиіп тұр.
Көптеген ауылдарда Совхозная, Октябрь, Ленин сияқты әбден ескірген көше атаулары жетіп артылады. Тіпті Айыртау ауданындағы Қарақамыс сияқты таза қазақ ауылдарындағы көшелердің атауларының өзі орысша. Қызылжар ауданына қарасты Петерфельд ауылындағы Октябрь көшесіне ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың атын беру үшін тұрғындар қол жинап, аудандық әкімдікке берген. Неге екені белгісіз, мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. «MIRAS» кеңесінің кезекті отырысында аудан әкімінің орынбасары Алма Нұрғалиева бұл мәселені өз бақылауына алатынын жеткізді. Оның айтуынша, соңғы 3 жылда 38 елді мекендегі 139 көше қайта аталған. Виноградов, Якорь, Петерфельд, Рассвет ауылдық округтерінің көшелеріне Абай Құнанбаев, Мағжан Жұмабаев және Сәбит Мұқанов есімдері берілген. Бірақ алдағы уақытта атауын ауыстыруды қажет ететін ауылдар бар екенін мойындады. Соның бірі – тас жолдың бойынша тұрған Чапаев ауылы. Бұл мәселе бұған дейін де «MIRAS» кеңесінің отырысында көтерілген болатын.
Кеңес төрағасы Ербақыт Амантайұлы аудандар әкімдерінің орынбасарларына барлық елді-мекендерде қазақ сыныптарына қажеттілікті анықтап, мүмкіндігінше ашу, идеологиялық жағынан ескірген атауларды ауыстыруға атсалысу қажеттігін ескертті. Әсіресе, республикалық трасса бойындағы егемен елдің бүгінгі саяси ұстанымына сай келмейтін атауларды ауыстыратын кез келгенін қадап айтты.
Ілияс СӘБДИНОВ,
«AMANAT» партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.