«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЙЫМДАСТЫРА БІЛГЕННІҢ ІСІ ҰТЫМДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхам­бетовтің төрағалығымен әкімдіктің кезекті отырысы өтті. Ауыл ша­руа­шылығы және жер қатынаста­ры бас­қармасының басшысы Мей­рам Мең­дібаев астық жинау бары­сы­на тоқ­талды. Биыл диқандар 3,4 млн. гек­тарға дәнді және бұр­шақты, 685,8 мың гектарға майлы, 367,4 мың гек­тарға жемшөп дақылда­рын, 28 мың гектарға картопты, 5,5 мың гектарға көкөніс егіп, шашаусыз жи­нап алу нау­қанына тамыз айынан жұ­мыла кіріскен. Нөсер жаңбыр бас­тал­ғанға дейін 900 мың гектар ал­қап­тың ас­тығы бастырылып, қамба­ға 1 млн. тон­надан астам ел ризығы құ­йыл­ған. Егін орағының талапқа сай ат­қа­ры­луына ауа райының құ­былмалы­лы­ғы кедергі келтіріп, шы­ғым­дылық пен сапаға кері әсер ет­кен. Алайда фер­мерлердің техни­ка­лық дайын­ды­ғы, озық технология­ларды қол­дануы, ауа райының күр­де­лілігін ес­кере оты­рып, жұмысты нақты әрі тиімді ұйымдастырудың арқасында қиындық­тар­ды еңсере білді.

Бүгінгі таңда дәнді және бұршақ­ты дақылдардың 93,2 пайы­зы жина­лып, 3,4 млн. тонна өнім алынды. Түсім гектарынан 10,8 цент­­нерден ай­­налды. Қызылжар, Мамлют, Ақ­қайың және Есіл аудан­дарында өнімділік жоғары (тиісінше 17,1, 14,4, 14 центнер). Ылғал тап­шы­лы­ғы Уәлиханов (6,3 центнер), Ақжар (6,3 центнер), Тайынша (7 центнер) және Тими­рязев (8.9 центнер) ау­дан­дарында қатты бай­қалды. Май­лы дақылдардың үш­тен бірі, картоп­тың 82,6, көкөністің 79,5 пайызы жинап алынды. Күзгі ораққа 7,3 мың комбайн, 5,7 мың жүк көлігі қатысуда. Диқандар қауымына мемлекет тарапынан литрі 250 теңге тұра­тын 58,9 мың тонна арзандатылған ди­зель отыны беріледі.

Баяндамашы өндірілген астық­тың сақталуын толық қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. 6,9 млн. тонна астық сақтай ала­тын 48 элеватор және ар­найы орындар дайын. Бүгінге дейін лицензиялан­ған астық қа­былдау кәсіпорындары 780 мың тон­на көлемінде өнім қа­былдап үл­герді. Оның 58 пайызы үшінші сы­ныпқа жатады. 317 агрегат тәулігіне 233 мың тонна астықты кеп­тіре алады. “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” 116 мың тонна көлемінде ас­тықты форвард­тық сатып алуға шарт жасасты. Және де осы желі бойынша 35 серік­тестік 197 мың тонна көлемінде тауарлық кредит алуға қатысты. Ас­тықтың сапалық көр­­сеткіштерін қай­та қарау және тиімділігі мол дақылдарды орналас­тыру, сондай-ақ қай­тарылатын ас­тық мерзімін ұзарту, ақшалай қа­ра­жатпен өтеу мәселе­лерін қайта пы­сықтау жөнінде тиісті ведомство­ларға хаттар жіберілді. Өкініштісі сол, “Азық-түлік келісім­шарт корпора­ция­сы” АҚ астықты са­тып алу бағасын әлі бекітпеген.

Келесі жыл үшін 326 мың тонна тұқым дайындалды, бұл – жоспар­дың 68,6 пайызы. Тұқымның сұрып­тық және себу сапасын анықтау үшін жергілікті қазынадан 70 млн. теңге бөлінді. Барлық аудандарда зертха­на­лар құрылған. Топырақтың құнар­лы­лығын сақтау мақсатымен 2,6 млн. гектар алқапқа 190 мың тоннаға жуық минералды тыңайтқыш енгі­зілді. Жыл басынан бері 63,3 млрд. теңгеге 2086 техника сатып алынды. 1,4 млн. гектар сүдігер жыртылды. 897,4 мың тонна шөп, 233,7 мың тон­на пішендеме, 219,8 мың тонна сүр­лем, 599,5 мың тонна сабан, 417,5 мың тонна жем әзірленді.

Мемлекет ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау түрінде фермерлерге айтарлықтай қолдау көр­сетіп келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 63,1 млрд. теңгені құрады.

Атқарылып жатқан кешенді ша­ра­лар егін жинау жұмыстарын оң­тайлы мерзімде аяқтауға және ке­лесі жылдың қамына белсене кірі­суге мүмкіндік беріп отыр.

Алайда “Қазгидромет” РМК жергілікті филиа­лының директоры Қымбат Мерғалимованың алдағы ауа райына байланысты жасаған болжа­мы қуанта қойған жоқ. Ауа райы жауын-шашынды болады деп күтілуде екен.

Бас қосуда Ғабит Мүсірепов атындағы, Тайын­ша, Мағжан Жұмабаев және Айыртау аудандары әкімдерінің есептері тыңдалды.

Күн тәртібінде талқыланған екін­ші мәселе бойынша төтенше жағ­дай­лар департаментінің бастығы Ерік Сарыбаевтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, жыл басынан бері өңірде 448 өрт тіркеліп, 23 адам қай­тыс болған, 19 адам түрлі дене жа­рақатын алған. 415 млн. теңге мөл­шерінде материалдық зиян келген. Көміртегі тотығымен уланудың сал­да­рынан 9 адам көз жұмып, 27 адам зақымданған. Тұрғын үй секторында қаза тапқандардың ең көп саны об­лыс орталығында орын алып, 8 жағ­дай тіркелген.

Баяндамашы электр жабдық­тарын монтаждау және техникалық пайдалану, сонымен бірге пешті ор­нату және от жағудың қарапайым ере­желерін өрескел бұзуды өрттің негізгі себептеріне жатқызды. Биыл полиция департаментімен, атқару­шы органдармен, ерікті ұйымдар­мен бірлесе отырып, жүргізілген рейд­терге 114 мың адам қатысқан. 78 мыңнан астам жадынама тара­тылып, 27 брифинг, 109 интерактивті және ашық сабақтар өткізілген. 15 тамыз бен 15 қазан аралығы өрт қауіпсіздігі айлығы жар­ияланған. Профилактикалық шара­лардың дені халықтың әлеуметтік осал топтарына және от жағатын үй­лерге бағытталған. 2022-2023 жылдары жылыту кезеңінде 12022 адам тұратын 4137 отбасы есепке алын­ған. 829 тұрғын үйде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 1486 фактісі анықталған. Тиімді профилактикалық жұмыстың бір бағыты көміртегі тотығы, түтін газы құрылғыларын орнату болып табылады. Мұның өзі жеке тұрғын үй секторында адам өлімінің алдын алудың таптырмайтын құралы десе де болады. Мә­селен Ғабит Мүсірепов атындағы ау­данға қарасты Чистополье ауылын­дағы бір үйде өрт шығып, жатын бөлмеде ұйықтап жатқан үй иесі өрт құрылғысы дабылынан оянған. Бу­лаев қаласында да дабыл құрылғысының арқасында бір отбасыдағы 4 адам аман қалған. Бүгінде облыс аумағында 3243 құрылғы қойылған. Алда 894 құрылғы орнату көзделген.

Өкінішке қарай, облыс орталы­ғындағы және аудандардағы тұрғын үй секторы мен мал шаруашылығы объектілері маңындағы қаулай өс­кен қамысты, қураған шөпті шабу жұ­мыстары сын көтермейді. Бұл мә­селе Петропавл қаласында үлкен алаңдаушылық тудырып отыр.

Ведомство жетекшісі өрт жағ­дайын болдырмау, алдын алу үшін жеке секторды өрт хабарлағыш құ­рылғылармен жабықтау, алкогольді ішімдіктер мен есірткі заттарын тұ­тынатын адамдар тұратын баспана­ларда рейд-тексерулер ұйымдастыру, тұрғылықты жерлерде өрт қауіп­сіздігі талаптарын түсіндіру жұмы­старын жүйелі түрде жүргізу қажет екенін айтты.

Әкімдік отырысын қорытынды­лаған өңір басшысы жиналғандар­дың назарын бірқатар проблема­ларға аударды.

“Ылғалдың шамадан тыс түсуіне байланысты биылғы егін орағы үл­кен қиындықпен өтіп жатқанын бә­ріміз көріп, біліп отырмыз. Мұның өзі қалыпты жұмыс ырғағы мен астық сапасына айтарлықтай кері әсерін тигізді. Соған қарамастан дәнді және бұршақты дақылдарды жинау толығымен аяқталды. Ендігі басты міндет – майлы дақылдарды то­лық жинап алу. Бұдан бөлек, ау­дан әкімдері элеваторларға астық­тың кідіріссіз жеткізілуін тұрақты түр­де бақылап, тәулік бойы қабылда­нуын, жүк вагондарымен жедел түрде қамтамасыз етуін ұйым­дас­тыруы керек. Жауапты науқан жоғары өнімді техникалардың қажеттігін көр­сетті”, – деген өңір басшысы келесі жылға керек 475 мың тонна тұқым­ды қамбалап алу, сапа жағын қада­ғалауды тиісті мекемелерге жүктеді.

Сонымен қатар машина-трактор паркін жаңалау жайына да тоқтал­ды. Қолданыстағы 7400 комбайнның 5308-нің пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Бұл орайда “Атамекен-Агро” ЖШС-ның тәжірибесі өзгелерге үлгі етілді. Шаруашылық жыл сайын кемі заманауи 10 комбайн сатып алу­ды дәстүрге айналдырған. Ал 68 мың гектар алқапқа астық өсіретін “Баско” компаниясының иелігіндегі жаңа комбайндардың саны 22 ғана. Оның өзінде 17 комбайнның пайдалану мерзімі он жылдан асқан.

Өңір басшысы өрт шығу факті­лерінің азаймай отырғанын атап көрсетті. Соңғы 3 жылда 138 адам қы­зыл жалын құрбаны болған. Кел­тірілген залал – 657 млн. теңге. Жиында төтенше жағдайларды азайтуға бағытталған іс-шараларды кешенді түрде жалғастыру міндет­телді.

 Өмір ЕСҚАЛИ,

 “Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp