«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жүрек қалауы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мұғалім – мамандық болса, ұстаздық – адам бойындағы ұлы қасиет. Ұстаз мәртебесінің артуы, ең алдымен, жеке тұлғаның ұстаз деген есімге қаншалықты лайық болуына байланысты. Бүгінгі жаңа дәуірдің, жаңарған білімнің мұғалімге қояр талабының жүгі ауыр, олар үлгі боларлық бар жақсылық атаулының асқаралы биігінен көрінуі тиіс.

Мағжан Жұмабаев атындағы ІТ-мектеп-лицей – жиырма бір жыл бұрын ашылған білім ошағы. Осыдан екі жыл бұрын жаңа ғимаратқа көшкен мектебіміздің педагогикалық құрамы жылдан-жылға іскер мамандармен толығып келеді. Солардың бірі – өз бойындағы сезімді, берік қалыптасқан көзқарасты оқушы бойына дарыта білетін, табандылық пен төзімділік сияқты мінез-құлық ерекшеліктерімен, сондай-ақ өзгелерге қолдау көрсете білетін, жылы жүрегімен жақсылық сәулесін шашып, мейірім шуағын төгіп тұратын ұстазымыз  Светлана Ысқақова.

Светлана Қажайқызы – бастауыш сынып мұғалімі. Өзі қызмет істеп жатқан білім ордасында біліктілігімен, іскерлігімен, қай нәрсенің болсын шешімін, тұйықтан шығар жолын бірден табар көрегендігімен танылып келеді. Білім саласына еніп жатқан тың жаңалықтарды игеру арқылы өз сабағын оқушыға қызықты әрі түсінікті етіп жеткізіп, соның нәтижесінде өзіндік ойларын ашық, әрі анық жеткізе білетін тұлға тәрбиелеп отырған ұлағатты ұстаз. Оқушылары түрлі байқаулардың, олимпиадалардың, жобалардың жеңімпаздары атанып жүр.

Қазіргі таңда мектеп ұстаздарына қойылған талаптардың бірі – оқыту жүйесін зерттеу әрекеттерімен ұштастыру. Бұл бағытта соңғы жылдары “Lesson Study” деп аталатын зерттеу сабақтарын ұйымдастыру қолға алынуда. Мектебімізде Светлана Қажайқызы бастауыш буын бойынша “Lesson Study” зерттеу сабақтары тобының жетекшісі қызметін қоса атқарады. Жас бүлдіршіндерді білім алудың алғашқы жылдарынан бастап-ақ зерттеуге баулуда әріптесіміз аянбай еңбек етіп келеді. 2022-2023 оқу жылының қорытындысы бойынша өткен мектепішілік әдістемелік кеңесте рейтинг бойынша “Ең үздік топ”  атанды. Сонымен қатар облыстық деңгейде ұйымдастырылған семинарда осы бағыттағы іс-тәжірибесімен бөлісті.

Мектебімізде зерттеу нысанына қатысты жоспарланған шаралардың тағы бірі – “Action Research” деп аталатын педагогтың жеке іс-әрекетін зерттеуі. Осы тұрғыда Светлана Қажайқызы “1-сынып оқушыларының ерекше және жеке қабілеттерін ескеру арқылы қолайлы оқу ортасын қалыптастыру барысында қалайша оқуға деген қызығушылықтарын арттыруға болады?” деген сұрақтың жауабын тапты.

Ол кісінің тәжірибелі әрі білікті маман екенін дәлелдейтін факторлардың енді бірі – Петропавл қаласы бойынша педагогикалық шеберлік орталығының білім беру ошақтарынан тартылған тренер қызметін қоса атқаратындығы. Ұлағатты ұстаз облысымыздың бастауыш сынып мұғалімдеріне біліктілікті арттыру курстарын жүргізіп, өзінің бай тәжірибесімен бөлісіп отырады.

Педагогикалық ғұмырын бала тәрбиелеу ісіне арнап келе жатқан, оқу мен тәрбиені бірізділікпен ұштастыра білген ақылшы да қамқоршы Светлана Қажайқызының бағындырар белестері әлі мол екеніне сенімдіміз.   

Зухра АУГАНБАЕВА,

 Мағжан Жұмабаев атындағы ІТ-мектеп-лицей директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp