Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен әкімдіктің кезекті отырысы өтті. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев астық жинау барысына тоқталды. Биыл диқандар 3,4 млн. гектарға дәнді және бұршақты, 685,8 мың гектарға майлы, 367,4 мың гектарға жемшөп дақылдарын, 28 мың гектарға картопты, 5,5 мың гектарға көкөніс егіп, шашаусыз жинап алу науқанына тамыз айынан жұмыла кіріскен. Нөсер жаңбыр басталғанға дейін 900 мың гектар алқаптың астығы бастырылып, қамбаға 1 млн. тоннадан астам ел ризығы құйылған. Егін орағының талапқа сай атқарылуына ауа райының құбылмалылығы кедергі келтіріп, шығымдылық пен сапаға кері әсер еткен. Алайда фермерлердің техникалық дайындығы, озық технологияларды қолдануы, ауа райының күрделілігін ескере отырып, жұмысты нақты әрі тиімді ұйымдастырудың арқасында қиындықтарды еңсере білді.
Бүгінгі таңда дәнді және бұршақты дақылдардың 93,2 пайызы жиналып, 3,4 млн. тонна өнім алынды. Түсім гектарынан 10,8 центнерден айналды. Қызылжар, Мамлют, Аққайың және Есіл аудандарында өнімділік жоғары (тиісінше 17,1, 14,4, 14 центнер). Ылғал тапшылығы Уәлиханов (6,3 центнер), Ақжар (6,3 центнер), Тайынша (7 центнер) және Тимирязев (8.9 центнер) аудандарында қатты байқалды. Майлы дақылдардың үштен бірі, картоптың 82,6, көкөністің 79,5 пайызы жинап алынды. Күзгі ораққа 7,3 мың комбайн, 5,7 мың жүк көлігі қатысуда. Диқандар қауымына мемлекет тарапынан литрі 250 теңге тұратын 58,9 мың тонна арзандатылған дизель отыны беріледі.
Баяндамашы өндірілген астықтың сақталуын толық қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. 6,9 млн. тонна астық сақтай алатын 48 элеватор және арнайы орындар дайын. Бүгінге дейін лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындары 780 мың тонна көлемінде өнім қабылдап үлгерді. Оның 58 пайызы үшінші сыныпқа жатады. 317 агрегат тәулігіне 233 мың тонна астықты кептіре алады. “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” 116 мың тонна көлемінде астықты форвардтық сатып алуға шарт жасасты. Және де осы желі бойынша 35 серіктестік 197 мың тонна көлемінде тауарлық кредит алуға қатысты. Астықтың сапалық көрсеткіштерін қайта қарау және тиімділігі мол дақылдарды орналастыру, сондай-ақ қайтарылатын астық мерзімін ұзарту, ақшалай қаражатпен өтеу мәселелерін қайта пысықтау жөнінде тиісті ведомстволарға хаттар жіберілді. Өкініштісі сол, “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” АҚ астықты сатып алу бағасын әлі бекітпеген.
Келесі жыл үшін 326 мың тонна тұқым дайындалды, бұл – жоспардың 68,6 пайызы. Тұқымның сұрыптық және себу сапасын анықтау үшін жергілікті қазынадан 70 млн. теңге бөлінді. Барлық аудандарда зертханалар құрылған. Топырақтың құнарлылығын сақтау мақсатымен 2,6 млн. гектар алқапқа 190 мың тоннаға жуық минералды тыңайтқыш енгізілді. Жыл басынан бері 63,3 млрд. теңгеге 2086 техника сатып алынды. 1,4 млн. гектар сүдігер жыртылды. 897,4 мың тонна шөп, 233,7 мың тонна пішендеме, 219,8 мың тонна сүрлем, 599,5 мың тонна сабан, 417,5 мың тонна жем әзірленді.
Мемлекет ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау түрінде фермерлерге айтарлықтай қолдау көрсетіп келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 63,1 млрд. теңгені құрады.
Атқарылып жатқан кешенді шаралар егін жинау жұмыстарын оңтайлы мерзімде аяқтауға және келесі жылдың қамына белсене кірісуге мүмкіндік беріп отыр.
Алайда “Қазгидромет” РМК жергілікті филиалының директоры Қымбат Мерғалимованың алдағы ауа райына байланысты жасаған болжамы қуанта қойған жоқ. Ауа райы жауын-шашынды болады деп күтілуде екен.
Бас қосуда Ғабит Мүсірепов атындағы, Тайынша, Мағжан Жұмабаев және Айыртау аудандары әкімдерінің есептері тыңдалды.
Күн тәртібінде талқыланған екінші мәселе бойынша төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ерік Сарыбаевтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, жыл басынан бері өңірде 448 өрт тіркеліп, 23 адам қайтыс болған, 19 адам түрлі дене жарақатын алған. 415 млн. теңге мөлшерінде материалдық зиян келген. Көміртегі тотығымен уланудың салдарынан 9 адам көз жұмып, 27 адам зақымданған. Тұрғын үй секторында қаза тапқандардың ең көп саны облыс орталығында орын алып, 8 жағдай тіркелген.
Баяндамашы электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану, сонымен бірге пешті орнату және от жағудың қарапайым ережелерін өрескел бұзуды өрттің негізгі себептеріне жатқызды. Биыл полиция департаментімен, атқарушы органдармен, ерікті ұйымдармен бірлесе отырып, жүргізілген рейдтерге 114 мың адам қатысқан. 78 мыңнан астам жадынама таратылып, 27 брифинг, 109 интерактивті және ашық сабақтар өткізілген. 15 тамыз бен 15 қазан аралығы өрт қауіпсіздігі айлығы жарияланған. Профилактикалық шаралардың дені халықтың әлеуметтік осал топтарына және от жағатын үйлерге бағытталған. 2022-2023 жылдары жылыту кезеңінде 12022 адам тұратын 4137 отбасы есепке алынған. 829 тұрғын үйде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 1486 фактісі анықталған. Тиімді профилактикалық жұмыстың бір бағыты көміртегі тотығы, түтін газы құрылғыларын орнату болып табылады. Мұның өзі жеке тұрғын үй секторында адам өлімінің алдын алудың таптырмайтын құралы десе де болады. Мәселен Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға қарасты Чистополье ауылындағы бір үйде өрт шығып, жатын бөлмеде ұйықтап жатқан үй иесі өрт құрылғысы дабылынан оянған. Булаев қаласында да дабыл құрылғысының арқасында бір отбасыдағы 4 адам аман қалған. Бүгінде облыс аумағында 3243 құрылғы қойылған. Алда 894 құрылғы орнату көзделген.
Өкінішке қарай, облыс орталығындағы және аудандардағы тұрғын үй секторы мен мал шаруашылығы объектілері маңындағы қаулай өскен қамысты, қураған шөпті шабу жұмыстары сын көтермейді. Бұл мәселе Петропавл қаласында үлкен алаңдаушылық тудырып отыр.
Ведомство жетекшісі өрт жағдайын болдырмау, алдын алу үшін жеке секторды өрт хабарлағыш құрылғылармен жабықтау, алкогольді ішімдіктер мен есірткі заттарын тұтынатын адамдар тұратын баспаналарда рейд-тексерулер ұйымдастыру, тұрғылықты жерлерде өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажет екенін айтты.
Әкімдік отырысын қорытындылаған өңір басшысы жиналғандардың назарын бірқатар проблемаларға аударды.
“Ылғалдың шамадан тыс түсуіне байланысты биылғы егін орағы үлкен қиындықпен өтіп жатқанын бәріміз көріп, біліп отырмыз. Мұның өзі қалыпты жұмыс ырғағы мен астық сапасына айтарлықтай кері әсерін тигізді. Соған қарамастан дәнді және бұршақты дақылдарды жинау толығымен аяқталды. Ендігі басты міндет – майлы дақылдарды толық жинап алу. Бұдан бөлек, аудан әкімдері элеваторларға астықтың кідіріссіз жеткізілуін тұрақты түрде бақылап, тәулік бойы қабылдануын, жүк вагондарымен жедел түрде қамтамасыз етуін ұйымдастыруы керек. Жауапты науқан жоғары өнімді техникалардың қажеттігін көрсетті”, – деген өңір басшысы келесі жылға керек 475 мың тонна тұқымды қамбалап алу, сапа жағын қадағалауды тиісті мекемелерге жүктеді.
Сонымен қатар машина-трактор паркін жаңалау жайына да тоқталды. Қолданыстағы 7400 комбайнның 5308-нің пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Бұл орайда “Атамекен-Агро” ЖШС-ның тәжірибесі өзгелерге үлгі етілді. Шаруашылық жыл сайын кемі заманауи 10 комбайн сатып алуды дәстүрге айналдырған. Ал 68 мың гектар алқапқа астық өсіретін “Баско” компаниясының иелігіндегі жаңа комбайндардың саны 22 ғана. Оның өзінде 17 комбайнның пайдалану мерзімі он жылдан асқан.
Өңір басшысы өрт шығу фактілерінің азаймай отырғанын атап көрсетті. Соңғы 3 жылда 138 адам қызыл жалын құрбаны болған. Келтірілген залал – 657 млн. теңге. Жиында төтенше жағдайларды азайтуға бағытталған іс-шараларды кешенді түрде жалғастыру міндеттелді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.