Түркістан қаласында қазақ күресінен ересектер арасында Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы Азия кубогы өтті. Бұл жарыста солтүстікқазақстандық балуан Алтынбек Аусағитов күміс медальді еншіледі
Екі күнге жалғасқан жарыс Түркістан қаласының “Олимпик арена” спорт кешенінде өтті. Турнирге Азия құрлығының жеті мемлекетінен 85 балуан қатысты. Олардың қатарында Қазақстаннан бөлек, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстанның балуандары бар.
Жерлесіміз Алтынбек Аусағитов 100 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Солтүстікқазақстандық спортшы 4 белдесу өткізіп, ақтық сында моңғолиялық қарсыласы Жандос Болошаққа ғана есе жіберді. “Жарысқа тыңғылықты әзірлендім. Бар білгенімді бозкілемде көрсетуге тырыстым. Нәтижесінде күміс медальді қанағат тұттым. Алда әлі де талай сындар бар. Онда міндетті түрде алтын алуға тырысамын”, – дейді Алтынбек Аусағитов.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.