Қызылжар ауданының Соколовка ауылында 42 жаңа жол белгісі пайда болды. Ауыл тас жол бойында орналасқан, осы елді мекен арқылы көптеген адамдар демалыс аймақтарына барады. Белгілерді орнату туралы бастаманы аға буын өкілдері көтеріпті. Облыстық әкімшілік полиция басқармасы ауыл тұрғындарының өтінішіне жедел жауап берген.
Биыл Мамлют, Аққайың, Тимирязев және Шал ақын аудандарының жолдарында да көлік қозғалысын реттейтін белгілер пайда болды. Оқу жылының басында Петропавл мектептерінің бірінің директоры білім ошағының жанындағы жол учаскесінде жасанды төмпешік орнатуды сұраған. Полицейлер облыс орталығының жол желісін зерттеп, жергілікті атқарушы органдарға мектептер мен балабақшалар маңында осындай 13 жылдамдықты шектегішті қалпына келтіру және орнату жөнінде ұсыныстар жіберді.
Жыл басынан бері әкімшілік полиция қызметкерлері жол желісіне 1514 тексеру жүргізді. Олардың нәтижелері бойынша жергілікті атқарушы органдарға жол инфрақұрылымын жақсарту бойынша 224 ұсыныс енгізілді.
Әсет ҚАНАФИН.