Тіршілікте жүзінен мейірім шуағы төгіліп, айналасына шапағат шұғыласын шашатын жаны жайсаң, жүрегі жомарт жандар қоғамымызда аз емес. Олар – адами қарым-қатынаста үлкенге ізет, кішіге қамқорлық көрсетумен қатар, кісілік дарқан кейіптерімен ортаны өздерінше тәрбиелеп жүрген замандастарымыз. Сондай жандардың бірі – Орынбасар Жұмағұлова. Тайынша ауданының тумасы Орынбасар Қасқырбайқызы кезінде Көкшетау облысы №246 Красноармейск сайлау округінен Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаты болып та сайланған. Он бала дүниеге әкеліп, оларды бағыт-қағып, ұлын – ұяға, қызын қияға қондырған жанның көпке үлгі болар қасиеттері де көп. Ұлы Отан соғысы басталған жылы дүниеге келген апамыз өмірдің ащы-тұщысын қатар көрді. Өмір сынақтарына сүрінбей, бойын тік ұстай білген жанның жақындарына айтар ақылы да, көрсетер өнегесі де мол. Еңбекке ерте араласты. Еңбек майданында ерлікке пара-пар істер тындырды.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігінің ірі қара мал бордақылау бригадасының звено жетекшісі болып, ерлермен қатар еңбек еткен Орынбасар Жұмағұлова коммунистік партия мүшесі болып, аудандық, облыстық кеңестердің депутаттығына бірнеше рет сайланды. Мал бордақылаудың сырын терең ұққан қарапайым адамның малы күйлі, басы бүтін шығып, сондағы өткізіліп тұратын социалистік жарыстардың жеңімпазы туралы талай рет облыстық, аудандық газеттерге жазылып, теледидардан көрсетілген. Бұл кісі туралы, оның жетістіктері мен жеңістері жайлы өзім де талай қалам тербегенмін. Сол күндерден есімде қалғаны, малшылардың “Қызыл бұрыш” аталатын демалыс орнында Орынбасар Қасқырбайқызының суреті еңбек озаты ретінде ілініп тұратын.
Үйде де, түзде де мойнына алған міндеттерді абыроймен орындай білген адамның бойындағы таусылмас күш-жігер таңғаларлық. “Әйел қырық шырақты” деген рас. Орынбасар Қасқырбайқызы – “Алтын алқа” төсбелгісінің иегері. Он балаға өмір сыйлап, оларды бағып-қаққан, ұрпағын ер жеткізу үшін табыс тауып қана қоймай, қатарының алдында көш ілгері жүргендігі көпке мәлім.
Орынбасар Жұмағұлова аудан, облыс және республика көлемінде көптеген марапаттарға ие болды. Аяулы ана бір ұлттың қадір-қасиетін, өшпейтін өнегесін, мәңгілік дәстүрі мен салтын өз бойына сіңіріп, оны басқаларға дарыта білді. “Адал еңбек етсең, алдыңнан ақ жол ашылар, ел-жұрттың алдында еңсең биік болса, қалғанының бәрін Алла өзі жеткізер”, – дейді дана халқымыз. Ел алғысына бөленген батыр ананың да сөздері осы оймен үндес.
Орынбасар Қасқырбайқызы – асыл жар бола білген жан. Жұбайы Сапарғали Жұмағұлұлымен бірге өнегелі ұрпақ тәрбиеледі. Балалары “әке көріп – оқ жонып, шеше көріп – тон пішті”. Өз балаларынан бөлек, ағайын-туыспен сыйласып, жылы қарым-қатынаста жүретінін айналасындағылар да ұмыта қойған жоқ. Көпшіл жанның үйінде ағайынның талай баласы тәлім-тәрбие алған.
Жұмағұловтар әулеті қоныс тепкен жер – Көзашар ауылы еді. Бүгінде жұрты қалған ауылда сол кездері жиырма шақты шаңырақ түтін түтетті. Әр үй жеңіл көлік мініп, ауқатты тұрды. Балабақша мен орта мектеп те болды. Аядай ғана ауылда Орынбасар Қасқырбайқызының еңбегі жанып, елге танылды.
Қазір адал еңбектің иесі, аяулы ана балаларының ортасында ұрпақ қуанышына бөленіп, шөбере сүйіп отырған жайы бар. Еңбек жолы өнеге жанды аудан тұрғындары тегіс құрметтейді.
Гүл НҰРАЛИНА,
Тайынша қаласы.