«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қамқоры ұл-қыздың

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан” деп ұлы Абай атамыз айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өне­гесі – оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, бағытынан тайма­сы анық. Ұстаз­дың әр адам жүрегі­нен алатын орны айрықша. Қолына қалам ұстатып, алғаш әріп үй­реткен мұғалімін жылылықпен еске алмайтындар кемде кем. Осындай ұстазда­рымыздың бірі – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Алмагүл Амангелдіқызы Сатыбалдинова. Ұлағатты ұстазымыздың педагогикалық жұмыс өтілі – 35 жыл. Саналы ғұмырын білім саласына арнаған ұлағатты ұстаз осы мектепке 16 жылдан бері еңбек етіп жүр.

Алмагүл Амангелдіқызы Ақ­қайың ауданы Аралағаш ауылында дүниеге келген. 1989 жылы Алматы қаласындағы Абай атында­ғы мемлекеттік институтқа оқуға түсіп, оны 1994 жылы та­мамдайды. Оқу оқып жүріп, Қ.Ора­зов атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет етеді.

Жастайынан еңбек жолын ағартушылыққа арнаған оның жеткен жетістіктері де аз емес. “Қазақстандағы ең үздік ауыл мұғалімі” атты республикалық байқаудың “Менің алғашқы ұстазым” аталымы бойын­ша жеңімпазы атанады. Осы ара­лық­та облыстық білім беру жүйесінде атқарған көпжылдық еңбегі үшін Ал­ғыс хатпен де марапатталды. Алай­да ең басты марапаты – алдынан білім алып жатқан шәкірттерінің же­тістіктері мен ата-аналардың сыйлас­тығы. Осы үш таған түсіністік тапқан шақта сапалы білім алған тәрбиелі ұрпақ өсіп-жетілері анық.

Тәжірибелі мұғалімнің мерейі үстем. Себебі ол сенген шәкірттер талай білім сайыстарынан жүлде­мен оралды. Шәкірттері республи­ка­лық, облыстық, қалалық ғылыми жоба мен сан түрлі олимпиадалардың жеңімпаздары екенін дәлелдей­тін марапаттарға қарап отырып, ұстаз еңбегі өлшеусіз екенін түсінесің. Бұл марапаттар – мұғалімнің қа­жырлы еңбегі, сабақты ынта қойып оқыған оқушының талабы, ата-ананың үміті. Сондықтан талабы бар баланы қанаттандыратын ұстаздың еңбегі ескерусіз қалмауы тиіс. Отыз бес жылдық ұстаздық қызметінде көп­теген Алғыс хаттар, дипломдар және сертификаттармен марапатталған Алмагүл Амангелдіқызы – саналы ұрпақ тәрбиелеуге зор үлес қосып жүрген абзал жан.

Шынар ТЕМІРХАНОВА,

Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp