Кеңес одағы тұсында да, тәуелсіз ел атанғаннан бері де Қазақстанның еркін күрес шеберлері әлем чемпионы атанып көрмепті. Осы олқылықтың орнын жерлесіміз Ризабек Айтмұқан толтырғаны белгілі. Уәлиханов ауданының тумасы Сербияның Белград қаласында өткен дүниежүзілік додада көк байрағымызды көкке көтеріп, әнұранымызды шырқатты. Жақында туған жерге табан тіреген балуанмен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Ризабек, әлем чемпионы атандың, тарихи жеңіске қол жеткізуіңмен құттықтаймын! Бұл бір күнде келе салған жетістік емес. Енді сәл артқа шегініс жасап, еркін күреске қалай келгеніңді айтып берсең.
– Рақмет! Еркін күреске мені әкем әкелді. Ол кезде менің жасым небәрі сегізде еді. Алғаш жаттығу залына кіргенде қатты қобалжығаным есімде. Тіпті қашып кеткім келді. Үлкендер ақыл-кеңестерін берді. Мен оларды тыңдап, сол уақыттан бері тынымсыз жаттығып келемін. Таңғы сағат алтыдан тұрып, жаттығулар жасаймын, жүгіремін. “Талпынған жетер мұратқа”. Бұл – менің өмірлік ұстанымым.
Мен негізі еңбекқормын. Мұны үйдегілер де жиі айтып отыратын. Ата-анамның тәрбиесі биік белестерді бағындыруыма көмектесті деп ойлаймын.
Әрине алғашқы жарыстарда сәтсіздіктер болды. Жеңіліс пен жеңіс қатар жүреді дейді ғой. Бірақ мойымау керек.
– 2018 жылға дейін түрлі жарыстарда Солтүстік Қазақстан облысының атынан қатысып жүрдің. Кейін не себепті басқа өңірге кетіп қалдың?
– Иә, 2018 жылға дейін Уәлиханов ауданының намысын қорғап, облыстық және республикалық жарыстарға қатысып жүрдім. Әлемдік додаларға қатысу мүмкіндігі пайда болды. Әрине, әр жарысқа бару үшін қомақты қаражат қажет. Жол ақысы бар, тұратын орынға, азық-түлікке төлеу керек. Осы шығындардың бәрін көтеру отбасыма қиын болып кетті. Осылайша мен 2018 жылы Астанадағы Қажымұқан Мұнайтпасов атындағы республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне оқуға түстім. Сол жерде мені жас та болса ілікті жаттықтырушы Самат Жақыпов қарамағына алды. Бұл спорт мекемесінде оқи жүріп, жасөспірімдер арасында Азия чемпионатына және бүкіләлемдік ойындарға қатысып, қола жүлдегер атандым.
10-шы сыныпта оқып жүргенде Алматыдан шақырту түсті. “Шаңырақ” шағынауданындағы республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне қабылдандым. Алматылықтар қолдау көрсетіп, әлемдік және құрлықтық додаларға қатыстыратындарын айтты. Ағайынды Еркебұлан, Роллан Кешубаевтардың қарамағында жаттыға бастадым. Еркебұлан Кешубаев – қазір де менің жеке бапкерім. Ал Астанада оқып жүрген кезде жаттықтырған Самат Жақыпов қазір ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы болып қызмет етеді.
– Бір сұхбатта әкең сені солтүстік өңірдің спорт басқармасы қолдамағанына, саған сенім артпағанына реніш білдірген еді. Сол өкпе-реніш әлі бар ма?
– Өткенге өкпе жоқ. Жалпы мен кешірімді адаммын. Біреу мені ренжітсе, бірден ұмытып кетемін. Әр кезеңнің қиын тұстары болады ғой. Сол уақыттағы жергілікті спорт басқармасының басшылығын да түсінуге болатын шығар. Егер оларда қомақты қаражат болса, міндетті түрде берер еді, ал мен теріскейдің намысын қорғар едім. Қазір республикалық және халықаралық жарыстарға Алматы қаласының атынан қатысып жүрмін. Туған жеріме жиі келемін. Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданында дүниеге келгенімді мақтан тұтамын.
– Ризабек, сенің бағыт-бағдар берер адамың – әкең екенін білеміз. Әрі алғашқы жеке бапкерің де сол кісі. Отбасың туралы кеңірек айтып берші.
– Отбасымда он адам бармыз. Ата мен әжем, әкем мен анам, бес бірдей іні-қарындасым бірге тұрамыз. Үйдің үлкенімін. Соңымнан ерген інім Әлішер де еркін күреспен айналысады. Жасөспірімдер арасында Азия біріншілігінде жүлдегер атанған. Кенже інім Атажан бір жаста. Ілназ, Іңкәр және Дамиля деген қарындастарым бар. Әкемнің аты Қанат, анамның есімі Гүляр. Әкем – еркін күрестен бапкер, ал анам мектепте орыс тілі пәнінен сабақ береді.
Арғы атам Қайырбек Тұржанұлы күреспен айналысқан екен. Оны жауырыны жерге тимеген балуан болған дейді білетіндер. Ол есімі Кеңес одағына танымал балуан Ахметжан Қазымбетовтің досы болған екен. Екеуі бірге күресіп жүрген деседі. Өкінішке қарай, атам Айтмұханға бұл өнер дарымапты. Бірақ әкемнің балуан болғанын қалаған екен.
– Белградтағы жарыстың қалай өткені, кімді жеңгеніңді жан-күйерлердің барлығы біледі. Ал сол біріншілікке дайындық қалай өтті?
– Алдымен Қазақстан біріншілігінде топ жарып, ұлттық құрама сапына алындым. Азия біріншілігінде жеңіске жеттім. Әлем чемпионаты басталмас бұрын екі апталық жаттығу жиыны болды. Алматы қаласындағы “Ақ бұлақ” базасында, күн сайын таңғы сағат алтыда тұрып жаттықтық. Әрине, оңай болмады. Бірақ жеңіске жету үшін көп тер төгу қажет екенін түсіндім. Аянбай еңбек еткендер ғана жоғары шыңдарды бағындырады деп ойлаймын. Алғашында әлем чемпионы атағын жеңіп алғанымды іштей сезінген жоқпын. Елге оралған соң ғана, яғни, түрлі сый-сияпат көрсетіле бастағанда биік белесті бағындырғанымды ұғынғандаймын.
– Кімдер қарсы алды, қандай сый-құрмет көрсетті?
– Алматы әуежайында спортсүйер қауым қарсы алды. Былайша айтқанда аяғымды жерге тигізген жоқ. Электрмен жүретін көлік сыйлады. Кейін Ақмола облысы Көкшетау, Степногорск қалаларында болдым, маған және әкеме шапан жапты. Атырау облысының басшылығы да ерекше құрметтеді. Батыстың халқы ерекше қонақжайлық танытты.
Әрине, ең керемет қарсы алған туған жерім – Қызыл ту. Жерлестерім тай мінгізіп, ерекше құрметке бөледі. Ауылдастарымды сағынып қалыппын. Олар мен жеңгенде ғана емес, жеңіліске ұшыраған кезде де жанымнан табылып, қолдайды. Жерлестеріме алғысым шексіз.
Қызылжар төрінде облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қабылдап, 3 млн. теңгенің сертификатын табыстады. Ата-анамның еңбегі де елеусіз қалмады. Кейін жас балуандармен жүздесуге мүмкіндік туды.
Алдағы күндері Президенттің қабылдауына барамын. Кейін сәті түссе Қарағанды, Тараз, Шымкент қалаларына сапарлаймын.
– Сен Отан алдындағы борышыңды өтеп жүр екенсің. Әскерден қалай босатты?
– Биыл Азия біріншілігінен кейін Отан алдындағы борышымды өтеуге әскерге шақыртылдым. Қазір Алматы қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінің сарбазымын. Жарыстарға қатысуға рұқсат бар. Ал әлем чемпионатында жеңіске жеткен соң маған демалыс берілді. Осы сәтті пайдаланып, уақытымды отбасыммен өткізгім келеді.
Кейін әскери бөлімге оралып, алдағы жарыстарға дайындаламын.
– Олимпиада ойындарына қатысу туралы ойладың ба?
– Әрине, менің ендігі мақсатым – Олимпиада жүлдегері атану. Сондықтан мен салмағымды 97-ге дейін көтеруді көздеп отырмын. Алдымен Қазақстан біріншілігінде топ жаруым керек. Ол үшін көп жаттығу қажет. Кейін Азия чемпионатының финалына шықсам, Олимпиада жолдамасы беріледі.
97 килограмда Қазақстанның атынан Олимпиадаға баруға үмітті спортшылар жетерлік. Еліміз бойынша бұл салмақта 30 балуан бар. Барлығы да Парижде ұлттық құрама сапында өнер көрсеткісі келеді. Ел біріншілігіндегі қарсыластарым осал емес.
– Жалпы қарсыластарың саған жақсы таныс па?
– 97 келіде өнер көрсететіндер қатарында 125 килограмнан түскендер, мен сияқты 92-ден көтерілгендер де бар. Астана қаласының балуаны Бекзат Үркімбай, Әлішер Ерғали, Ақмола облысы командасының мүшесі Нұрсұлтан Азов, ел біріншілігінің күміс жүлдегері, жастар арасында Азия чемпионы атанған Камиль Круглиевті айтуға болады. Бәсекелестік өте жоғары.
– Уақыт бөліп, сұрақтарыма жауап бергеніңе рақмет.
Сұхбаттасқан
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.