«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Арғы атам балуан болған”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеңес одағы тұсында да, тәуелсіз ел атанғаннан бері де Қазақстанның еркін күрес шеберлері әлем чемпионы атанып көрмепті. Осы олқылықтың орнын жерлесіміз Ризабек Айтмұқан тол­тырғаны белгілі. Уәлиханов ауданының тумасы Сербияның Белград қаласында өткен дү­ниежүзілік додада көк байрағымызды көкке көтеріп, әнұранымызды шырқатты. Жақында туған жерге табан тіреген балуанмен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Ризабек, әлем чемпионы атандың, тарихи жеңіске қол жет­кізуіңмен құттықтаймын! Бұл бір күнде келе салған жетістік емес. Енді сәл артқа шегініс жасап, еркін күреске қалай келгеніңді айтып берсең.

– Рақмет! Еркін күреске мені әкем әкелді. Ол кезде менің жасым небәрі сегізде еді. Алғаш жаттығу залына кір­генде қатты қобалжығаным есімде. Тіпті қашып кеткім келді. Үлкендер ақыл-кеңестерін берді. Мен оларды тыңдап, сол уақыттан бері тынымсыз жаттығып келемін. Таңғы сағат алты­дан тұрып, жаттығулар жасаймын, жүгіремін. “Талпынған жетер мұратқа”. Бұл – менің өмірлік ұстанымым.

Мен негізі еңбекқормын. Мұны үйдегілер де жиі айтып отыратын. Ата-анамның тәрбиесі биік белестер­ді бағындыруыма көмектесті деп ойлаймын.

Әрине алғашқы жарыстарда сәт­сіздіктер болды. Жеңіліс пен жеңіс қатар жүреді дейді ғой. Бірақ мойы­мау керек.

– 2018 жылға дейін түрлі жарыс­тарда Солтүстік Қазақстан об­лысының атынан қатысып жүр­дің. Кейін не себепті басқа өңірге кетіп қалдың?

– Иә, 2018 жылға дейін Уәлиха­нов ауданының намысын қорғап, облыстық және республикалық жа­рыстарға қатысып жүрдім. Әлемдік додаларға қатысу мүмкіндігі пайда болды. Әрине, әр жарысқа бару үшін қомақты қаражат қажет. Жол ақысы бар, тұратын орынға, азық-түлікке төлеу керек. Осы шығындардың бәрін көтеру отбасыма қиын болып кетті.  Осылайша мен 2018 жылы Ас­танадағы Қажымұқан Мұнайтпасов атындағы республикалық маман­дандырылған мектеп-интернат-коллед­жіне оқуға түстім. Сол жерде мені жас та болса ілікті жаттықтырушы Самат Жақыпов қарамағына алды. Бұл спорт мекемесінде оқи жүріп, жасөспірімдер арасында Азия чем­пионатына және бүкіләлемдік ойын­дарға қатысып, қола жүлдегер атандым.

10-шы сыныпта оқып жүргенде Алматыдан шақырту түсті. “Шаңы­рақ” шағынауданындағы республи­ка­лық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне қабылдандым. Алматылықтар қолдау көрсетіп, әлемдік және құрлықтық додаларға қатыстыратындарын айтты. Ағайынды Еркебұлан, Роллан Кешубаев­тардың қарамағында жаттыға баста­дым. Еркебұлан Кешубаев – қазір де менің жеке бапкерім. Ал Астанада оқып жүрген кезде жаттықтырған Самат Жақыпов қазір ұлттық құра­маның аға жаттықтырушысы болып қызмет етеді.

– Бір сұхбатта әкең сені сол­түстік өңірдің спорт басқармасы қолдамағанына, саған сенім артпа­ғанына реніш білдірген еді. Сол өкпе-реніш әлі бар ма?

– Өткенге өкпе жоқ. Жалпы мен кешірімді адаммын. Біреу мені рен­жітсе, бірден ұмытып кетемін. Әр ке­зеңнің қиын тұстары болады ғой. Сол уақыттағы жергілікті спорт басқармасының басшылығын да түсінуге болатын шығар. Егер оларда қомақ­ты қаражат болса, міндетті түрде берер еді, ал мен теріскейдің на­мысын қорғар едім. Қазір республи­калық және халықаралық жарыстар­ға Алматы қаласының атынан қаты­сып жүрмін. Туған жеріме жиі келе­мін. Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданында дүниеге келге­німді мақтан тұтамын.

– Ризабек, сенің бағыт-бағдар берер адамың – әкең екенін біле­міз. Әрі алғашқы жеке бапкерің де сол кісі. Отбасың туралы кеңірек айтып берші.

– Отбасымда он адам бармыз. Ата мен әжем, әкем мен анам, бес бірдей іні-қарындасым бірге тұра­мыз. Үйдің үлкенімін. Соңымнан ер­ген інім Әлішер де еркін күреспен ай­налысады. Жасөспірімдер арасында Азия біріншілігінде жүлдегер атан­ған. Кенже інім Атажан бір жаста. Іл­наз, Іңкәр және Дамиля деген қа­рындастарым бар. Әкемнің аты Қанат, анамның есімі Гүляр. Әкем – еркін күрестен бапкер, ал анам мектепте орыс тілі пәнінен сабақ береді.

Арғы атам Қайырбек Тұржанұлы күреспен айналысқан екен. Оны жауы­рыны жерге тимеген балуан болған дейді білетіндер. Ол есімі Кеңес одағына танымал балуан Ах­метжан Қазымбетовтің досы болған екен. Екеуі бірге күресіп жүрген де­седі. Өкінішке қарай, атам Айтмұ­ханға бұл өнер дарымапты. Бірақ әкемнің балуан болғанын қалаған екен.   

– Белградтағы жарыстың қа­лай өткені, кімді жеңгеніңді жан-күйерлердің барлығы біледі. Ал сол біріншілікке дайындық қалай өтті?

– Алдымен Қазақстан біріншілі­гінде топ жарып, ұлттық құрама са­пына алындым. Азия біріншілігінде жеңіске жеттім. Әлем чемпионаты басталмас бұрын екі апталық жатты­ғу жиыны болды. Алматы қаласын­дағы “Ақ бұлақ” базасында, күн сайын таңғы сағат алтыда тұрып жаттықтық. Әрине, оңай болма­ды. Бірақ жеңіске жету үшін көп тер төгу қажет екенін түсіндім. Аянбай ең­бек еткендер ғана жоғары шыңдарды бағындырады деп ойлаймын. Алға­шын­да әлем чемпионы атағын жеңіп алғанымды іштей сезінген жоқпын. Елге оралған соң ғана, яғни, түрлі сый-сияпат көрсетіле бастағанда биік белесті бағындырғанымды ұғын­ғандаймын.

– Кімдер қарсы алды, қандай сый-құрмет көрсетті?

– Алматы әуежайында спорт­сүйер қауым қарсы алды. Былайша айтқанда аяғымды жерге тигізген жоқ. Электрмен жүретін көлік сыйла­ды. Кейін Ақмола облысы Көкшетау, Степногорск қалаларында болдым, маған және әкеме шапан жапты. Аты­рау облысының басшылығы да ерек­ше құрметтеді. Батыстың халқы ерек­ше қонақжайлық танытты. 

Әрине, ең керемет қарсы алған туған жерім – Қызыл ту. Жерлестерім тай мінгізіп, ерекше құрметке бөледі. Ауылдастарымды сағынып қалып­пын. Олар мен жеңгенде ғана емес, жеңіліске ұшыраған кезде де жаным­нан табылып, қолдайды. Жерлестеріме алғысым шексіз.

Қызылжар төрінде облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қабылдап, 3 млн. теңгенің сертификатын табыс­тады. Ата-анамның еңбегі де елеусіз қалмады. Кейін жас балуандармен жүздесуге мүмкіндік туды.

Алдағы күндері Президенттің қа­былдауына барамын. Кейін сәті түссе Қарағанды, Тараз, Шымкент қалаларына сапарлаймын.

– Сен Отан алдындағы боры­шыңды өтеп жүр екенсің. Әскерден қалай босатты?

– Биыл Азия біріншілігінен кейін Отан алдындағы борышымды өтеуге әскерге шақыртылдым. Қазір Алма­ты қаласындағы Бауыржан Момыш­ұлы атындағы 5571 әскери бөлімінің сарбазымын. Жарыстарға қатысуға рұқсат бар. Ал әлем чемпионатында жеңіске жеткен соң маған демалыс берілді. Осы сәтті пайдаланып, уақытымды отбасыммен өткізгім келеді.

Кейін әскери бөлімге оралып, алдағы жарыстарға дайындаламын.

– Олимпиада ойындарына қатысу туралы ойладың ба?

– Әрине, менің ендігі мақсатым – Олимпиада жүлдегері атану. Сон­дық­тан мен салмағымды 97-ге дейін көтеруді көздеп отырмын. Алдымен Қазақстан біріншілігінде топ жаруым керек. Ол үшін көп жаттығу қажет. Кейін Азия чемпионатының финалы­на шықсам, Олимпиада жолдамасы беріледі.

97 килограмда Қазақстанның атынан Олимпиадаға баруға үмітті спортшылар жетерлік. Еліміз бойынша бұл салмақта 30 балуан бар. Барлығы да Парижде ұлттық құрама сапында өнер көрсеткісі келеді. Ел біріншілігіндегі қарсыластарым осал емес.

– Жалпы қарсыластарың саған жақсы таныс па?

– 97 келіде өнер көрсететіндер қатарында 125 килограмнан түскен­дер, мен сияқты 92-ден көтерілгендер де бар. Астана қаласының балуа­ны Бекзат Үркімбай, Әлішер Ер­ғали, Ақмола облысы командасының мүшесі Нұрсұлтан Азов, ел бірінші­лігінің күміс жүлдегері, жастар арасында Азия чемпионы атанған Камиль Круглиевті айтуға болады. Бәсекелестік өте жоғары.

– Уақыт бөліп, сұрақтарыма жауап бергеніңе рақмет.

Сұхбаттасқан

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp