«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ақсұңқар құстай түлеген

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Абылай хан резиденциясы” музей кешенінің мамандары “Абылай және оның заманы” деген атпен дәріс өткізді. XVIII ғасырдағы тұрмыстық заттармен безендірілген ашық аспан астындағы алаңқайға М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен колледждердің студенттері жиналды.

“Абылай хан – XVIII ғасырдағы тарихымыздың аса ірі тұлғасы. Ол қазақ халқының тағдыр-талайы қыл үстінде, қылыш жүзінде тұрғанда ел бірлігін сақтап, үш жүздің басын құрап, анталаған жауға тойтарыс берді. Қазақтың келешегіне жол салды. Сөйтіп, оның аты көзі тірісінде аңызға, қазақ үшін қасиетті жауынгерлік ұранға айналды”. Осылай сөз сабақтаған музей жанындағы тарих бөлімінің меңгерушісі Бауыржан Жүнісов асыл тұлға бар ғұмырын Жәнібек пен Керей хандар құрған қазақ мемлекетін нығайтуға арнағанын жеткізді. Қазақ хандығының кең байтақ жерін басқыншылардан азат етіп, оның территориялық тұтастығын қамтамасыз еткенін айтты.

Абылай Отан, мемлекет, тәуелсіздік, бейбітшілік тәрізді құндылықтардың парқы мен нарқын бала кезінен біліп есейген. Ақылына қайраты сай болып өскен ол жастай көзге түскен. Кеңесшісі болған Бұқар жыраудың:

 “Сен жиырма жасқа жеткен соң,

Алтын тұғыр үстінде

Ақ-сұңқар құстай түледің”,

Дәулет құсы қонды басыңа,

Қыдыр келді қасыңа.

Бақ үйінде түнедің,

Алыстан тоят тіледің…”,  деген сөздерді айтуы бекер емес. Абылайдың батырлық, қолбасшылық, саяси қайраткерлігі ерте ашылғанын Шоқан Уәлиханов та жазған. “Барлық шапқыншылықтарда алғашында қатардағы жауынгер ретінде қатысқан ол теңдессіз батырлық пен тапқырлық танытты. Оның пайдалы кеңестері мен стратегиялық ой-пікірлері оған дана деген атақ әперді”, – деп жазыпты зерттеуші “Абылай” атты туындысында.

Шара барысында студенттерге дәріс берген мамандар Абылай ханның шет мемлекеттермен қарым-қатынаста дипломатиялық саясатты берік ұстанғанын айтты.  Студенттер мұндай жиындардың ашық аспан астында өткізілгенін құптап, біраз мағлұматтарға қаныққандарын жеткізді.

“Тарихи тұлғаның теңдік жолындағы шапқыншылықтарда  көрсеткен ерліктері, оның қазақ мемлекеттілігін нығайтуға күш салуы, Ресеймен, Қытаймен және басқа да көрші елдермен жүргізген белсенді дипломатиялық және сауда байланыстары Қазақ хандығының халықаралық беделін және өзінің рөлін көтерді.  Абылай ханның қазақтың басын құрап, тәуелсіз мемлекет құру арманын іске асыру біздің ұрпақтың үлесіне тигені үшін әрбір қазақ баласы қуануы керек. Бүгінгі дәрістен түйгеніміз осы”, – дейді       М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің 3 курс студенті Ерлан Бекен.

Музей қызметкерлері үш жүздің басын қосқан хан Абылайдың ат үстінде өткізген өнегелі өмір жолын студенттердің санасына сіңіру мақсатында осындай дәрістерді жиі өткізуді жоспарлап отыр.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.   

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp