Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімі (ЖПБ) қызметкерлеріне қойылатын басты талап – қызмет көрсету аумағында қылмыстардың алдын алу, қоғамдық тәртіп шараларын күшейте отырып, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Салалық министрліктің қолдауымен “Погонды журналист” жобасы жүзеге асырылғалы темір жол және вокзал аймағында темірдей тәртіпті орнықтыру жолындағы кешенді іс-шаралар жіті қолға алынып, тіршілік қыж-қыж қайнап сала берген сияқты. Осыған орай желілік полиция бөлімінің жұмысымен жете танысуды мақсат етіп, діттеген жерге жеттік.
Бізді желілік полиция бөлімінің ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының жетекші маманы Теңдік Малдынова қарсы алып, алдымен көліктегі полиция органының тарихымен таныстырды. 1920 жылы Омбы губревкомының бұйрығымен Петропавл станциясында желілік темір жол милиция бөлімшесі құрылып, Есілкөлден Макушиноға дейінгі аралық қызмет көрсету аумағы ретінде бекітілген. Штат бірлігі 49 адамды құрап, Петухово, Тоқшын, Мамлютка, Булаево желілік станциялары бойынша кіші милиционерлер тағайындалған. Оларға темір жол бойын және көліктегі темір жол нысандарын бандиттер мен алыпсатарлардан қорғау міндеті кірген. Қысқаша курстарда тергеу, сот ісін жүргізу, совет заңнамаларын білу, саусақ іздерін алу, әскери және саяси дайындық, криминалистік жұмыстар жайлы үйретіліп, құрам адал, шыншыл, тәжірибелі азаматтармен толыққан. Аса маңызды мақсаттардың бірі пойыздарда, вокзалдарда қараусыз, бетімен жүрген балаларды ұстау болғандықтан, арнайы бөлмелер ашылып, қаңғырып, аш жүрген жасөспірімдер әкелінген. Сол кезде елде олардың саны 5 млн.-ға дейін жеткен. Милицияның патрульдік қызметіне айрықша көңіл бөлініп, пост сақшыларының рөлі арттырылған. Әсіресе жүктердің тиісті орынға толық жетуі, талан-таражға жол бермеу жағы қатты қадағаланған. 1962 жылы бөлімше Оңтүстік-Орал темір жол құрамына берілсе, 1993 жылы қазіргі мәртебесін иеленген.
Мұнда ата, әке жолын қуған отбасы әулеттері аз емес. Мәселен Н.Беляев саналы ғұмырының 30 жылын осы салаға арнаса, ұлы ширек ғасырдан астам еңбек етіп, подполковник шенінде зейнетке шыққан. Г. Селищев Омбы жоғары милиция мектебін бітіріп келген соң әке ісін жалғастырған. Жергілікті ардагерлер кеңесінің бастамасымен ғимарат қасбетіне 1947 жылы қаскүнемдердің қолынан қаза тапқан Р. Волошенконың құрметіне мемориалдық тақта орнатылған.
Петропавл станциясындағы ЖПБ бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Серік Қаражігітовпен арадағы әңгіме полиция қызметкерлерінің өздеріне сеніп тапсырылған міндеттерді қандай жауапкершілікпен атқарып келе жатқанына ойысты.
– Бүгінде теміржол және әуе жолы көлік нысандарындағы қоғамдық қауіпсіздікті сақтау шаралары дәйектілікпен жалғасып келеді. Бұл орайда жеке құрамның жұмысқа қабілеттілігі, құқықтық сауаттылығы, қылмысқа қарсы күрес жолдарын терең меңгеруі өте маңызды. Бұдан бөлек, ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашудың, сапалы тергеудің мәні айрықша,–деген Серік Қайыргелдіұлы пандемия кезінде тоқтап қалған халықаралық қатынастағы жолаушылар пойыздары 2022 жылдың маусым айынан бері жүйелі түрде қатынай бастағанын жеткізді. Оның айтуынша, желілік полиция қызметіндегі негізгі көрсеткіш – сенім деңгейі. Әсіресе қоғамдық орындарда құқық тәртібін қадағалау мен қылмыстардың алдын алу шаралары қарастырылып, жолаушылар күні-түні суша сапырылысып жататын темір жол бойында патрульдік полицейлер мен жасақтар саны көбейтілген. Вокзалдар маңында орналасқан оқу орындарында жедел бақылау орталығына тікелей шығатын бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді. Рейд барысында бөлімшенің заманауи техникалармен, компьютерлермен, дактилоскопиялық фото-бейне аппараттармен жабдықталғанына көз жеткіздік.
ЖПБ бастығының бірінші орынбасары шекаралас елдің тәртіп сақшыларымен арадағы әріптестік қарым-қатынасқа да тоқталып өтті. Омбы, Қорған, Есілкөл, Петухово станцияларындағы желілік бөлім кезекшілерімен ынтымақтастық өз жемісін беріп келеді. Жедел уәкілдер арасындағы байланыс тәулік бойы үзілмейді. Қандай да құқық бұзушылық байқалған жағдайда бір-бірін жедел түрде хабардар етіп отырады. Перрондарда жолаушылардың қауіпсіздігін сақтау вокзалда кезекшілік атқаратын полиция жасағына жүктелген. Сонымен бірге мемлекетаралық қызмет көрсету аясында жүйелі түрде өтетін қостараптық кездесулердің пайдасы мол.
“Жұртшылыққа темір жолдың қауіпті аймақ екенін қанша ескертсек те, қарапайым талаптарды орындамаудың салдарынан қайғылы оқиғалар кездеспей қоймайды. Сараптау-талдау мониторингі төтенше жайттардың дені спирттік ішімдік ішуден болатынын айғақтап берді. Былтыр темір жол бойында екі қайғылы оқиға тіркелді. Өкінішке қарай, екеуі де адам өлімімен аяқталды. Жолдан өту ережелерін сақтамау, бұл мәселеге салғырт қараудың ақыры жақсылыққа соқтырмайтынын әркім білгені жөн. Биыл профилактикалық жұмыстардың күшейтілуі өз нәтижесін беріп отыр. ЖПБ қадағалайтын аумақта бірде-бір қайғылы оқиға орын алған жоқ”, – деді Серік Қаражігітов.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан бас вокзалға күніне ондаған мың адам кіріп-шығады. Нысанда өткізу пункттері қойылған. Бейнебақылау камералары жұмыс істейді. Осы нысанның тыныштығын қадағалайтын желілік полиция қызметкерлерінің құзырына аудандардағы үш аумақ және халықаралық әуежай қарайды.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл құрылымының жетекшісі, полиция майоры Дәурен Баяхметовтің сөзіне қарағанда, осы жылдың 9 айында қауіпсіздік саласы бойынша – 1248 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. 2808300 теңге айыппұлдың 69 пайызы өндіріп алынған. “Нөлдік төзбеушілік” шеңберінде 99 әкімшілік хаттама толтырылған. Ұсақ бұзақылық жасағандар, қоғамдық орындарды ластағандар, спирттік ішімдік ішкендер, мас күйінде жүргендер жауапкершілікке тартылады. Өйткені вокзалға тәулігіне 20-ға жуық пойыз келіп тоқтайтындықтан, жұртшылық тыныштықты, ешкімнің бейсауат мазаламауын қалайды. Петропавл – Қызылорда бағытында қатынайтын жүрдек пойыздың жолаушылар вагонының басшысы Әсет Маралбаевпен сөйлескенімізде вагондарда ішімдік ішкен, темекі тартқан жандар жоқтың қасы екенін, бұрынғыға қарағанда қоғамдық тәртіптің әлдеқайда жақсарғанын, жолаушылардың жауапкершілігі артқанын, бұған полиция жасақтарының зор ықпал етіп отырғанын тілге тиек етті. Жолаушылар вагондарына тексеріс кезінде кинолог мамандардың да қатысқанына куә болдық. Кинология қызметіне көбіне Рекс есімді ит тартылатын көрінеді. Күшік кезінен қолға үйренген төрт аяқты “достың” иіс сезу түйсігі өте жоғары. Егер ит бір жолаушыға жақындап күдіктене бастаса, ол адам жіті тексеріледі.
Қазір халықаралық сауда-саттық пен әріптестік байланысқа шектеу жоқ. Шекара асып, ағылған ішкі-сыртқы миграцияның қарқыны күшті. Өңірге өзге аймақтардан және шетелдерден келушілер көп. Жолаушылардың дені ұшақ және пойызбен қатынағанды қолайлы көреді. Бұл орайда ІІМ көліктегі полиция департаментіне қарасты Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметі орасан.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltustik Qazaqstan”.