Әдебиетте оқырманды шым-шытырық оқиғаларға бастап, із кесушілердің басынан өткен түрлі жайттарды баяндайтын детектив дейтін жанр бар. Батыс әдебиетінде әлдеқашан қалыптасып, көпке танылып үлгерген бұл жанр қазақ әдебиетіне кеш келді. Кеш келсе де қалың оқырманның ықыласына бөленіп, қаламгерлердің есімін әйгіледі. Аталған жанрдың қазақ даласында өркен жаюына әсер етіп, негізін салған жазушы – Кемел Тоқаев. Биыл детектив жанрының дарабозы атанған тұлғаның туғанына 100 жыл толуына орай еліміздің түкпір-түкпірінде әдеби шаралар өтуде. Соның бірі Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Әдебиеттің кемел тұлғасы” деген атаумен ұйымдастырылды.
Әдеби кеште баяндама жасағандар Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармашылығына тереңнен тоқталды. Зұлмат жылдарда Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласында әкесі мен шешесінен, жалғыз қарындасынан трагедиялық жағдайда айрылып, аңырап қалған Кемел бала ағасы Қасыммен бірге балалар үйінде тәрбиеленеді. Ол жылдардағы балалар үйінің тұрмысы қоғамдағы нәубеттен артық болмаған, сондықтан өздерінің ендігі сүйенері тек білім екенін сезген балалар сабақтарын бас алмай оқып, жақсы азамат болып шығады. Өзінен бір-екі жас қана үлкендігі бар Қасым ағасы Кемелге ендігі өмірінде арқа сүйер панасындай болады. Бірақ оны да сұм соғыс жалмап, 1942 жылы Ржев түбінде қаза табады.
Кемел Тоқаевтың өзі де 1942 жылы әскерге алынып, 2,5 жыл соғысып, ауыр жарақаттан Гомель, Омбы әскери госпиталдарында емделіп, саптан босатылады. 1945 жылы ҚазМУ-ге түсіп, оны 1948 жылы аяқтап, Жамбыл өңірінің облыстық газетіне жолданады. Осыдан әрі оның қаламгерлік өмірі басталады.
Жазушының 17 жыл бойы табан аудармай қызмет еткен жұмыс орыны Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің жаршысы басылымы. Осы басылымның бас редакторы бола жүріп оның детектив жанрында жазған “Қыс қарлығашы”, “Болашақ туралы ойлар”, “Түнде атылған оқ”, “Қастандық”, “Арнаулы тапсырма”, “Сарғабанда болған оқиға”, “Таңбалы алтын” атты кітаптары қазақ және орыс тілдерінде жарық көреді. Осы тақырыпқа жазылған жазушының соңғы романы – “Соңғы соққы”.
Шара барысында жазушының өмір жолы және шығармашылығы туралы баяндамаларды жиналған қауым зор ықыласпен тыңдады.
Кешке жиналғандар кітапхана қорынан алынған кітаптар мен материалдардан тұратын “Қаламы қарымды қаламгер” атты көрмені тамашалады.
Жақсыбай САМРАТ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.