«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САҢЫРАУҚҰЛАҚ ӨСІРМЕК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қаладағы “Raduga KDR” ЖШС компаниясын аралап көріп, өндіріс нысанының жұмыс барысымен танысты. “Raduga KDR” – картон-қағаз комбинаты, металл-пластик өнімдерін жасау зауыты мен тұрмыстық химия өнімдері фабрикасы сияқты бірнеше өндіріс орындарын біріктірген үлкен компания.

Ең алдымен “Raduga KDR” ЖШС-ның полимерлі қаптама қалдықтарын жинайтын және қайта өңдейтін ірі кәсіпорнына ат басын тіреген облыс әкімі зауыттан шығарылатын бес жүзден астам әртүрлі санаттағы өнімдермен танысты. Ал компанияның картон-қағаз комбинаты – жылына 10 мың тоннадан астам өнім сатып, ел экономикасына үлес қосып отырған өндіріс орны.

“Комбинат орама картон, гофро-картон, жұмыртқа сақтайтын қаптама сияқты өнім шығарады. Жалпы инвестиция – 6 млрд. теңгені құрайды. 70 пайыз макулатура, 30 пайыз целлюлозадан тауар өндіріп шығарамыз. Комбинатымыз ішкі нарықта – 60, экспортта – 40 пайыздық көрсеткішпен сауда жасап отыр”, – дейді кәсіпорын  басшысы Дмитрий Шарапаев.

“Raduga KDR” серіктестігінің азық-түлік өндірісі фабрикасында жүгері таяқшалары өндіріледі, жарма мен ұн қапталады, тез дайындалатын кеспелерге арналып тұздықтар мен дәмдеуіштер шығарылады. “Мұнда 100-ден астам адам жұмысқа тартылған. Күнделікті 4800 тонна құрғақ таңғы ас өнімін және 2400 тонна жүгері таяқшаларын өндіреміз. Фабриканың өндіріс көлемі жыл артқан сайын артып келеді. Тұтынушылар тарапынан да сұраныс көбеюде. Сол себепті, жаңа жабдықтар алып,  өндіріс көлемін ұлғайттық”, – деді цехтың қазіргі кезде атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырған Дмитрий Шарапаев.

“Raduga KDR” серіктестігі – нарықта “Добрая рать” бренді  арқылы жұртқа танымал көпсалалы  компания. Оның ел аумағында 12 филиалы жұмыс істеп тұр.

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов “Raduga KDR” компаниясының жылыжайын да көрді. Заманауи технологиямен жабдықталған жылыжай жобасының жалпы құны – 7,2 млрд. теңге. 5 гектар аумаққа салынған жылыжайда жылына 1460 тонна қызанақ, 1319 тонна қияр және 170 тонна салат жапырағын өсіру жоспарланып отыр. Ал саңырауқұлақ өсірілетін екінші жылыжай фермасының инвестиция құны – 4,5 млрд. теңге. “Саңырауқұлаққа деген сұраныс соңғы жылдары күрт артты. Әрі біз саңырауқұлақ өсіруге қолайлы аймақта тұрып жатырмыз. Бізде құнарлы топырақтан бастап, табиғи тыңайтқыштар мен көкөніс өсіруге арналған барлық қажетті дүниелер бар. Осыны ескере отырып, біз де қысы-жазы үздіксіз саңырауқұлақ өсіріп, облыс пен  еліміздің басқа да аймақтарына сатуды көздеп отырмыз. Жылына шамамен 1100 тонна саңырауқұлақ өсіру жоспарда бар. Жобаның жүзеге асуы 2024-2025 жылдарға белгіленген. Саңырауқұлақ өсірілетін жылыжайда 45 жұмыс орны ашылады. Дәл осындай жылыжай Қазақстанда бізде және Алматыда ғана бар. Осы кәсіппен айналысатын басқа елдердегі әріптестеріміз саңырауқұлаққа деген сұраныс мол екенін айтты. Өйткені саңырауқұлақ – витаминдерге бай, сонымен қатар құнарлылығы жағынан етке ұқсас көкөніс түрі”, – дейді Дмитрий Шарапаев.

Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Самат БАЙҒАЗЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp