«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Шәкірт жанының шырақшысы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұстаздық – қай кезде де сыйқұрметке лайық, сұранысқа ие мамандық. Қарапайым жұмысшы да, ел басқарып отырған басшы да, ғалымдар мен өнертапқыштар да, әлемге танымал өнерпаздар да ұстаз алдынан өткен. Сондықтан ұс­таздар күні – елімізде орны бөлек мерекелердің бірі. Петропавлдағы Жастар сарайында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің қатысуымен ұстаз­дар күніне арналған салтанатты жиын өтті.

Өңір мұғалімдерін кәсіби мере­келерімен құттықтаған облыс әкімі шәкірт жанының шырақшысы атан­ған тұлғалардың қоғамдағы орны мен маңызына тоқталды.

– Балаға білім беру ісі жоғары құндылыққа ие. Сондықтан кез кел­ген қоғам жас ұрпақты тәрбиелеуге үлкен мән береді. Ұстаз – ұлағатты мамандық иесі. Шәкірттеріне білім, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиет­терді бойына дарыту жолында мұ­ғалімнің еңбегі зор. Ұстаздар қауымына мемлекет әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Білім сапасын жаңа деңгейге көтеру жолында шығар­машылық табыс тілеймін. Мұғалім құрметке ие болса, бақытты оқушы тәрбиелейді. Сіздерді сыйлайтын, еліне адал қызмет ететін шәкірттеріңіз көп болсын, – деді облыс әкі­мі Ғауез Нұрмұхамбетов. 

Халқымыздың батыры Бауыржан Момышұлының “Ұстазық ұлы емес ұлық қызмет, себебі ұр­пақ­ты ұстаз тәрбиелейді” деген сөзі бар. Өмірге ұрпақ берген аналарды қа­лай ардақтасақ, сол ұрпаққа са­па­­лы білім беретін ұстаздарды со­лай ардақтауға міндеттіміз. Осы орайда Мемлекет басшысының бас­тама­сымен 2019 жылы “Педагог мәрте­бесі туралы” Заң қабылданғанын айта кеткен жөн.

Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Сонымен қатар балабақша тәрбиешілерінің еңбекақысы 30 пайызға көбейді. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталып, ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп отыр. “Болашақ” бағдарламасымен соңғы үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріліп отыр.

Салтанатты шарада осындай талап үдесінен көрініп, зор жетістіктерге жетіп жүрген Уәлиханов ауданындағы Өндіріс орта мектебінің тарих және география пәндерінің мұғалімі Жұмабай Құдайқұловқа сөз берілді.

– Ұлы ақын Мағжан Жұмабаев  “Алаштың басы қосылса, төр – ұстаздікі” деген болатын. Бүгін ұстаздарды төрге шығарып, марапаттап, жеткен жетістіктерімен, қуаныштарымен бөлісіп жатқандарыңызға рақмет. Ұстаздың адынан ғалым да, ғұлама да өткен. Ендеше бүгінгі алып жатқан марапатымыз – біздің өңірдің барлық ұстаздарының марапаты деп есептеймін, – деп жүрекжарды лебізін білдірді.

Жиын барысында кеше ғана Мемлекет басшысының қолынан “Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы” құрметті атағын алған Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Айжан Қапезованың еңбегі ерекше аталды. Сонымен қатар оқушылардың бойына адамгершілік қасиеттерін дарыту, достыққа, адалдыққа баулу жолында тынымсыз еңбектері үшін бірқатар ұстаздар облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен, “Еңбек ардагері” медалімен, “Мағжан Жұмабаев” төс белгісімен марапатталды.

Ұстаздардың кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара мерекелік концертке ұласты. Онда  жергілікті өнерпаздар ән-күйден шашу шашып, мерекелік көңіл күй сыйлады.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Самат БАЙҒАЗЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp