Облыс прокурорлары ветеринарлық қауіпсіздікті тексеріп, нәтижесінде осы салада бірқатар заң бұзушылықты анықтады. Ведомство өкілдерінің мәліметінше, ветеринарлық қызметтер “Ветеринария туралы” Заңның талаптары сақталмастан жүргізілген. Сала мамандары ірі қара малға диагностикалық зерттеулерді толық көлемде жүргізбей, ветеринарлық құжаттарды беру және жануарларды вакциналау тәртібін бұзған.
Бұдан басқа ветеринариялық құжаттарды қолдан жасау фактілері анықталды, олардың ішінде ет өнімдеріне қатысты жалған ветеринарлық анықтамалар және вакцинация актілері бар. Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша 4 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Аудан әкімдіктері ветеринариялық ережелердің талаптарын бұза отырып, мал қорымдарын тиісті деңгейде күтіп-ұстамаған. Сонымен қатар арнайы пункттерде емес, жеке аулада мал сою әлі жалғасып келеді. Қадағалау органының актісі бойынша 24 лауазымды тұлға, оның ішінде облыстық ветеринария басқармасының басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды, жол берілген заң бұзушылықтарды жою және осы саладағы жағдайды жақсарту бойынша кешенді жоспар әзірленді. Малды белгіленбеген жерлерде, яғни аулада сойған тұрғындарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.