«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Балабақша қызметкері туберкулез жұқтырған

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлдағы “Балдәурен” балабақшасының қызметкерінен туберкулез дерті анықталды. Аурудың таралуын болдырмау мақсатында мекемеде дезинфекция жүргізілген. Алайда ол түсте, балалар ұйықтап жатқан уақытта жасалыпты. Бұл жағдайды тәрбиешілер ата-аналарға алдын ала ескертіп, бүлдіршіндерді балабақшадан ертерек әкетуді сұраған.

“Дезинфекция жұмысын балалар кеткен соң немесе демалыс күні де жүргізуге болатын еді. Мамандар балалар ұйықтап жатқан кезде бактерияны өлтіру үшін бөлмелерге арнайы заттарды сепкен.  Ағзаға түскен улы зат сәбилердің денсаулығына орасан зиян келтіруі мүмкін. Қауіпті дертке шалдыққан қызметкердің балалармен байланыста болғаны да бізді алаңдатып отыр. Қалай бұған жол берілген?” – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Әсел Әбутәліпова.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, орын алған оқиғаға байланысты қызметтік тергеу жүргізу үшін құрамына денсаулық сақтау және білім беру саласының мамандары кіретін комиссия құрылған.

“Бұл жағдай жыл сайынғы профилактикалық тексеру аясында анықталды. Қазіргі уақытта қызметкер уақытша еңбекке жарамсыздық парағы негізінде жұмыстан босатылды.  Дезинфекция орталығының қызметкерлері балабақшаны залалсыздандырды. Өңдеу екі кезең бойынша жүргізілді: “тынығу уақыты” кезінде бассейн, ойын бөлмелері, дәліздер өңделді, сағат 19:00-ден кейін балабақшаның барлық басқа бөлмелері дезинфекцияланды. Науқаспен қатынаста болған балаларға манту сынамасы қойылады”, – делінген ведомствоның ресми жауабында.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp