Қазақ халқы әлімсақтан жеті санын ерекше қастерлеген. Тіл-көзден сақтайды деген ырыммен жеті жасқа дейін баласының шашын өсірген. “Жеті рет өлшеп, бір рет кес” деген нақылды өмірлік ұстаным еткен де біздің халқымыз. Тілі шықпаған сәбиі бар ата-ана “Тілі жеті жаста шығатын баланың ғұмыры елмен тығыз байланыста болады”, – деп ырымдайтын болған.
ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде Маңғыстау түбегінде өмір сүрген Адайдың өнерпаздары, әрі әншілерін “Адайдың Жеті Қайқысы” деп атағанын білеміз бе? Олар: күйші-домбырашы, әнші, әрі жыршы Жаңай – Өскінбай Қалмамбетұлы, әнші әрі күйші-домбырашы Қаржау – Тұрсын Алдашұлы, әнші, жыршы Кенже – Әділ Өтеғұлұлы, Мая – Досат Бәймембетұлы, Медет – Жылгелді Теңізбайұлы, Жаманадай – Тастемір Боранқұлұлы және Майлан – Шолтаман Байсарыұлы деген әншілер. Осы жеті өнерпаз жұбын жазбай бірге жүріп, Маңғыстау, Хиуа мен Хорезм аймағын, Жем мен Жайық бойын аралап, өнер көрсеткен. XVII ғасырда Қазақ хандығының ыдырау қаупінің тууына байланысты елдің ауызбірлігін арттыратын шаралар қарастырып, хандық билікті нығайтуға күш салған Тәуке ханның “Жеті жарғысы” да жеті санының киелі екенін айғақтайтындай.
Халқымыз жеті санын қасиетті санап, аспан әлеміндегі, жердегі, тұрмыс-тіршілігінде пайдаланған заттарға жеті деген айдар таққан. Мысалы, жеті қат көкке жататындар: Ай, Меркурий, Шолпан, Күн, Қызыл Жұлдыз (Марс), Юпитер, Сатурн. Жеті ғалам: күншығыс, күнбатыс, түстік, терістік, аспан-жоғары ғалам, Жер – орта ғалам, Жер асты – төменгі ғалам. Лəйлі-Мəжнүн, Жүсіп-Зылиха, Фархат-Шырын, Сейпіл-Мəлік-Жамал, Тахир-Зухра, Қозы Көрпеш-Баян Сұлу, Бозжігіт-Ануазды жеті ғашық деп әспеттепті. Зілзала, соғыс, өрт, сел, қуаңшылық, індет, ақ қаркөк мұзды жеті жұтқа жатқызыпты. Күннің тоқырауы, қарашаның қайтуы, Үркердің батуы, мұздың қатуы, киіктің матауы, тоқсанның кіруі, Айдың тоғамы жеті амал саналады. Үйрік ат, қаққыш тазы, алғыр қыран, түзу мылтық, қара қазан, алмас кездік, шаңырақ – мұның бәрі қазақтың жеті қазынасы.
Иә, жеті – ең ерекше сандардың бірі. Әлем халықтары да оны қасиетті, тылсым, таңғажайып, бақыт пен сәттілік әкелетін сан деп біледі. Мысалы, жеті Мысырда мәңгілік өмірдің нышаны, Осирис құдайының саны. Сондай-ақ олар жеті планета бар деп санаған. Шумерліктердің Лугуланнемунду атты патшасы өз қаласында Нинту ғибадатханасын тұрғызған екен. Бұл ғимараттың жеті қақпасы және жеті есігі болған көрінеді. Және ғимарат құрылысы аяқталған соң, жеті рет дәріптеліп, жеті өгіз бен жеті қой құрбандыққа шалынған. Ал Ежелгі Грекияда жеті – Аполлон нышаны. Аполлон айдың жетінші жұлдызында дүниеге келген. Оның лирасының (музыкалық аспап) жеті ішегі болған екен. Ислам дінінде де жеті санының орны ерекше. Мәселен, Алла Тағаладан пенделеріне түскен қасиетті кітаптардың бірі – Тауратта жеті саны 500 рет қайталанады. Ислам дәстүрінде жұмақтың жеті қақпасы, тозақтың жеті баспалдағы, Қағбаны жеті рет айналу деген ұғымдар бар болса, христиандарда жеті – жаратылыстың нышаны болып саналады. Тіпті өліні разы қылу үшін де аптаның жұмасында майдың иісін шығарып, жеті шелпек таратылатынын бүкіл қазақ біледі.
Жеті жазба, жеті ашу, жеті шырақ, жеті басты дәу, жеті нота, жеті батыр, аптаның жеті күні, жеті жел, жеті, жеті, жеті… Осылай өріле береді. Тіпті өлімге себепкер болатын жеті күнә бар. Олар: тамақсаулық, жалқаулық, нәпсіқұмарлық, өркөкіректік, ашу, қызғаншақтық және сараңдық.
Біз жеті санының киесі туралы тақырыпты жайдан-жай қаузап отырғанымыз жоқ. “Атың кім?”, “Әкеңнің аты кім?”, “Тегің кім?”, “Қай елденсің?”, “Руың қандай?”, “Жүзің қандай?” “Жеті атаңды білесің бе?” деген сұрақтарды қою қазақтың қанына сіңген әдет. Өкініштісі сол, осы сауалдарға мүдірмей жауап беретін жастардың қатары сиреп барады. Жеті атасын жатқа білмейтін ұрпақ көбеюде. Көпшілік жиналған отырыстарда аға буын өкілдерінің үй иесінің жас баласынан жеті атасын сұрап, мардымды жауап ала алмағанына өз басым талай мәрте куә болдым.
Қызылжар ауданының тұрғыны, тіл жанашыры Жапар Төлегенов тегін білмейтін жастардың көбейіп бара жатқанына алаңдаулы.
– Атамыз қазақ “Жеті атасын білмеген жетесіз” деп бекер айтпаған. Сол сияқты “Жеті атасын білген ер – жеті жұрттың қамын жер” деген сөз де бар. Бұл тәмсілдерді сәл-пәл тәпсірлесек, жеті атасын біліп, қан жақындаспай туған ер – генетикалық тұрғыдан ақыл-есі толық, одан қалды атаның ақылын, ананың өсиетін тұлабойына сіңірген, туған топырағының қадір-қасиетін білетін, елшіл тұлға болып ержетеді де, жеті жұрттың қамын жейді. Мен мәдени жиындардан қалмауға тырысамын. Жеті атаны қажетсініп жатқан жандарды көргенде жаным ауырады. Ата, ру шежіресін жатқа білетін қарттар жоқтың қасы, – дейді ол.
Жалпы “жеті ата” ұғымы қайдан пайда болды? Бұған да тарих толқынынан жауап табасыз. “ХV ғасырда Керей мен Жәнібектің Қазақ хандығын құрғанын бәріміз де білеміз. Бірде Жәнібек ханның ақылшысы, кеңесшісі Жиренше шешен қатты ауырып, төсек тартып жатып қалыпты. Жақын жерлердегі талай белгілі емші, бақсыларды шақыртып қаратса да, еш ем қонбапты. Соңында атақты Өтебойдақ деген емші барын біліп, соны шақырады. Өтебойдақтың емінен кейін Жиренше дертінен айығыпты. Жәнібек хан емшіге риза болып, бірнеше сұрақ қойыпты.
– Қандай ауруды емдеу қиын?
– Тұқым қуалайтын ауруды емдеу қиын.
– Ал оның алдын алуға бола ма?
– Болады. Жеті атаға дейін туыс адамдар қыз алыспау керек!, – деп жауап беріпті емші.
Жеті – қазақ үшін қасиетті сан. Өтебойдақ емшінің айтқанын Жәнібек хан жадына тоқып, халыққа жеті атаға дейін үйленуге тыйым салыпты. “Кімде кім жеті атаға толмай үйленсе, өлім жазасына кесілсін” деген жарлық шығыпты. Содан бергі қазақ хандары да осы жарлықты бұлжытпай орындап отырыпты. Бұл үрдіс бес ғасыр бойы өз құдіретін сақтап келген.
Жеті ата, әке, ата, арғы ата, баба, түп ата, тек ата, тектін деп жүрсек тектіннен теркін, тұқиян, түп тұқиян деп өріліп кете береді екен. Ұлдың баласы – немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат, жүрежат, жекжат болады, жекжаттан жұрағат, жамағат, өркен, әулет, заузат, жаран, қалыс, әлде қалыс деп жалғасады.
Белгілі жазушы, этнограф Сейіт Кенжеахметұлы “Жеті ата деп кімді айтамыз?” атты ғылыми туындысында:
– Өз ұрпағына жеті атасын үйрету атадан балаға жалғасып келе жатқан қазақтың тәрбиелік дәстүрі екені аян. Мұның қандастық жағынан алғанда үлгі боларлық зор қызметі мен маңызын халқымыз ерте түсінген және осы ғұрыптан ауытқымай оны берік ұстанып келген. Енді осы қағиданың терең тамырына көз жіберейік. Біріншіден, жеті ата тәртібі туысқандық ағайындық бірлікті, ынтымақты ұстана отырып, бір ауыл, бір бауыр болып өмір сүрген. Бір рудың адамдары осы күнге дейін бір жерді мекендеп келе жатыр. Екіншіден, жеті атаға дейінгі туыс-туғандардың тұрмыс-тіршілігі де, күнкөрісі де, тұрған жер, суы да, өріс, қоныс, жайлауы да қысы-жазы қатар немесе бірге болады. Қиындықта бір-біріне демеуші, қамқоршы, пана, қуанышты да, реніш-қайғыны да бірге көтеріп бөліседі. “Туысы бірдің – уысы бір” деген сөз осыдан шыққан. Үшіншіден, бір атадан тараған туыстар мен жас ұрпақтар бірін-бірі жақсы таниды. Ағалы-інілі, апалы-сіңілі дегендей сыйластықта, бауырмалдықта бірге өседі”, – деп жеті атаның мән-мағынасын ашады.
Статистикалық есепке жүгінсек, соңғы жылдары елімізде ақыл-есі кем немесе физикалық тұрғыдан жетілмеген әлжуаз сәбилер дүниеге көп келіп жатқан көрінеді. Қазіргі уақытта өңірімізде бес мыңға жуық мектеп жасындағы мүмкіндігі шектеулі сәби бар. Жыл сайын денсаулығында ақау бар 41 нәресте дүние есігін ашады екен. Дәрігерлер бұл құбылыс экологиялық әсерден болуы ықтимал деген пайым айтуда. Бұл жеті ата дәстүрінің бұзылуынан болуы да әбден мүмкін. Бұл сөзімізді облыстық балалар ауруханасының дәрігері Арлан Болатұлы да қуаттап отыр.
“Жеті атаға жетпей үйленудің салдарынан ерлі-зайыптылардың балалары кембағал болып туып, әртүрлі генетикалық ауруларға тап болып жатады. Қазір сан түрлі тұқым қуалайтын дерттер пайда болуда. Осының барлығы қан тазалығының сақталмауынан орын алып жатқандай”, – дейді маман.
Дені сау, ақыл-есі бүтін ұрпақ – мемлекеттің байлығы. Еліміз алға бассын десек ата-бабаларымыз берік ұстанған жеті ата дәстүріне берік болғанымыз жөн.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.