«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Уақыт уыста тұрмайды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Дана Абай өзінің бір өлеңінде:

“Сағаттың шықылдағы емес ермек,

һәмишә өмір өтпек ол білдірмек”, –

деп жазады.

Ақын уақыттың уысымызда тұр­майтынын, әп-сәтте өтіп кететінін қа­лай дәл сипаттаған. Алла құзырын­да біз әр нәрсе үшін сұраламыз, ки­ген киімімізге, ішкен-жеген ас-суымызға, жұтқан ауамызға, денсаулы­ғымызға, алған білімімізді қайда жұм­сағанымызға тағысын тағы таусыл­майтын жауапкершіліктер мен мін­деттемелер. Солардың ішінде ең ма­ңыздысы әрі ең ауыры – уақыт ха­қында сұралуымыз. Уақыт – сұрағы ауыр, жауапкершілігі зор нығмет­тердің бірі. Сондықтан да уақытты дұ­рыс өткізудің өз талаптары бар.

Оның ең алғашқысы – амалдар­ды іріктеу. Уақытқа қатысты мұсылман­ның міндеті – сан алуан діни, дү­ниелік істерінің ішінде іріктеп, ма­ңыздыны маңызды еместен ажыр­ата білуі. Міндетті түрде ең маңыз­дысынан бастау қажет. Ол істі то­лық аяқтамайынша келесі іске көшу сізге тиісті нәтиже бермейді.

Сол секілді адам бір істі бастар­да бұл ісінің ол үшін рухани, дүниелік пайдасы бар ма, жоқ па деген сұ­рақтарды қоюы тиіс. Қазіргі уақытта адамдардың көп уақыты өзіне еш пайда әкелмейтін істерді атқарумен өтіп жатыр. Мысалы белгілі бір спортшының бір жылда қарсылас ко­мандасына неше доп салғаны, ойын барысына бұл қаншалықты әсер еткені, оның күнделікті өмірде киген киімі көбірек толғандырады, сол жайында ғаламтор беттерінен ақпа­рат іздеп, біраз уақытын кетіреді. Сізге сол қажет пе? Ия, әрине егер сіз­ге бұл мәліметтер шабыт беріп сол секілді болуға ұмтылсаңыз басқа мәселе.

Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мү­барак хадисінде:

“Көркем мұсылманның белгісі – өзіне қатысы жоқ нәрсені тастауы”,– деген.

Шынайы тақуа мұсылман өзіне пайдасыз болған істі тәрк етеді. Бұл оның иманының кәміл екені­нің белгісі. Ғалым Әбу Дәуіт әс-Са­жастани “адамның өзіне қатысы жоқ нәрсені тастауы оның иманының үштен бірі” деген.

Осыған қатысты екінші талап – бос уақытты тиімді пайдалану. Адам­дардың көбі бұл нығ­меттің қадірін толық түсініп, тиісінше қолдана алмауда.

Абдулла ибн Аббас бірде Пайғамбар­дың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізеді: “Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар, ол – денсаулық және бос уақыт”.

Осы күні көп адамдар қателік жа­сап, сол берілген уақытты тиісінше пайдалана алмай, харам істерге жұм­­сап, орны толмас өкінішке душар бо­лу­да. Мұсылман үшін бос уа­қыт мүл­дем болмауы тиіс. Тіпті адам тәндік, рухани істерден жалығып, үнсіз дем алып отырғанда да уақы­тын босқа кетірмей жақсы ойлар ой­лауы неме­се алға қойған жоспары­ның шешімін ойластыруы қажет. Қо­ғамдық көлікте, кезекте, жол кептелі­сінде тұрғанның өзінде ретін тауып, сол бір уақыттар­ды пайдаға асыруға асыққанымыз абзал. Көпшілік қолы қалт еткенде пайдасыз әңгіме-дү­кенге әуестене­ді, енді біреулер са­ғаттап телесе­риал­дар көреді, біреулер телефон арқылы ғаламтор бет­те­рін парақтайды, біреулер түнгі клуб­тарды жа­ғаласа, енді біреулер ащы суға құ­нығу үшін серіктестер іздейді. Сол се­бепті иманы әлсіз, рухы төмен адам­дар үшін бос уақыт – барлық жаман­шылықтың бастауы.

Ерте ме, кеш пе адам міндетті түрде өзіне есеп беруі тиіс. Жаңа жыл­ға қадам басарда өзіңізге мынан­дай сұрақтар қойыңыз: жылды қа­лай өткіздім? Пайдалы ма әлде пай­дасыз ба? Алға қойған мақсатта­рымның қаншасы орындалды? Тұл­ға ретінде өстім бе, өспедім бе? Жа­ман әдеттерімнен арылдым ба? Осы және басқа да сұрақтар қою арқы­лы адам өзінің қаншалықты дамы­ғанын біле алады.

Айлық есепке келер болсақ, өт­кен айда қанша бет кітап оқыдым, неше мәрте қонақ шақырдым, жал­пы отбасымның қажеттілігіне қан­ша шығын кетті? Олармен неше мәр­те табиғат аясында серуендеуге шық­тым деген сұрақтарды қою арқылы бір айлық ісімізді түйіндеуге болады. Күнделікті өзіне есеп бере ал­ған адам ғана бағыт-бағдарын дұ­рыстай алады. Ондай адамның ке­шегісінен бүгіні жақсы. Ғалымдардың “Есеп алынбай тұрып өздеріңе есеп беріңдер” деген сөзі де кө­бі­міздің ойлануымызға себеп.

Сонымен қатар адам алдына әрдайым жоғары мақсаттар қоя білуі тиіс. Алдына жоғары мақсаттар қоя біл­ген адам уақытына да бекем бо­лады. 19 ғасырда өмір сүрген аме­рикалық философ Джон Дьюи “Мақ­сатты тек азат, ерікті адам қоя біледі, құл мақсат қоя алмайды” – де­ген екен. Демек ерікті тұлға мен еркі жоқ адамның айырмашылығы да олар­дың мақсаттарында жатыр. Сол себепті де құл өз әрекеттерінің мәнді болуына еш мүдделі емес, өз жұмысының нәтижесі де оны қызық­тыра қоймайды. Оған бәрібір: іс ат­қарылып жатыр ма, жоқ па?! Құлға ең бастысы – уақыт өтсе болғаны. Қа­зіргі кезде көп адам осы құлдық сана-сезімнен арыла алмай жүр. Берілген уақытты пайдаға асыруға емес, керісінше жылдам өткізіп, сол уақытқа бөлінген нәпақасын алуға көбірек мүдделі.

Абай атамыз адамға жақсы-жаман дүние ата-ана, ұстазы және до­сынан жұғатынын айтады. Осылар­дың ішінде достыққа ерекше мән беру керек. Өйткені досты өзіміз таң­даймыз. Досымыздың қандай болуы біздің уақытымыздың қалай өтетіні­не әсер етпек. Әр адам дүниеге кел­геннен кейін, ес білгеннен-ақ жан дү­ниесіндегі сырын, мұң-шерін тарқатып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін дос іздейді. Досына қарап адам­ның өзін тануға болады. “Досы жақсы­ның – өзі жақсы” демекші ислам діні де жақсылармен бірге болуды үн­дейді.

Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: “Жаман дос пен жақсы дос­тың мысалы әтір сатушымен от үр­леушінің мысалындай. Әтір сатушыға келер болсақ, не ол саған сыйлық жасайды, не сен одан бір нәрсе са­тып аласың, не одан шыққан хош иісті сезесің. Ал от үрлеуші ұстаға келер болсақ, не ол сенің киіміңді күйдіреді, не одан шыққан сасық иісті сезесің”.

Пенденің жақсы жолдастан та­батын игілігі әтірдің жұпарынан әл­деқайда артық. Өйткені ол уақытын зая кетірмей тек пайдалы істерге жұмсайды, дініне және дүние тірші­лігіне пайдасы тиетін нәрсені үйре­теді, адал кеңес береді, пайдасыз істерден сақтайды, Аллаға бойұсынуға, ата-анаға жақсылық жасауға, туыстарымен арақатынасты үзбеу­ге үндейді, кемшіліктеріңді көрсетіп, түзетеді, сөйтіп сөзімен, ісімен не жү­ріс-тұрысымен көркем мінез-құлық­тарға үгіттейді. Адам баласы жол­дасынан және сұхбаттастарынан үлгі-өнеге алуға бейім келеді, олар­дың табиғаттары мен жан дүниелері біріккен жасақ тәрізді, бір-бірін жақ­сылыққа не жамандыққа бастайды.

Күнделікті өміріміздің бірқалып­ты, өзгеріссіз өтуі де адамның уақытты бағаламауына әсер етеді. Адамның нәпсісі жалығуға бейім келеді, күн­делікті бір істің қайталана беруі ол істен бетін қайтаруы мүм­кін. Істердің түрленуі адамды жаңа деммен іске кірісуге жол аша­ды. Ислам дінінде Алланың разы­лы­ғына апаратын амалдар сан алуан. Оларды рухани амалдар және тән­дік амалдар деп екіге бөлуге бо­лады. Рухани амалдарымыз намаз оқу, садақа беру, ораза ұстау, Құран оқу, ілім іздену және т.б. Бір сөзбен айтсақ адамның рухын байытатын амалдар тізбегі. Сонымен қатар тән­нің қалауын да беруіміз керек. Олар отбасымызбен бірге уақыт өткізу, спортпен шұғылдану, саяхаттау, сүйік­ті іспен айналысу (хобби), адал табыс табу т.б. Бұл екеуіне де адам баласы мұқтаж.

Жылдар сырғып, айлар, ап­талар, күндер бірінің артынан бірі өтеді, кетеді. Өмірдегі “әттең-ай” деп өкінетін шақтарыңды қайта артқа ай­налдырып, өзгерте алмайсың. Атақ­ты табиғин Хасан Басридың мынандай сөзі бар: “Әр өткен күн адам баласына былай айтады екен: “Ей адам баласы, мен жаңа күнмін, сенің амалдарыңа куәлік етудемін, егер өтіп кете барсам мен қайтып оралмай­мын”.

Енді бір сөзінде Хасан Басри былай деген екен:

“Ей адам баласы, шынында се­нің ғұмырың белгілі күндермен шек­теулі, егер бір күнің өтсе бір бөлігіңді жоғалтқаның”. Тағы бір сөзінде: “Ей, адам баласы! Күндізің сенің қона­ғың, онымен жақсы мәміледе бол, егер оны жақсы шығарып салсаң, ол саған мақтау айтып кете барады, егер күніңді пайдаға асырмасаң ол саған жамандық тілеп кетеді, түнің де дәл солай жасайды”.

Уақыттың қадірін білу – ол ер­теңгі күнге дайындық. Ертеңге дайындығы бар адамның ақыреттік, дүниелік істері жүйелі болады.

Хамзат ӘДІЛБЕКОВ,

“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp