Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов кезекті жұмыс сапарын Есіл ауданында жалғастырып, бірнеше әлеуметтік нысанды аралап, кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысты. Агроқұрылым басшыларымен, тұрғындармен кездесіп, толғандырып жүрген мәселелерді сұрады.
“Облыс бойынша астықтың 97,8 пайызы жиналса, ауданда жауапты науқан аяқталған екен. Өнімділік көрсеткіші жаман емес. Қысқа дайындық қызу қарқын алған. Серіктестіктердің тәжірибелі мамандармен қамтылғаны құптарлық. Алдағы уақытта да бірлескен ынтымақтастық байланыстарды үзбейтін боламыз”, – деді Ғауез Торсанұлы.
Аудан диқандары 218 мың гектар алқапқа егілген дәнді дақылдарды ұйымшылдықпен жинап алып, гектар берекелігі 14,5 центнерден айналған.
Өңір басшысы “Егін” ЖШС-ның 2010 жылы іске қосылған макарон-диірмен кешенінде болды. Мұнда жұмыс істейтін 97 адам жылына 3795 тонна ұн, 812 тонна макарон өндіреді. Өнім ішкі нарықпен қатар Түркіменстанға да жіберіледі. Жыл басынан бері 2822 тонна ұн, 606 тонна макарон өнімдері тұтынушыларға жолданған. 1-ші сұрыпты ұнның бір килограмы – 174, макарон – 260 теңге.
Бұдан кейін облыс әкімі Николаевка ауылына барды. Қалпына келтіру жұмыстарына жауапты “Гавар Компаний” ЖШС ұзындығы 5 шақырымнан асатын 3 негізгі көшеге асфальт төсеген. Бұл мақсат үшін бюджеттен 188,2 млн. теңге қаражат бөлінген. Серіктестік директоры Артур Саадян тапсырманың белгіленген уақытта атқарылатынын жеткізді. Бұған дейін облыс орталығындағы “Береке”, “Жас өркен” шағын-аудандарында асфальт төсеумен айналысыпты.
Өңір басшысы белгіленген міндеттемелердің кестеден кешіктірілмей орындалуын атап көрсетті. Мердігер компания жобаны қолға алып, оны уақытылы атқармаса, қаражатты игере алмаса, бірден “қара тізімге” енгізілетінін ескертті.
Асқар Игібаев атындағы орта мектеп жанындағы 40 балаға лайықталған интернатқа “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жүргізілген. Білім ошағының директоры Әмина Оспанова өңір басшысын атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Дәліз екіге бөлініп, оң жақ қанатқа – ұлдар, сол жақ қанатқа қыздар орналастырылған. Мұнда Бірлік, Қаратал, Спасовка, Сарман, Өрнек ауылдарының оқушылары тұрып оқиды.
Ғауез Нұрмұхамбетов Николаевка ауылының тұрғындарымен кездесіп, өтініш-тілектерін тыңдады. 1400-ден астам тұрғыны бар елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Кездесу барысында электр жарығының жиі сөніп қалатыны айтылды. Жалақының аздығынан маман тұрақтамайтын көрінеді. Осыған орай жауапты басқарма басшылығына тапсырма беріліп, еңбекақыны көтеру мәселесі пысықталатын болды. Облыс әкімі айтылған мәселелерді жеке бақылауына алатынын айтты.
Жансая ҚАЙЫПОВА.