Еліміздің дамуы мен әлеуметтік-экономикалық ілгерілеу жолындағы маңызды қадамдардың бірі сыбайлас жемқорлықты еңсеру болып табылады. Қоғамды жегідей жеген індетке қарсы тосқауыл қоюдың бір жолы – оған қарсы мәдениетті, яғни қоғамды жемқорлықтан жаппай жирендіру, адамдар бойында кіршіксіз адалдық сезімін қалыптастыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін айрықша атап көрсеткен болатын. Бүгінгі күні өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы адалдық, парасаттылық идеологиясын орнықтыруға, қоғамдық бақылауды күшейтуге бағытталған алдын алу жұмыстарын кешенді түрде жүргізуге басымдық беріліп, ерекше назар аударылып отыр. Шығыстың ұлы ғалымы Әбу Насыр әл-Фараби “Бақыттың мәні – парасаттылықта, әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде… адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, игілікке бағыттап отыруында” деуінде үлкен мән бар. Ғұламаның айтуынша, жаман мінезде жасампаздық, қайырымдылық жетіспейді, бақыт пен бақ-дәулетке жеткізетін жол таңдаусыз қалады. Жаман мінезді басшыда бұзық әрекет мүмкіндігі жақсылық жасаудан басым түседі. Теріс қасиет пен қылықтар бір-бірімен ұласқанда елдің ыдырауы мен құлдырауы жақын тұрады.
Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы шеңберінде 2022 жылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілді. Осы жылы “Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл” жобасының төртінші үлгілік базалық бағытын іске асыру басталды. Жоба шеңберіндегі бірінші кезең сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізуге бағытталды. Оның қорытындысы негізінде 5 ұсыныс әзірленіп, түгел дерлік орындалды. Осынау игі бастаманы жүзеге асыруға Қазақстан халқы Ассамблеясы, діни бірлестіктердің, этномәдени орталықтарының өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшылары тартылып, парасаттылық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық құндылықтары кеңінен насихатталды, басқаларға үлгі етілді. Облыс тұрғындары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі жұмыста “Qyzyljar”, “МТРА”, “Бірінші Солтүстік” телеарналарының, “Soltüstık Qazaqstan”, “Северный Казахстан” басылымдарының, ақпараттық порталдардың, әлеуметтік желілердегі топтардың ресурстары кеңінен пайдаланылды.
Биыл маусым айында БАҚ өкілдері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы үздік материалдарға өңірлік конкурс ұйымдастырылды. “Үздік телевизиялық жұмыс” аталымында “Qyzyljar” телеарнасының жүргізушісі Елена Горбань, “Үздік баспа басылымы” аталымында “Soltústik Qazaqstan” газетінің бөлім меңгерушісі Өмір Есқали жеңімпаз атанды.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшылығының қатысуымен брифингтер өткізіліп, “дөңгелек үстелдер” ұйымдастырылды. Облыстық “Қазақ тілі” қоғамы мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлеріне арнап патриоттық диктанттар жаздырды. “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік” жобасы аясында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің офицері Е.Әубәкірованың “Ассамблея жастары” РҚБ белсенді еріктілерімен және “Қоғамдық келісім” КММ қызметкерлерімен кездесуі өте әсерлі өтті.
Әділетті Қазақстан құру жолында Президент белгілеп берген саяси-экономикалық реформалар мен жаңару бағытын ұстана отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңды әрекеттер мен әділ шешімдерді жалғастыру алғы мақсат болып қала береді.
Асқар ХАБИБУЛИН,
облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы.