«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бірлескен жоба

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл шаруашы­лы­ғы және орман шаруашылығы уни­вер­ситетімен бірлесіп, ауыл шаруа­шылығы саласында зерттеулер жүр­гізіп, білікті кадрлар даярлау туралы келісімге келді. Сонымен қатар екі университет арасындағы әріптестік аясында ауыл шаруашылығын зерт­теу орталығы ашылмақ. Онда зерт­теушілер өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы және азық-түлік қа­уіп­сіздігі бағыттары бойынша зерт­теулер жүргізетін болады.

Бұл жергілікті университет өкіл­дерінің аспан асты еліндегі оқу ор­ны­мен жасаған алғашқы келісімі емес. Қос университет өкілдері бұған дейін де бірнеше рет кездесіп, бірқатар құжаттарға қол қойған. Оның нәтиже­сінде осы күні Қызылжарда шетелдік ғалымдармен бірлескен жобалар жүзеге асуда. Мәселен, университет қабырғасында құрғақшылық жағда­йында бидай сорттарын сынау бо­йынша зерттеулер жүргізілуде. Мұн­дай зерттеулер өңірдің табиғи ерек­шеліктерін ескере отырып жүргі­зіледі. Осылайша ашылған жаңа­лық­тар мен өнертабыстар өндіріске ен­гізіледі. Бүгінде өңіріміздің сүт өн­ді­ру бойынша алдыңғы қатарда еке­нін ескерген мамандар осы бағытта да жұмыс істеуде. Қос оқу орнының ма­гистранттар мен докторанттарға арналған арнайы бағдарламалары да бар.

– Біз агрономия, азық-түлік қауіп­сіздігі, агробизнес, агроменеджмент салалары бойынша бірлесіп жұмыс істейміз. Сонымен қатар оқытушы­лар­мен тәжірибе алмасу жұмысы да жалғасып келеді. Жуырда ашылған зерт­теу орталығы жаңа бағыттарға жол ашып, ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерді шешуге мүмкіндік береді, – дейді жергілікті университет ректорының міндетін атқарушы Рената Апергенова.

Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруа­шы­лығы университеті аспан асты елін­дегі агрономия саласында білім беретін ең ірі оқу орындарының бірі саналады. Қытайдың Шеньси про­вин­циясындағы университетте 20 мыңнан астам студент білім алады. 1934 жылы ашылған іргелі оқу орны ұзақ жылдан бері жергілікті және шетелдік студенттерге білім беріп келеді. М.Қозыбаев атындағы уни­верситеттің Жібек жолы бойындағы ғылым мен білім инновациясы альян­сына қосылуы екі жақты әріп­тестікке оң ықпал еткен.

Бұдан бөлек өткен айда универ­ситеттер арасында студенттер ал­масу бағдарламасы туралы келі­сім­ге қол қойылды. Бағдарлама ая­сында қаламызға Қытайдың жетекші агротехникалық университетінен 13 студент келді. Ал Қызылжардан Қы­тайға 11 білім алушы жіберілген.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp