Петропавлдағы Назарбаев зияткерлік мектебі виртуалды білім алу жобасын іске қосты.
Виртуалды мектеп – 5 және 6-сынып оқушыларын “Өркен” білім беру гранты бойынша Назарбаев зияткерлік мектептерінің 7-сыныбында оқуға конкурстық іріктеуге дайындайтын тегін білім беру платформасы. “Математика”, “Қазақ тілі”, “Орыс тілі”, “Ағылшын тілі”, “Жаратылыстану” пәндерінен оқу бағдарламалары білім берудің тиімділігін арттыруға, баланың ынтасы мен қажетті дағдыларын дамытуға және Назарбаев зияткерлік мектебіне түсуге дайындықты бастауға мүмкіндік береді.
Виртуалды мектепте оқу аяқталғаннан кейін оқушының қашықтан меңгерген тақырыптарды бекітуге арналған тапсырмаларды орындауы және қорытынды тестілеуден өтуі қажет. Қорытынды емтиханда ең жоғары ұпайдың 50 және одан да көп пайызын жинаған оқушылар демалыс кезінде Назарбаев зияткерлік мектептері базасындағы каникулярлы мектепке шақырылады.
Бұған дейін еліміздің барлық өңіріндегі Назарбаев мектептері жанынан ашылған виртуалды мектепте 22 949 оқушы білім алған. 4 574 оқушы “Өркен” білім грантын иеленген. 11 мыңнан астам талапкер шекті ұпай жинап, өз облыстарындағы каникулярлы мектепте оқуларын жалғастыруда.
Еліміздегі жалпы білім беретін мектептердің 6-сынып оқушыларына арналған NIS виртуалды мектебіне тіркелу 2023 жылдың 18 желтоқсанына дейін жүргізіледі.
“Qyzyljarnews.kz”.