Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бас шаhардағы құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аралап, қайта бақылау жүргізді. Сондай-ақ көпқабатты үйлерді абаттандыру мен емханалар құрылысы бойынша жұмыстардың аяқталуын тексерді.
Алдымен “Alageum Elektrik” ЖШС-ның ұжымы үшін салып жатқан 100 пәтерлік жаңа тұрғын үйге барды. Мұнда баспана маңайын абаттандыру мен коммуникация жүйелерін тарту қызу қолға алынған. Өңір басшысы бұл жұмыстарды мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Бұдан кейін Парк және Горький көшелеріндегі көппәтерлі тұрғын үйлер мен Театр және Потанин көшелеріндегі жол учаскелерінде болды. Тұрғындарды жол жайы қатты алаңдатып отыр. Әсіресе жауын-шашынды күндері жүріп-тұру қиын.
“Құрылыс жұмыстарының белгіленген кестеден кешігуі осы істерге жауапты мердігерлерді бірінші кезекте ойландыруы тиіс. Жұртшылықты әбігерге салып қоюды қалай түсінуге болады? Тез арада нақты шаралар қабылданбаса, басқа асфальт зауыттарымен келісімшарт жасасуға тура келеді”, – деді Ғауез Торсанұлы.
Проблемалы нысандардың бірі – “Береке” шағынауданындағы 600 пәтерлі алты үй. Коммуникациялық желілер тартылмағандықтан отбасылар қоныстана алмай отыр.
Учаскедегі техникалық қадағалау сарапшысы Виктор Ерощенконың сөзіне қарағанда, мәселе кәріз жүйесін орнату бойынша туындап отыр. Онымен “Қызылжар су” мекемесі айналысып жатқан көрінеді. Тартылатын құбырдың ұзындығы 300 метрге жуық.
Өңір басшысы құрылыс нысандарын аралау барысында Уәлиханов көшесінде салынып жатқан екі көпқабатты үйде болып, мердігер ұйымға нақты тапсырмалар жүктеді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.