Ұлтымыздың өткеніне көз жүгіртсек, терең ақыл, даналығымен, биік парасатымен ел құрметіне бөленген аналарымыздың аз болмағанын аңғарамыз. Күні кеше өткендей болып көрінетін ХХ ғасыр бұрымдыларымыздың өміріне көп өзгеріс әкелді. Сұм соғыс, тың игеру, қайта құру, тоқсаныншы жылдардың тоқырауы – осының бәріне де қазақ әйелі шыдас беріп, бойындағы асыл қасиеттерін жоғалтпай, ұлтымызды азып-тозудан сақтап қалды. Тарихтың талай ірі оқиғаларына куәгер болып, бүгінде ұрпағының қызығын көріп отырған Хадиша Бекназарова да осындай ардақты аналардың қатарында.
Хадиша Бекназарованың жастық шағы соғыс жылдарына тұспа-тұс келді. Ел басына күн туған алмағайып жылдары кейіпкеріміздің Шал ақын ауданының Социал ауылындағы отбасы қара жамылады. Алдымен кішкентай балалардың анасы қайтыс болып, кейін әкесі, бірнеше ағасы майданға аттанады. Хадиша Бекназарова бұл кезде бойжеткен еді. Ол бауырларына қамқор болды. 18-ден асқан шағында тұрмысқа шығады.
Қайсар қыз жастайынан ауыл өміріне араласып, бір жылдай кеңшарда хатшы болады. Бүгінгідей жүйрік техника жоқ кезде егіс даласында еңбек етіп, түнде айдың жарығымен астық жинайды.
– 1943 жылы тұңғышым дүниеге келді. Таңертең баланы енеме қалдырып алқапқа кетемін. Түсте салт атпен бір келіп кетемін. Содан кейін күн ұясына батқанша еңбек етіп, түнде үйге жетемін. Кейін мені басқа кеңшарға жұмысқа шақырды, – дейді Хадиша Бекназарова.
Тұрмыстың қамымен жүріп оқуға мүмкіндігі болмаған кейуана өсіп келе жатқан балаларының білімді болғанын қалапты. Ұлдары Самат пен Маратты басқа ауылдағы танысының үйіне орналастырып, қыздарын да ағайын-туысқа апарып оқытқан.
Заманның ауырлығына қарамастан қайсарлық танытып, талай қуанышы мен қиындығы мол жылдарды басынан өткерген әжей ғасырлық тойын бала-шағасының, немерелері мен шөберелерінің ортасында атап өтуді армандайды. Ол бүгінде 19 немересінен қырыққа жуық шөпшек сүйіп, ұрпағына өнегелі әңгімесін айтып, тағдырдың жазуымен, көптің тілеуімен 100 жылдық белесті аттағалы отыр.
– Соғыс жылдары қатты қиналғанымыз есімде. Кәрі-құртаң, бала-шаға, әйелдердің бәрі еңбек етті. Уақытпен санаспай, ауыр жұмыс істедік. Ауылдың сиырын таң атпай сауып аламыз да, соқаға жегеміз. Біздің бір қызыл сиырымыз зорығып өлді. Соқада жүргендер де – бұғанасы қатпаған жас балалар. Мұндай заманды ешкімнің басына бермесін. Кейінгі ұрпақ осыны көрмесе екен. Әйтеуір соғыс аяқталғаннан кейін тұрмысымыз түзеле бастады, – дейді кейіпкеріміз.
Қарт ананың сөзі нық, ойы сергек. Өткен күннің әр деталіне дейін есіне түсіріп, жаңылмай әңгімелейді. Әжеміз ұзақ жасаудың сыры – жақсылық жасап, ашуға берілмеуде екенін айтады. Ол жұрттың сөзіне ермей, жамандық атаулыдан бойын аулақ салып, қанағатпен, шүкірлікпен ғұмыр кешкен адамның өмірі ұзақ болатынына сенеді.
Фархат ТАСТАМБЕК.
Қызылжар ауданы.