«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒАСЫР ЖАСАҒАН КЕЙУАНА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлтымыздың өткеніне көз жүгіртсек, терең ақыл, даналығымен, биік парасатымен ел құрметіне бөленген аналарымыздың аз болмағанын аңғарамыз. Күні кеше өткендей болып көрінетін ХХ ғасыр бұрымдыларымыздың өміріне көп өзгеріс әкелді. Сұм соғыс, тың игеру, қайта құру, тоқсаныншы жылдардың тоқырауы – осының бәріне де қазақ әйелі шыдас беріп, бойындағы асыл қасиеттерін жоғалтпай, ұлтымызды азып-тозудан сақтап қалды. Тарихтың талай ірі оқиғаларына куәгер болып, бүгінде ұрпағының қызығын көріп отырған Хадиша Бекназарова да осындай ардақты аналардың қатарында.

Хадиша Бекназарованың жас­тық шағы соғыс жылдарына тұспа-тұс келді. Ел басына күн туған ал­мағайып жылдары кейіпкеріміздің Шал ақын ауданының Социал ауы­лындағы отбасы қара жамылады. Алдымен кішкентай балалардың анасы қайтыс болып, кейін әкесі, бірнеше ағасы майданға аттанады. Хадиша Бекназарова бұл кезде бойжеткен еді. Ол бауырларына қамқор болды. 18-ден асқан ша­ғында тұрмысқа шығады.

Қайсар қыз жастайынан ауыл өміріне араласып, бір жылдай кең­шарда хатшы болады. Бүгінгідей жүйрік техника жоқ кезде егіс даласында еңбек етіп, түнде айдың жарығымен астық жинайды.

– 1943 жылы тұң­ғышым дү­ниеге келді. Таңертең ба­ланы ене­ме қалдырып алқапқа ке­темін. Түсте салт атпен бір келіп ке­темін. Содан кейін күн ұясына бат­қанша еңбек етіп, түнде үйге жете­мін. Кейін мені басқа кеңшарға жұ­мысқа шақырды, – дейді Хадиша Бек­назарова.

Тұрмыстың қамымен жүріп оқу­ға мүмкіндігі болмаған кейуана өсіп ке­ле жатқан балаларының білімді бол­ғанын қалапты. Ұлдары Самат пен Ма­ратты басқа ауылдағы таны­сының үйіне орналастырып, қызда­рын да ағайын-туысқа апарып оқытқан.

Заманның ауырлығына қара­мас­тан қайсарлық танытып, талай қуанышы мен қиындығы мол жыл­дар­ды басынан өткерген әжей ға­сырлық тойын бала-шағасының, не­мерелері мен шөберелерінің орта­сында атап өтуді армандайды. Ол бүгінде 19 немересінен қырыққа жуық шөпшек сүйіп, ұрпағына өне­гелі әңгімесін айтып, тағдырдың жа­зуымен, көптің тілеуімен 100 жыл­дық белесті аттағалы отыр.

– Соғыс жылдары қатты қинал­ға­ны­мыз есімде. Кәрі-құртаң, бала-шаға, әйелдердің бәрі еңбек етті. Уақытпен санаспай, ауыр жұмыс істедік. Ауылдың сиы­рын таң атпай сауып аламыз да, со­қаға жегеміз. Біздің бір қызыл сиы­рымыз  зоры­ғып өлді. Соқада жүргендер де – бұғанасы қатпаған жас балалар. Мұндай заманды еш­кімнің басына бермесін. Кейінгі ұр­пақ осыны көр­месе екен. Әйтеуір со­ғыс аяқтал­ғаннан кейін тұрмысымыз түзеле бастады, – дейді кейіпкеріміз.

Қарт ананың сөзі нық, ойы сер­гек. Өткен күннің әр деталіне дейін есіне түсіріп, жаңылмай әңгімелей­ді. Әжеміз ұзақ жасаудың сыры – жақ­сылық жасап, ашуға берілмеу­де екенін айтады. Ол жұрттың сө­зіне ермей, жамандық атаулыдан бо­йын аулақ салып, қанағатпен, шү­кірлікпен ғұмыр кешкен адамның өмірі ұзақ болатынына сенеді.

Фархат ТАСТАМБЕК.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp