М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы саласында зерттеулер жүргізіп, білікті кадрлар даярлау туралы келісімге келді. Сонымен қатар екі университет арасындағы әріптестік аясында ауыл шаруашылығын зерттеу орталығы ашылмақ. Онда зерттеушілер өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі бағыттары бойынша зерттеулер жүргізетін болады.
Бұл жергілікті университет өкілдерінің аспан асты еліндегі оқу орнымен жасаған алғашқы келісімі емес. Қос университет өкілдері бұған дейін де бірнеше рет кездесіп, бірқатар құжаттарға қол қойған. Оның нәтижесінде осы күні Қызылжарда шетелдік ғалымдармен бірлескен жобалар жүзеге асуда. Мәселен, университет қабырғасында құрғақшылық жағдайында бидай сорттарын сынау бойынша зерттеулер жүргізілуде. Мұндай зерттеулер өңірдің табиғи ерекшеліктерін ескере отырып жүргізіледі. Осылайша ашылған жаңалықтар мен өнертабыстар өндіріске енгізіледі. Бүгінде өңіріміздің сүт өндіру бойынша алдыңғы қатарда екенін ескерген мамандар осы бағытта да жұмыс істеуде. Қос оқу орнының магистранттар мен докторанттарға арналған арнайы бағдарламалары да бар.
– Біз агрономия, азық-түлік қауіпсіздігі, агробизнес, агроменеджмент салалары бойынша бірлесіп жұмыс істейміз. Сонымен қатар оқытушылармен тәжірибе алмасу жұмысы да жалғасып келеді. Жуырда ашылған зерттеу орталығы жаңа бағыттарға жол ашып, ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерді шешуге мүмкіндік береді, – дейді жергілікті университет ректорының міндетін атқарушы Рената Апергенова.
Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университеті аспан асты еліндегі агрономия саласында білім беретін ең ірі оқу орындарының бірі саналады. Қытайдың Шеньси провинциясындағы университетте 20 мыңнан астам студент білім алады. 1934 жылы ашылған іргелі оқу орны ұзақ жылдан бері жергілікті және шетелдік студенттерге білім беріп келеді. М.Қозыбаев атындағы университеттің Жібек жолы бойындағы ғылым мен білім инновациясы альянсына қосылуы екі жақты әріптестікке оң ықпал еткен.
Бұдан бөлек өткен айда университеттер арасында студенттер алмасу бағдарламасы туралы келісімге қол қойылды. Бағдарлама аясында қаламызға Қытайдың жетекші агротехникалық университетінен 13 студент келді. Ал Қызылжардан Қытайға 11 білім алушы жіберілген.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.