Өңірде кәмелет жасына толмаған қыздар арасында жүктілік көбейіп барады. Мәселен, бүгінде балалықтан әлі қол үзбеген 49 қыз жүктілік бойынша есепте тұр. Ал 32 жасөспірім ана атанған.
Полиция департаментінің мәліметінше, үстіміздегі жылдың 8 айының қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстардың 17 фактісі тіркелген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары хабарлағандай, 32 жасөспірім босанып, 29-қыз уақытын күтіп жүр. Ал 10 жасөспірім жасанды түсік жасатқан.
– Жүкті болған жасөспірімдердің құқығы заңмен қорғалуы тиіс. Есепке тұрған кезде кәмелет жасына толмағанын білген емхана дәрігері дереу полиция органдарына хабарлайды. Олар бұған жол берген ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғауы тиіс. Қылмыстық кодекстің 122 бабына сәйкес, қыздың жасы он алтыға толмаған жағдайда онымен жақын қарым-қатынаста болу қылмыс саналады. Зорлықшы алты айдан бастап, үш немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айырылады, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Сәлімхан Сәбитов.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.