Отандық медицина заман ағымына сай дамып, озық тәжірибе өңірлерде де қолданысқа енгізіліп жатыр. Мәселен облысымыздағы кардиологиялық орталыққа жылына 3 мыңға жуық сырқат қаралып, дәрігерлер мыңнан астам, ал тәулігіне орта есеппен 20 шақты түрлі ота жасайды. Соның бірі – аорто коронарлы шунттау отасы. Кемінде 3 сағатқа созылатын бұл операцияның кімдерге жасалатындығы және отадан кейінгі оңалту жайында кардиохирург дәрігер Вячеслав Ким айтып берді.
Дәрігердің айтуынша, күретамырды аорто коронарлы шунттау – жүректің ишемиялық ауруымен ауыратын адамдардың денсаулығын қалпына келтіру мақсатында жасалатын, бүгінде кең таралған отаның бірі. Дәрілік терапия көмектеспеген жағдайда миокард инфарктісінің алдын алу үшін жүргізіледі.
“Аорто коронарлық шунттау операциясын жасаудағы мақсат – жүрек бұлшықетін қажетті қанмен қамтамасыз ету, тарылған қантамырда қан ағымын жақсарту. Хирургтардың міндеті – зардап шеккен коронарлық тамыр аймағында жүрек бұлшықетін артериялық қанмен толық қамтамасыз ету үшін жаңа арна құру. Ота нәтижесінде кейіннен миокард инфарктісінің пайда болу қаупі айтарлықтай азаяды. Стенокардия, ентігу, дәрі-дәрмектерге деген қажеттіліктің төмендеуінен науқастың өмір сүру сапасы жақсарады”, – дейді дәрігер.
Әдетте бұл ота 3-тен 6 сағатқа дейін созылады. Операцияның ұзақтығы оның күрделілігіне және науқастың жеке ерекшеліктеріне байланысты. Сондықтан белгілі бір отаның қанша уақытқа созылатынын алдын ала айту мүмкін емес. Шунттауды қажет ететін артериялардың көптігіне қарай операция соғұрлым ұзаққа созылады.
Жүрекке ота жасау үшін кеуде қуысының ортасына тілік жасалады, яғни ол төс сүйегінің ортасымен өтеді. Екінші тілік, дәрігердің айтуынша, аяққа жасалады. Хирургтар шунттауға қажет тамырды аяқтан алады. Аортокоронарлық шунттау кезінде аяқтан алынған тамырдың бір басы қолқаға тігіледі. Екінші ұшы коронарлық артерия тармағына жалғанады. Осылайша күретамырдың зақымданған немесе бітелген аймағы алынып, қанның дұрыс жүруі үшін қолайлы жағдай жасалады. Нәтижесінде жүректің дұрыс жұмыс істеуіне қажет қан отадан кейін жете бастайды. Артериялық немесе веноздық шунттар жеке клиникалық жағдайларға байланысты қолданылады.
“Аяқтағы тамыр отаның бұл түрінде үнемі қолданылмағанымен, жиі алынады. Аяқтың тамырлары әдетте салыстырмалы түрде “таза”, яғни атеросклерозға ұшырамайды. Сонымен қатар бұл тамырлар дененің басқа тамырларына қарағанда ұзынырақ және кеңірек. Тамыр алудан аяққа зиян келмейді, қан айналымы бұзылмайды. Операциядан кейінгі алғашқы апталарда науқастың аяғы аздап ауыруы мүмкін. Уақыт өте келе бұл қолайсыздық жойылып, науқас өзін қалыпты сезінеді”, – дейді кардиохирург.
Маман бітелген күретамыр дер кезінде емделмесе жүректің ишемиялық ауруына, тіпті миокард инфарктіне әкелуі мүмкін екенін айтты. Жүректің ишемиялық ауруы – бұл миокардтың артериялық қанмен қамтамасыз етілуінің салыстырмалы немесе абсолютті төмендеуіне байланысты пайда болатын жедел немесе созылмалы жүрек дерті. 90 пайыздан астам жағдайда жүректің ишемиялық ауруы жүрек бұлшықетін қанмен және оттегімен қамтамасыз ететін артериялардың бітелуінен болады. Атеросклероз кезінде бұл артерияларды ішкі жағынан май басады, салдарынан тарылып, жүрек бұлшықетіне қан аз түседі екен.
“Қан ағымының төмендеуінен науқастың кеуде тұсы ауырады. Бастапқыда физикалық немесе эмоционалдық жүк түскен кезде ауыратын болады. Кеудедегі ауырсыну – стенокардия ыңғайсыздық сезімін тудырады, сол иық, қолдары, мойын, тіпті жақ және тістері де қақсайды”, – дейді дәрігер.
Маманның айтуынша, бұл аурудың ең қауіпті салдарының бірі – инфаркттың пайда болуы, мұндайда жүрек бұлшықетінің бір бөлігі өледі немесе миокард инфарктісі пайда болады. Вячеслав Ким ота жасалатын науқастарды қорқыныш пен толқу сезімі билейтінін жеткізді. Бұл медицинада қалыпты жағдай саналады. Ота алдында науқасқа хирург келіп, онымен алдағы операцияның егжей-тегжейін талқылап, барлық сұрақтарына жауап береді. Анестезиолог тексереді, операция кезінде ағзаның өмірлік маңызды функциялары қалай сақталатыны туралы айтады. Ол сондай-ақ денсаулығына, бұрын жасалған оталар және операция кезінде қолданылуы мүмкін кейбір дәрі-дәрмекке аллергия туралы сұрақтар қояды.
Әдетте, аорто коронарлы шунттау операциясынан кейін науқастар профильдік бөлімде 7-10 күн өткізеді. Бірақ егер сырқаттың қосымша созылмалы аурулары болса, оның ауруханада ем алуы тағы бірнеше күнге ұзартылуы мүмкін.
Үйге жіберілгеннен кейін сырқатта әлсіреу сезімі болады. Пациенттер бұл әлсіздікті жүрекке жасалған операциямен немесе жүрек ауруымен байланыстырады. Ал іс жүзінде бұл бірер апта ішінде босаңсып үлгерген бұлшықеттердің әлсіреуі. “Бұлшықет күшін қалпына келтірудің ең жақсы әдісі – жаттығу жасау. Операциядан кейін әсіресе жаяу серуендеу тиімді, бірақ жүктемені біртіндеп арттырған жөн. Дозаланған жүктемелердің негізгі критерийі жүрек соғу жиілігімен байланысты, бастапқы кезеңде жүктемелер минутына 120 соққыдан аспауы керек. Егер сіздің жүрек соғу жиілігіңіздің көрсеткіші қандай да бір себептермен осы саннан асып кетсе, сіз қарқынды төмендетіп, отыруыңыз керек және денені демалдырғаныңыз жөн”, – дейді дәрігер.
Вячеслав Кимнің айтуынша, сырқаттар бұл отадан кейін қалыпты жағдайда өмір сүре алады. Инфаркт қаупін азайту үшін темекі шегуден бас тартқан дұрыс. Темекіні тастау, қан қысымын, салмақты бақылау, тұзды, майлы тағамдарды тұтынуды азайту – мұның бәрі денсаулықты ұзақ уақыт сақтауға көмектеседі. Пациенттердің отадан кейін жағдайы жақсарады, бұрынғыдай кеуде тұсы ауырмайды, стенокардия азаяды немесе толық жойылады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.